Қазақстанда 12 наурыздан бастап айыппұл автоматты түрде жазыла бастайды
Жол қозғалысы ережелерін бұзуды тіркеу тәртібі жаңартылды, деп хабарлайды arainfo.kz
Енді кейбір құқық бұзушылықтарды полиция қызметкерлері ғана емес, заманауи техникалық құралдар арқылы да анықтауға болады.
Заң талаптары өзгермейді, тек оларды тіркеу тәсілдері кеңейтіледі. Бұған дейін автоматты режимде алты түрлі құқық бұзушылық тіркелетін. Атап айтқанда, жылдамдықты арттыру, бағдаршамның тыйым салынған белгісіне өту, жол белгілері мен таңбаларын сақтамау, тоқтау және тұру қағидаларын бұзу, озу ережесін бұзу, жаяу жүргіншілерге жол бермеу деректері камералар арқылы анықталатын.
Енді заңнамада құқық бұзушылықтарды тіркеудің үш тәсілі қарастырылған:
біріншісі – қолданыстағы бейнекамералар;
екіншісі – арнайы өлшеуді қажет етпейтін бұзушылықтарды (рөлде телефон пайдалану, қауіпсіздік белдігін тақпау) тіркей алатын автоматты жүйелер;
үшіншісі – Әкімшілік құқық бұзушылықтардың бірыңғай тізілімімен біріктірілген мемлекеттік деректер базалары. Бұл жүйе техникалық байқау мерзімінің өтуі, сақтандыру полисінің болмауы сияқты құжаттық бұзушылықтарды автоматты түрде анықтауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар ескерту қарастырылған құқық бұзушылықтар бойынша жүйе автоматты түрде ескерту шығара алады. Бұрын мұндай жағдайда полиция қызметкері істі қолмен рәсімдейтін.
ҚР ІІМ ӘПК-нің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранованың айтуынша, кейбір БАҚ-та тараған «автоматты камералар жаяу жүргіншілерді жауапкершілікке тартады» деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Жүйелер тек көлік жүргізушілерінің жол ережесін бұзу фактілерін тіркеуге арналған.
Ведомство өкілдері бұл өзгерістер жол қауіпсіздігін арттыруға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталғанын атап өтті.