Атырауда жоғалған отбасы ісі: Іздеуде болған күйеу бала шетелде ұсталды
Атырау облысында жоғалған отбасыға қатысты қылмыстық іс бойынша күдікті ретінде танылған ер адамның ұсталған сәті жарияланды, деп хабарлайды arainfo.kz
Бұған дейін марқұмдардың күйеу баласы Сұлтан Сәрсемалиевтің Индонезияның Ломбок аралында қолға түскені хабарланған болатын. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, онымен бірге бұрынғы жұбайы да анықталып, аталған іс бойынша күдікті ретінде танылған.
Еске салайық, өткен жылдың қараша айында Жангелдин ауылындағы бір отбасының төрт мүшесі із-түссіз жоғалып кеткен еді. Біраз уақыттан кейін жоғалған ерлі-зайыптылардың денесі табылды.
Осы дерекке байланысты олардың күйеу баласы Сұлтан Сәрсемалиевке халықаралық іздеу жарияланған болатын. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып жатыр.