Жамбыл жаңалықтары

Жамбылдық жеткіншек жеңіспен оралды

Таяуда Қарағанды қаласында жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жобалар конкурсының қорытынды кезеңі өтті. Аталған сайыста қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы «Тарих» секциясы бойынша Гродеково орта мектебінің 11-сынып оқушысы Махсуд Усипов топ жарып, алтын медаль иеленді.

Жас зерттеушінің жеңісі – бір күнде келген олжа емес, ұзақ уақыт бойы үздіксіз ізденіп, дерек көздерін ақтарып, әрбір тұжырымын таразылаған табанды еңбектің нәтижесі.

Махсуд өз жұмысында тарихи тақырыпты құр баяндап қана қоймай, мәселенің тереңіне бойлап, оқиғалардың өзара байланысын зерделеп, тың көзқарас ұсынды. Ол архив материалдары мен ғылыми еңбектерді салыстырып, деректерді мұқият саралай отырып, ой қорытты. Қорғау кезінде өзін сенімді ұстап, зерттеуінің мән-маңызын анық жеткізе білді. Қазылар алқасының назарын аударғаны да – дәл осы салмақты пайым, жүйелі ойлау және ғылыми мәдениеттің жоғары деңгейі болды.

Осы ретте шәкіртіне бағыт-бағдар беріп, ақыл-кеңесін аямай, әр қадамын жіті қадағалаған ұстазы Балкизар Мусаеваның еңбегін айтпай кетуге болмайды

Жас ғалымның бүгінгі жетістігі алдағы үлкен жолдың бастауы іспетті. Ғылымға құштарлық пен еңбекқорлық қатар жүрген жерде жаңа ізденістер мен тың жетістіктердің жалғаса беретіні сөзсіз.

Реті келгенде айта кетсек, Қарағанды қаласында өткен осы байқауға облысымыздан 15 оқушы 14 жобамен қатысқан болатын. Жарыс қортындысымен олардың 12-сі жүлделі орындарға ие болды. Нәтижесінде қоржынға 4 алтын, 6 күміс, 2 қола медаль түсті.

Жеңімпаздарды мектептерінен сыныптастары, ұстаздары мен ата-аналары қошеметпен қарсы алды. Жылы лебіздерін білдіріп, гүл шоқтарын табыстап, құрмет көрсетті.

Дарынды жастарымыздың ғылыми ізденіске деген құлшынысы мен табандылығы – өңіріміздің білім саласындағы әлеуетінің жоғары екендігін дәлелдейді.

Сымбат ҚУАНЫШ