Қоғам

Әйелдер кәсіпкерлігі – экономиканың қозғаушы күші

Бүгінде іскер әйелдер қоғамның барлық саласында белсенділік танытып, ел дамуына сүбелі үлес қосып келеді. Әсіресе кәсіпкерлік саласында нәзікжандылардың табандылығы мен жауапкершілігі айқын көрінеді. Олар қолға алған ісін ұқыптылықпен жүргізіп, тың бастамалар арқылы бизнесті жаңа деңгейге көтеруде. Әрбір жобасына шығармашылық көзқарас танытып, сапа мен жүйелілікке басымдық береді. Өңірімізде табысты еңбек етіп жүрген әйел кәсіпкерлердің қатары жыл санап артқаны көңіл қуантады. Осыған орай «Достық үйінде» Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығының 30 жылдығына арналған «Дара жолдағы аяулы жандар» атты облыстық әйелдер форумы өтті.

Жиынға облыстық іскер әйелдер қауымдастығы жастар қанатының басшысы, «Respublica» партиясы облыстық филиалының төрайымы Айнұр Келімбетова модераторлық етті. Іскер әйелдер қауымдастығының қалыптасуы мен дамуы жайлы облыстық ардагерлер кеңесінің аналар алқасының төрайымы, іскер әйелдер қауымдастығының мүшесі Хадиша Оспанова айтып берді.

Басқосуда өңір-өңірден келген кәсіпкер ханымдар атқарылған жұмыстарды жан-жақты баяндап, алдағы жоспарларымен бөлісті. Жиында «Әйел – кәсіпкер», «Әйел – саясаткер», «Әйел – іскер» деген ұстанымдар кеңінен қозғалып, нәзікжандылардың қоғам дамуындағы белсенді рөлі айқын көрініс тапты. Қатысушылар әйелдер басқаратын бизнес құрылымдардың ел экономикасының берік тірегіне айналып отырғанын айтты.

Кездесу барысында аудандық филиалдар құру арқылы әйелдер кәсіпкерлігін жүйелі түрде қолдау мәселесі де кеңінен талқыланды.

Іс-шара соңында Іскер әйелдер қауымдастығы ұйымдастырған «Жаңғыру жолы-Startup» әйелдер стартаптары байқауының жеңімпаздары марапатталды.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ