Жаңалықтар

Оқушыларға мол мүмкіндіктер сыйлаған орталық

2023 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлердегі Президент резиденцияларын балабақша немесе сауықтыру лагерлеріне айналдыруды тапсырған болатын. Сол тапсырмаға сәйкес Жамбыл облысындағы ғимарат «Мөлдір бұлақ» оқу-сауықтыру орталығы болып қайта ашылған еді.

Жыл он екі ай бойы қызмет ететін оқу-сауықтыру орталығының директоры Салтанат Құрманованың айтуынша, мекеме бір жылда 16 ауысым бойынша 900 оқушыны қабылдайды. Орталық жаз мезгілдерінде де қызметтерін тоқтатпайды. Жаз айларында ерекше білімді қажет ететін балалар арнайы білім алып, демалады екен.

Орталықта әр ауысым бекітілген жоспарға сәйкес өткізіледі. Жоспар аясында оқыту семинарлары, түрлі мәдени-танымдық іс-шаралар, психологиялық тренингтер, әртүрлі сала мамандарымен кездесулер өткізіледі. Сонымен қатар «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы шеңберінде әлеуметтік жобалар жүзеге асырылады.

Орталыққа 12 ауданнан балалар келетіндіктен, олардың тарихи-мәдени және рухани танымын кеңейтуге ерекше мән беріледі. Осы мақсатта негізге ала отырып орталық мамандары Тараз қаласындағы киелі орындармен балаларды толық таныстырады. Экскурсияда әрбір тарихи ескерткіш, кесене немесе мұражай бойынша балаларға егжей-тегжейлі ақпарат беріледі, олардың құрылу тарихы, маңызы, ата-бабаларымыздың мәдениеті мен дәстүрі түсіндіріледі.

Орталыққа демалып әрі білім алуға келген өреннің бірі – Т. Рысқұлов ауданы, Абай орта мектебінің 9-сынып оқушысы Інжу Серікқызы.

 

Расында да оқу-сауықтыру орталығы – тек демалыс орны ғана емес, білім мен тәрбиені, денсаулық пен рухани дамуды тоғыстырған орта. Мұнда әрбір бала өз мүмкіндіктерін сынап көріп, болашаққа нық қадам жасауға әрекет етеді.

 

Сымбат ҚУАНЫШ