Жастар вандализмге қарсы
Кеше «Достық үйінде» «Қоғамдық келісім» мекемесінің ұйымдастыруымен Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің бастамасымен жүзеге асып жатқан вандализмге қарсы «Барынды бағала» жобасы аясында студенттер арасында облыстық эссе жазу байқауы өтті.
Сайыс жастардың қоғамдық мүлікке деген жауапкершілігін арттыру, азаматтық санасын қалыптастыру және вандализмнің алдын алу мәдениетін дәріптеуге арналды.
Жиын «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Мүбарак Жинақбаеваның сөзімен ашылды.
Сайысқа қатысып бақ сынаған өңірдегі жоғары оқу орындары мен колледждерден іріктелген 21 студент ұсынылған бес тақырыптың бірін таңдап, 60 минут ішінде қазақ немесе орыс тілінде эссе жазды. Үміткерлер өз жұмыстарында қоғамдық мүлікті қорғау, қоршаған ортаға жанашырлық таныту, ортақ құндылықтарды сақтау мәселелерін кеңінен қозғады.
Қазылар алқасының құрамында Жамбыл политехникалық жоғары колледжі қазақ тілі және әдебиеті пәнінің оқытушысы, педагог-зерттеуші Гүлсара Баярисова, №3 мектеп-лицейдің мұғалімі, педагог-зерттеуші Роза Илесова және облыстық Аналар кеңесі төрайымының орынбасары Сара Даузова болды. Қазылар эссе мазмұнының тереңдігіне, ой жүйелілігіне, авторлық ұстанымына, шығармашылық деңгейі мен тіл мәдениетіне мән беріп, жұмыстарды 100 балдық жүйе бойынша бағалады.
Байқау нәтижесінде I орын Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің студенттері Гүлім Асылбек пен Аня Богославецке бұйырды. II орынды «Білім» кәсіби гуманитарлық-техникалық колледжінің студенті Амира Камалова мен қазіргі заман гуманитарлық-техникалық колледжінің студенті Айзат Жұмаділ иеленді. III орын Жамбыл жоғары медициналық колледжінің студенттері Арууа Мырзабек пен Шерхан Искендеровке табысталды.
Жеңімпаздарға алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар берілді.
Жиын соңында ҚХА Аналар кеңесінің өкілдері қатысушыларға ізгі тілектерін білдіріп, мұндай мазмұнды шаралар жастардың қоғамдық жауапкершілігін арттырып, ортақ мүлікке жанашырлықпен қарау мәдениетін қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ