Әлеумет

Сұлулық пен нәзіктіктің символы

«Анаға тағзым» облыстық отбасылық даму әлеуметтік орталығында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, қазақ өнерінің көрнекті өкілі Меруерт Өтекешованың 75 жасқа толуына орай «Қазақтың Қыз Жібегі» атты танымдық-музыкалық әдеби кеш ұйымдастырылды.

Кеш барысында мерейтой иесінің шығармашылық жолы кеңінен таныстырылды. Әдеби кешке арнайы келген қонақтар қатарында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Қазақстанның Құрметті журналисі Асқарбек Сейілхан, Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының «Дәстүр және өнер» бөлімінің меңгерушісі Назым Қожамар, №3 мектеп-лицей директорының ғылыми-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, педагог-зерттеуші Мира Аханқызы болды.

Сонымен қатар «Анаға тағзым» орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали Меруерт Өтекешованың қазақ руханияты мен өнеріндегі айрықша орнына тоқталды.

Іс-шарада «Ерке сылқым» хореографиялық үйірмесінің өнерпаздары «Кербез қыздар» биін биледі. Сонымен қатар Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның жұлдызды жұбы, отбасылық дуэт Дулат пен Мейірім «Сен керексің» әнін орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Ал облыстық айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орталығының үйірме жетекшісі Сәрсенбай Абылқайыр фильмдегі Шегенің «Жекпе-жек» күйін шеберлікпен орындап, күй өнерінің құдіретін паш етті.

Сондай-ақ Төле би атындағы №8 гимназияның оқушысы Қонысбай Даниял Мұқағали Мақатаевтың «Анашым» өлеңін оқып, Сұлтанхан Даниял ән орындады.

Сымбат ҚУАНЫШ