Жаңалықтар

«Жас бүркіт» қозғалысы – тәрбие негізі

Жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтар мен түрлі келеңсіз құбылыстар белең алып тұрған заманда өрендер тәрбиесіне айрықша мән беру – қоғам алдындағы ең маңызды міндеттердің бірі. Өскелең ұрпақтың бойына елге деген сүйіспеншілік, жауапкершілік пен тәртіпті сіңіруде жүйелі жұмыстардың орны бөлек. Осы бағытта Ұлттық ұланның «Жас бүркіт» әскери-патриоттық клубы жас буын тәрбиесінде ерекше рөл атқарып, мектеп өмірінде нақты нәтижелер көрсетіп келеді.

Әсіресе 5513 әскери бөлімінің оқушылар тәрбиесіне бағытталған ілкімді істері мен тағылымды бастамалары үлгі боларлық. Әскери бөлімнің бастамасымен «Жас бүркіт» әскери-патриоттық клубтары өңірдегі көптеген мектепте ашылып, білім ордаларымен өзара ынтымақтастық туралы меморандумдар жасалуда.

Жақында 5513 әскери бөлімі мен облыс әкімдігі білім басқармасына қарасты Б.Момышұлы атындағы мамандандырылған әскери мектеп-интернаты өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Меморандум «Жас бүркіт» әскери-патриоттық қозғалысының жұмысын жандандыру, жас ұрпақтың отансүйгіштік рухын нығайту және әскери тәрбие бағытын дамытуға негізделген. Маңызды келісім – жас буынның жүрегіне елге адал қызмет ету, азаматтық парызды терең сезіну және әскери мамандыққа құрметпен қарау құндылықтарын дарытуға ықпал ететін игі бастама. Алдағы уақытта екі тарап бірлесіп түрлі тәрбиелік және әскери-практикалық іс-шаралар өткізіп, патриоттық жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Мұндай ортақ жұмыстар жастардың бойындағы жігерді шыңдап, тәртіп пен ұйымшылдықты қалыптастырып қана қоймай, олардың өмірлік ұстанымын айқындауға оң ықпал етпек.

Ел болашағы – саналы да сергек ұрпақ екені белгілі. Сондықтан «Жас бүркіт» әскери-патриоттық қозғалысының орны ерекше. Сөзіміздің дәлелі ретінде Байзақ ауданына қарасты Бурыл ауылдық округіндегі №6 орта мектепте соңғы үш жыл ішінде оқушылар арасында бірде-бір құқықбұзушылық тіркелмегенін айтсақ болады. Мұндай оң нәтиже 2023 жылы мектеп пен Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының 5513 әскери бөлімі арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылғаннан кейін мүмкін болды.

Аталған мектепте командалық-тактикалық пункт үлгісінде жабдықталған заманауи алғашқы әскери дайындық сыныбы, сондай-ақ ерекше «Әскерилендірілген TikTok-хаус» жұмыс істейді. Клуб тәрбиеленушілері әлеуметтік желілерде белсенді болып, патриоттық бағыттағы бейнероликтер мен подкасттар түсіреді. Бұл өз кезегінде қатарластарын қызықтырып, мектеп ішінде жағымды орта қалыптастыруға ықпал етуде.

Клуб жұмысының табысты жүзеге асуына алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушысы, запастағы капитан Самат Керімжановтың және әскери-патриоттық бағытты тұрақты қолдап келе жатқан мектеп әкімшілігінің үлесі зор.

Осындай ауқымды жұмыстардың нәтижесі түлектердің мамандық таңдауынан да айқын көрінеді. Жыл сайын мектеп түлектері әскери жоғары оқу орындарына тұрақты түрде оқуға қабылданып жатыр. Қазіргі уақытта Ұлттық ұлан академиясында «Жас бүркіт» клубының екі тәрбиеленушісі курсант ретінде білім алуда.

Айта кету керек, «Жас бүркіт» қозғалысының дамуы кең ауқымды сипатқа ие. Қазіргі таңда Ұлттық ұланның әскери бөлімдерінде 31 әскери-патриоттық клуб жұмыс істейді. Ұлттық ұлан қамқорлығындағы 42 мектеп пен бір колледжде 70 «Жас бүркіт» сыныбы ашылған. 1400-ден астам оқушы әскери қызметтің негіздерін қамтитын бірлескен жоспарлар бойынша білім алып жатыр. Осы уақытқа дейін 500-ден аса әскери-патриоттық іс-шара өткізілген.