Жаңалықтар

Браконьерлікке тосқауыл басты міндет

Облыста табиғаттың алуан түрлілігі флора мен фаунаның байлығымен, көрікті қорық аймақтарымен ерекшеленеді. Өңірде аңшылық пен балық аулауды қоса алғанда, туризмнің әртүрлі салаларын дамытуға бірегей мүмкіндіктер бар.

Өңір аумағындағы табиғи қорықтарда жойылып кету қаупі бар және ҚР Қызыл кітапқа енгізілген жануарлардың 20 – дан аса түрі мекендейді. Осыған байланысты, әуесқой аңшылар арасында экологиялық мәдениетті арттыру, биологиялық әртүрлілікті сақтау және жануарлар дүниесі объектілерін заңсыз аулаудың алдын алу мақсатында өңірде браконьерлікке қарсы акция өткізілді.

Акцияның мақсаты «Заң және Тәртіп» қағидатын негізге алып биоресурстарды және қоршаған ортаны қорғау және браконьерліктің алдын-алу және заң талаптарын сақтауды түсіндіру болды.

Аталмыш акцияны мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы, Жамбыл облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы, Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы. Акцияға құқық қорғау, орман шаруашылығы, Ақсу-Жабағылы мемлекеттік табиғи қорық инспекторлары мен аңшылық шаруашылықтың қорықшылары және әуесқой аңшылар қатысты.

Акция аясында уәкілетті және құқық қорғау органдарымен профилактикалық рейдтік іс-шаралар, халықпен және аңшылық шаруашылықты  пайдаланушылармен кездесулер ұйымдастырылды. Акцияға қатысушыларға жануарларды заңсыз алу, сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар түрлерді жою, сондай-ақ табиғатқа зиян келтіру үшін жазалау шараларын көздейтін заң нормалар түсіндірілді.

Сонымен қатар акция ұйымдастырушылары браконьерлік экожүйелерге орны толмас зиян келтіріп, табиғаттағы табиғи тепе-теңдікті бұзатынын және болашақ ұрпаққа қауіп төндіретінін атап өтті. Акцияға 200-ден астам әуесқой аңшылар қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісіп, халықты жануарлар дүниесін бірлесе қорғауға шақырды.

Алдағы уақытта браконьерлік фактілерді анықтау және жолын кесу жұмыстары тұрақты негізде өз жалғасын табатын болады. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, мұндай құқық бұзушылықтар үшін қатаң жауапкершілік көзделген. Жануарларға қиянат жасалған жағдайда ҚР Әкімшілік кодексінің 143, 382, 378, 389, 380, 407-1, 407-2 – баптарына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынып, өзге де шектеу шаралары қолданылады. Ал жасалған әрекет ауыр болған жағдайларда ҚР Қылмыстық кодексінің 337 және 339 баптары негізінде қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Бұл баптардың санкциясына сәйкес мүлкіңіз тәркіленіп, үш мың айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынуы, сол мөлшерде түзеу жұмыстарына тартылуы, 3 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе дәл осы мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.

Сонымен қатар аңшылықпен айналысатын азаматтар арнайы рұқсат қағидаларын сақтап, белгіленген мерзім мен аумақтан аспауы тиіс. Рұқсатсыз аң аулауға жол бермеу, табиғатты қорғау инспекторларының жұмысын күшейту және рейдтік шараларды жиі ұйымдастыру да маңызды. Қоғамдық бақылауды дамыту, күмәнді әрекеттер туралы тиісті органдарға хабарлау мәдениетін қалыптастыру да оң нәтиже береді.

Қорықтар мен ұлттық парктердің жұмысын қолдау, сирек кездесетін жануарларды қорғау бағдарламаларын дамыту және олардың мекен ету ортасын сақтау – алдын алу шараларының маңызды бөлігі. Жергілікті тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, табиғатты қорғаудың экономикалық және экологиялық пайдасын көрсету де тиімді тәсілдердің бірі.

Табиғат – болашақ ұрпаққа аманат. Әрбір аң-құс пен жануар – экожүйенің ажырамас бөлігі. Заңсыз аңшылықтың алдын алу арқылы біз тек жануарларды ғана емес, өз болашағымызды да қорғаймыз.

                                                   

Нұрғали НИЯЗҚҰЛОВ

Жамбыл облыстық орман

шаруашылығы және жануарлар

 дүниесі аумақтық инспекциясы

 басшының міндетін атқарушы