Әр азаматтың даусы шешуші рөл атқарады
Кеше өңірлік «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының мүшелері «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің әкімшілік қызметкерлерімен кездесті.
Басқосу барысында алдағы референдум мен Ата Заңға енгізілген өзгерістер кеңінен сөз болды. Коалиция мүшелері өз кезегінде «Қазфосфат» ЖШС-нің өкілдерін дауыс беріп, таңдау жасауға шақырды. Бүгінде аталған ұжымда 3000-нан астам адам еңбек етеді. Ал жиынға қатысқан әкімшілік құрамда 50-ден аса маман бар.
Облыстық қан орталығының директоры Гулам Умаровтың айтуынша, «Қазфосфат» ЖШС-нің қызметкерлері қан тапсырып, соның есебінен 2,5 айға жететін донорлық қажеттілік өтелген. Сондай-ақ депутат өз кезегінде референдумның маңызын да сөз етті.
Басқосу барысында өңірлік коалиция жетекшісі, «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов та сөз алып, референдумның маңызына тоқталды.
Сондай-ақ коалиция мүшелері жаңа Конституция жобасы саяси жүйені одан әрі жаңғыртуға, әлеуметтік кепілдіктерді күшейтуге, кәсіпкерлікті қолдауға, ғылым мен мәдениетті дамытуға және ұлттық құндылықтарды нығайтуға бағытталған стратегиялық басымдықтарға сәйкес келетінін атап өтті.
Нұрбақыт МҰСАТИЛЛАҰЛЫ