Еңбек адамы

Тірлігіне тиянақты технолог

Бүгінде қоғамда адал еңбегімен абыройға ие болып жүрген жұмысшы мамандардың еңбегі айрықша бағаланады. Солардың қатарында «Ali-ko Sut – 2023» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас технологі Татьяна Жуковская да бар.

Сүт өндірісі саласында 30 жылға жуық еңбек етіп келе жатқан Татьяна табиғи өнім дайындаудың барлық кезеңін жетік меңгерген тәжірибелі маман. Кеіпкеріміздің өзі еңбек ететін өндіріс орнындағы негізгі міндеті – өнім сапасын бақылау мен технологиялық талаптардың сақталуын қамтамасыз ету.

Көп жылдық тәжірибе мен үздіксіз ізденістің арқасында технолог ірімшік дайындаудың түрлі технологияларын игеріп, сапалы өнім өндіруге өз үлесін қосып келеді. Өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын білікті маман жас мамандарға да тәжірибесін бөлісіп, өндіріс саласына қызығушылық танытқан жастарға бағыт бағдар беріп жүр.

Татьяна Александровна 1978 жылы Бауыржан Момышұлы ауылында дүниеге келген. Аудан орталығындағы мектеп-гимназияны бітірген соң, еңбекке ерте араласады. Еңбек жолын аудандағы ірі сүт зауытының бірінде қарапайым жұмысшы болып бастап, еңбекқорлығы мен жауапкершілігінің арқасында технолог маманына дейін көтеріледі. Біліктілігін арттыруды да естен шығармай, 2015 жылы көршілес Түркістан облысының Түлкібас ауданына қарасты Майлыкент ауылындағы «Майлыкент-сүт» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінде де жұмыс істейді.

Қазіргі таңда Татьяна Жуковская аудан орталығындағы «Ali-ko Sut –2023» ЖШС-ның бас технологі болып еңбек етеді. Сонымен қатар, кейіпкеріміздің Беларусь еліне барып, біліктігін арттырып келуі серіктестіктің жұмысына оң серпін беруде.

Татьяна Александровна Беларусь елінің сүт өндірісі табиғи ингредиенттерге, сапаны қатаң бақылауға және автоматтандырудың жоғары деңгейіне бағытталғанын айтады. Технолог ол жақтан сүт және сүт өнімдерінің сапасын зертханалық бақылау, ірімшік өндірісіндегі технологиялық процестер және қышқыл сүт өнімдерін өндіруде ашытқыларды қолдану тәсілдері бойынша тәжірибе жинақтап келген.

Татьяна Жуковская сүтті қабылдау, өңдеу, сақтау және дайын өнім шығаруға дейінгі барлық технологиялық үдерістерді қатаң бақылауда ұстайды. Санитариялық талаптардың сақталуы, өнім сапасының стандарттарға сай болуы – күнделікті жұмысының негізгі бағыты. Сонымен қатар, жас мамандарға тәлімгер болып, кәсіби тәжірибесімен бөлісуді де парыз санайтынын айтады.

Еңбек адамы қандай сый-құрметке болсын лайық. Тәжірибелі технолог Татьяна Жуковскаяның өндіріс саласындағы ұзақ жылғы еңбегі де лайықты бағаланып, Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

Әріптестері Татьянаны сабырлы мінезі, кәсіби білімі және әділ талапшылдығы үшін ерекше құрметтейді. Ол өз тәжірибесімен бөлісуден ешқашан жалықпайды. Кәсіби маман үшін технолог мамандығы – жай ғана жұмыс емес, өмірлік таңдау. Оның адал еңбегі мен кәсібіне деген сүйіспеншілігі сүт зауыты өнімдерінің сапасынан айқын көрінеді.

 

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,

Жуалы ауданы