Бүгін жыр алыбы - Жамбыл Жабаевтың туған күні
Бүгін — дархан даланың дара перзенті, жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың туғанына 180 жыл толған мерейлі күн, деп хабарлайды arainfo.kz
Осы айтулы датаға орай ақынның облыс әкімдігі алдында тұрған еңселі ескерткішіне гүл шоқтарын қою салтанатты рәсімі өтті.
Жамбыл Жабаев — қазақтың суырыпсалма ақындық өнерін биік деңгейге көтеріп, замана шындығын жырға қосқан көрнекті тұлға. Оның жалынды жырлары елдік пен ерлікті ұлықтап, ұлт руханиятының алтын қорына айналды.
Бүгінде тұлға есімін еншілеген облысымызда 1 аудан, 4 ауылдық округ, 4 елді мекен, 1 даңғыл, 81 көше және 9 білім беру ұйымы ақын атымен аталады. Бұл — халықтың арда перзентіне деген шынайы құрметінің айқын көрінісі.

Ақын есімін ұлықтау, бай мұрасын насихаттап, кейінгі буынға аманат ету — баршамыз үшін мәртебелі міндет.
Жыр алыбының асыл мұрасы мен өнегелі жолы ұрпақ санасында мәңгі сақталып, ұлттық әдебиет пен мәдениеттің дамуына әлі де талай серпін беретіні сөзсіз.