Ғылым жолындағы әйел – табандылықтың символы
Қоғам көбіне ер-азаматтарды ғалым ретінде елестетеді де, әйелдің ғылымдағы табандылығына күмәнмен қарайды. Бірақ тарихқа үңілсек, талай дарындардың есімі еріксіз еске түседі. Оның ішінде көрнекті тілші-ғалым, филология ғылымдарының докторы, академик Рабиға Сыздық та бар. Аталған академиктің ғылыми мұрасы қазақ гуманитарлық ғылымының алтын қорына енген. Сол сияқты Аққағаз Досжанованың есімі де көпшілікке кеңінен таныс. А.Досжанова алғашқы қазақ әйел дәрігерлерінің бірі, қоғам қайраткері. Қазақ қыздарының білім алуына жол ашқан, медицина саласында ғана емес, ұлттық ағартушылық бағытта да маңызды рөл атқарған тарихи тұлға.
Міне, қоғамда есімі ерекше аталып жүрген осындай арулардың еңбегінің артында көзге көріне бермейтін тұрмыстық күрес, есепсіз төгілген тер мен түрлі тұрмыстық түсініспеушіліктер тұрғанын ұмытпауымыз керек. Отбасындағы міндет пен зерттеу жұмысының арасын тең ұстау кестеге сыймайды. Бұл тек жүрек таразысымен өлшенетін шаруа.
Уақыт – оқымысты адам үшін ең қымбат капитал. Ал егер ол ана болса әр минутты санамалап, әр сағатын жоспарлап, тәулігін үнемдеуге тырысады. Бірақ аналық мейірім жоспарға бағынбайды, өйткені отбасылық өмір еш кестеге сыймайды. Үй ішінің тыныштығы ғылымдағы табыстың көрінбейтін тірегі екенін түсінетін жандар аз. Негізгі жағдайда әйелдің жетістігі оның екі әлемді де жоғалтпай алып жүруге деген ішкі тәртібінің жемісі. Арулар үшін ауырлығы мол осы жолда қоғамдық стереотиптер де тосқауыл бола алады. «Алдымен отбасы, сосын қалғаны» деген ұстаным ғылымға адал қызмет еткісі келген нәзік жандыны екіұдай күйге түсіреді. Алайда отбасы мен ғылым бір-біріне кереғар емес, керісінше, бірін-бірі толықтыра алатын кеңістік. Шын мәнінде ғылымдағы табандылық ана болудағы шыдамдылықпен үндеседі. Сондықтан зерттеудегі ұқыптылық үйдегі тәртіппен астасып, біте қайнасып, тіпті бірігіп кететін ортақ ұғым.
Әсіресе отбасының қолдауы ең үлкен күш. Жолдасының түсінігі, ата-анасының демеуі, қоғамның құрметі оның қанатын кеңге жаюына мүмкіндік береді. Егер отбасы сенім білдірсе, ғылымдағы биіктің барлығын бағындыруға болады. Осы тұста тағы бір мән беретін ерекшелік – балалары анасының еңбегін көріп өсуі. Мұндай шаңырақта, әр адамның қадірі бөлек, анасының абыройы асқақ болмақ. Бірақ төзім мен жүйкенің төзімділігін талап ететін ұзақ сапарда әйел кейде өзін ұмытып кетуі мүмкін. Алайда арманы, әр алған асуы оған қанат бітіреді. Әйелдің жетістігі тұтас бір қоғамның рухани өсуінің белгісі. Білімді, ізденімпаз, парасатты ана білімді, саналы ұрпақ тәрбиелейді. Сондықтан отбасы мен ғылымды үйлестіру әйелдің жеке таңдауы болса да ол бүкіл қоғамның игілігіне қызмет ететін құбылыс.
Осы орайда жуырда ғылым саласында қызмет ететін әйелдерге кәсіби қолдау көрсету, ғылыми қызметке көбірек әйелдерді тарту, талантты зерттеушілер шоғырын қалыптастыру мақсатында Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде «Ғылымдағы әйелдер: Талпыныс, Төзімділік, Табандылық» тақырыбында конференция өтті.
«AMANAT» партиясы облыстық филиалы жанындағы Әйелдер қанаты мен Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университеті бірлесіп ұйымдастырған басқосуға жоғары оқу орындарында қызмет атқаратын ғалым әйелдер қатысып, ғылым жолындағы жетістіктерімен қатар кездескен қиындықтары мен кәсіби тәжірибелері туралы ашық пікір алмасты. Сонымен қатар ғылыми-әдістемелік мүмкіндіктерін дамыту, әйел ғалымдардың көшбасшылық және тәлімгерлік мектебін қалыптастыру, тарихтағы нәзікжандылардың ізі мен гендерлік зерттеулердің маңызы кеңінен талқыланды. Жаңа Конституция жобасындағы ғылым және инновацияға қатысты нормалар түсіндірілді.
Конференцияда алғашқы сөз «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұловқа берілді.
Ал Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті «Экология және тіршілік әрекетінің қауіпсіздігі» білім беру бағдарламаларының жетекшісі, техника ғылымдарының кандидаты Анар Жұмәділова өз кезегінде теория мен практиканы меңгеруді ғана емес, табандылық пен шыдамдылықтың арқасында кез келген қиындықты еңсеруге болатыны жайлы әңгіме өрбітті.
Сондай-ақ Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің Комплаенс-қызметінің басшысы, экономика ғылымдарының кандидаты, доцент Орынқыз Жолдасова да сөз алып, өз ой-пікірімен бөлісті.
– Мектеп оқушыларын ғылымға бейімдеу мақсатында ұстаздармен «Ғылымдағы әйелдер әріптестігі: мүмкіндіктер мен даму перспективалары» тақырыбында ғылыми дискуссиялық семинар өткіздік. Сол семинар барысында көптеген ұсыныстар айтылды. Атап айтатын болсақ, ұстаздар ғылыми тақырыпты таңдауда көптеген қиындықтарға кездеседі екен. Оқушыларды да ғылымға баулу үшін кездесулер, мотивациялық шеберлік сыныптарын ұйымдастыру ұсынысы болған. Бұрын Тараз педагогикалық университетінде «Кидсюниверсити» жобасы іске асырылып, мектеп оқушыларының университеттегі бір күні аясында ғылыми презентациялар, ашық зертханалық сабақтар өткен. Сол сияқты барлық университеттер осы жобаны әрі қарай жүргізсе жақсы болар еді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Озық мемлекеттің бір маңызды белгісі – әйелдердің қоғамдағы мәртебесі» деп атап өткендей, мемлекет қолдауының арқасында елімізде қыз-келіншектердің экономикадағы, білім, ғылым, мәдениет, саясат пен қоғамдық қызметтегі рөлі жыл сайын артып келеді. Өз кезегінде «AMANAT» партиясы да әйелдердің құқығын қорғау мәселесіне ерекше назар аударады. Партияның қатысуымен әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы заң әзірленді, партиялық тізімдерге гендерлік квоталар енгізілді. «Tomiris», «Балаңа уақыт арна!», «Қарызсыз қоғам», «Ауыл аманаты» секілді бастамалар әйелдердің мүддесін қорғауға бағытталған. Партия жанындағы әйелдер қанаты жұмысының 10 басым бағытының бірі «Ғылымдағы әйелдер» бағыты. Бұл бастама ғылымдағы әйелдердің орны мен маңызын айқындап көрсетуді көздейді, – деді Орынқыз Көпбосынқызы.
Басқосуда зерттеушілерге арналған мотивациялық семинарлар мен тәлімгерлік бағдарламаларды тұрақты түрде ұйымдастыру арқылы олардың әлеуетін толық ашуға мүмкіндік беру қажеттігі де сөз болды. Алдағы уақытта әйел ғалымдарға арналған икемді жұмыс кестесі мен арнайы гранттар қарастырылу жайы да қозғалды. Сондай-ақ олардың ғылыми зерттеулерін жариялау және халықаралық жобаларға қатысу мүмкіндіктерін кеңейту үшін қолдау көрсетілмек.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ