Кәсіп

Әлемді мойындатқан тараздық өнім

Көбіне ең жақсы ірімшіктер тек Италия, Франция немесе Голландия сияқты шетелдерде жасалады деп ойлайтынымыз рас. Әрине, ол елдердің тәжірибесі мол, бірақ біздің Қазақстанда да бұл сала соңғы уақытта жақсы дамып келеді.

Әсіресе Әулиеата өңірінде осы істі шын ниетімен қолға алған кәсіпкерлер аз емес. Солардың бірі – бірнеше жылдан бері халықты дәмді өнімдерімен қуантып келе жатқан «Корнаухов» жеке кәсіпкерлігі.

Шағын кәсіпкерліктің негізін қалаушы – Ирина Корнаухова. Бастапқыда қарапайым қызығушылық ретінде басталған іс бүгінде оның негізгі кәсібіне айналған.

Кейіпкерімізге табысты кәсібі мен өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан ірімшік өндірісінің құпиясын білмек ниетпен хабарласқан едік. Сұхбат барысында кәсіпкер алғашқы қадамдар, кездескен қиындықтар және осы бизнес тарихының астарында жатқан тағдырлы сәттерді тебірене баяндап берді. Айтуынша, бәрі де 2016 жылдың ауыр сынағынан басталған екен. Сол тұста Иринаның жиені кенеттен сырқаттанып, Швейцарияның ең үздік клиникаларының бірінде шұғыл әрі қымбат ота жасату қажеттілігі туындайды. Бұл хабар бүкіл әулеттің қабырғасын қайыстырды. Ол кезде Тараз қаласындағы наубайханалардың бірінде кондитер болып еңбек ететін Ирина да өзге ағайындарымен бірге жұдырықтай жұмылып, қаражат жинауға бел шеше кіріседі. Қажетті сома табылып, отбасы Еуропаға аттанады.

Алайда Швейцариядағы өмір сүру шығыны, баспана жалдау, тамақтану мен жол қатынасы отбасының қалтасына едәуір ауыр салмақ салды. Қиын сәтте қол қусырып отырмаған Ирина қосымша табыс көзін іздеуге мәжбүр болады. Сәтін салғанда, аурухана іргесінде бір сырхана орналасқан екен. Жергілікті шеберлердің жұмысын сырттай бақылап жүріп, ол ірімшік қайнату өнерінің тылсымына бойлай бастайды. Осылайша қиындықтан басталған сапар жаңа бір кәсіптің алғашқы баспалдағына айналыпты.

Еуропалық сыр дайындау шеберлерімен болған сол бір кездесулер Ирина Корнаухованың көңіліне үлкен үміт ұялатып, қызығушылығын арттырды. Елге оралған соң тәуекелге бел буып, жаңа кәсіптің алғашқы қадамын өз үйінің асүйінен бастады.

Алғашқы уақытта шағын ғана қазанда ірімшік қайнатқан кейіпкеріміздің жалғыз тірегі де, сенімді көмекшісі де – 28 жастағы ұлы Алексей болды. Олар технологияның қыр-сырын бірге меңгеріп, кітаптар мен арнайы дайындалған видеолардан алған білімдерін сан мәрте іс жүзінде сынап көрді. Ана мен баланың таза ниеті мен қажырлы еңбегі көп ұзамай өз жемісін беріп, аз уақыттың ішінде алғашқы тұрақты сатып алушылар тобы қалыптасты.

Мемлекеттік қолдаудың арқасында кәсіпкерлерге Тараз қаласында шағын сырхана ашуға мүмкіндік туған. Қайтарымсыз грант аясында олар Алматы қаласынан ірімшік қайнатуға арналған заманауи жабдықтар мен шикізатты салқындататын, сақтайтын арнайы техникаларды сатып алады. Ал өндіріс цехын жалға алынған ғимаратта іске қосады. Осылайша шағын асүйде басталған кәсіп жаңа деңгейге көтеріледі.

Кейін Ирина Италияда білім жетілдіріп, Қазақстанның ірі ірімшік зауыттарында тәжірибеден өтеді, сонымен қатар онлайн курстар арқылы біліктілігін арттырды.

Бүгінде кәсіпорында Ирина мен Алексей Корнауховтардың жетекшілігімен сегіз маманнан құралған ұжым сиыр, қой және ешкі сүтінен қайталанбас төл рецептері бойынша табиғи ірімшік түрлерін дайындайды. Өнімнің жоғары сапасы мен халық арасындағы үлкен сұраныстың басты құпиясы тек табиғи қоспаларды пайдалануында жатыр.

Алексей өндіріс басында тәулік бойы жүреді десек артық айтқандық емес. Технологиялық үдерістің әрбір сатысын жіті бақылайтын ол дайын өнімнің сапасына тікелей жауапты. Қазіргі таңда цех күніне 100 келіге жуық дайын өнім шығарады. Ірімшіктің 52 түрін дайындау рецептурасын меңгерген. Олардың қатарында жұмсақ, қатты және жартылай қатты сұрыптар бар. Барлығы дерлік италиялық технологиямен әзірленетіндіктен, атаулары да құлаққа таныс. Мысалы, гауда, качотта, моцарелла, мәрмәр ірімшігі, «Император Август», маасдам, буррата мен страчателла, бәрі-бәрі нарықта сұранысы ең жоғары өнімдер саналады. Әр ірімшіктің өзіндік ерекшелігі мен қайталанбас дәмдік қасиеті бар. Десе де, Корнауховтар әзірлеу құпиясын көпке жария ете бермейді.

Өнімдерде ешқандай консерванттар жоқ, сондықтан сақтау мерзімі де қысқа – небәрі үш тәулік. Бұл ретте ірімшіктің толысып, пісіп-жетілуіне бір айдан төрт айға дейін уақыт кететінін ескеру керек. Тез бұзылатын болғандықтан, мұндай табиғи өнім ірі сауда желілері үшін аса тиімді емес. Сол себепті сыр шеберлері өз өнімдерін Тараз қаласындағы екі фирмалық дүкені арқылы тікелей тұтынушыларға ұсынып отыр.

Алексей тек өндіріспен шектеліп қалмай, «Instagram» әлеуметтік желісінде сыр дайындаудың тылсым сырлары мен оның бабына келу технологиясын оқырмандарымен бөлісіп отырады. Бүгінде бұл айдар сыр өнеріне шын ғашық мыңдаған оқырманның басын қосқан үлкен қауымдастыққа айналып үлгерді. Кейіпкеріміз бастапқыда бұл қадамға өнімді өткізу мақсатындағы коммерциялық айла ретінде барғанын жасырмайды. Алайда, танымдық бейнероликтер күтпеген жерден көп қаралым жинап, көпшіліктің ықыласына бөленген. Қазіргі таңда оқырмандармен орнаған тығыз байланыс пікір алмасудан бөлек, өнім сапасын шыңдаудың алтын көпіріне айналды. Тұтынушылардың шынайы лебізі мен ұсыныстары негізінде жаңа рецептер әзірленіп, сырдың дәмі мен құрылымы үнемі жетілдіріліп отырады.

Кәсіп иелерінің жетістіктері де аз емес. Бұрнағы жылы Ақтау қаласында өткен «Cheese Open – 2024» халықаралық ірімшік шеберлерінің ашық байқауы жамбылдық өнімнің мерейін үстем етті. Жүздеген үздік үлгілер сыналған дүбірлі додада «Корнаухова» жеке кәсіпкерлігінің өнімдері қола жүлдені иеленді. Дәл осы жеңістен кейін отандық және шетелдік сүт саласының білікті мамандары Тараз топырағында итальяндық технологияның озық үлгісімен ежелгі рецептілер негізінде нағыз табиғи сыр қайнатылатынына көз жеткізді. Бүгінде жамбылдық бренд халықаралық деңгейде мойындалып, кәсіби ортаның жоғары бағасына ие болып отыр.

Бір айта кетерлігі, сол жылы «Cheese Open – 2024» халықаралық байқауы Орталық Азия тарихында тұңғыш рет ұйымдастырылған болатын. Францияның халықаралық сыр шеберлері гильдиясының тікелей қолдауымен өткен бұл айтулы шара отандық өндірушілер үшін Еуропа аспай-ақ, өз өнімдерін әлемдік деңгейдегі сарапшыларға танытудың бірегей мүмкіндігі болды.

Сайыста тараздық өнімнің сапасына халықаралық дәрежедегі 10 кәсіби төреші жоғары баға берді. Қазылар алқасының қатарында сыр өнерінің хас шеберлері – фромажерлер арасындағы әлем чемпионы Эверт Шонхаге (Нидерланд), Халықаралық сыр шеберлері гильдиясының президенті Ролан Бартелеми, Париждегі атақты сыр дүкендерінің иесі Лоран Дюбуа (Франция) секілді нағыз мэтрлер, сонымен қатар Италия, Сербия және Ресейден келген білікті сарапшылар болды. Осындай беделді комиссияның оң бағасын алу – «Корнаухова» жеке кәсіпкерлігі мен оның жетекшісі Ирина Корнаухованың есімін халықаралық деңгейде танытып, мерейін үстем етті.

Кәсіпкердің алға қойған жоспарлары да ауқымды. Ең басты жаңалығы – түйе сүтінен сыр дайындау бағытын дамытпақ. Өткен жылы бұл бағыттағы алғашқы сынақ өнімдері жарық көрген болатын. Осы мақсатта кәсіпкер Талас ауданының бірқатар түйе шаруашылығымен келіссөздер жүргізген. Сонымен қатар өндіріс қуатын арттыру мақсатында Байзақ ауданы, Жаңатұрмыс ауылдық округіндегі Ақшолақ стансасының маңында еңселі жаңа цехтің құрылысы жүруде.

Өндірістің күретамыры саналатын шикізат мәселесінде ешқандай іркіліс жоқ. Меркі, Байзақ және Жуалы аудандарының фермерлері сүт өнімдерін үздіксіз жеткізіп тұр. Ай сайын мұнда шамамен 400 литр сүт өңделеді, ал сұраныс артқан сайын серіктес шаруа қожалықтарының қатары да қалыңдай түсуде. Айта кетерлігі, мұнда тұтынушылардың көңілінен шыққан ақ ірімшік (брынза), қаймақ, сүзбе, сары май мен айран, йогурт секілді табиғи сүт өнімдерінің де кең таңдауы ұсынылған.

Дейтұрғанмен бүгінгі таңда отандық өндірістің тынысын тарылтып тұрған салықтық жүктемелер де жоқ емес. Қосылған құн салығын есепке алғанда 26 пайызға дейін жететін міндеттемелер сыр өндірісін біраз тығырыққа тіреп отыр екен. Мәселен, Жаңа жылдың алғашқы екі айының өзінде жеке кәсіпкерлікке мемлекет қазынасына екі миллион теңгеге жуық салық төлеу міндеттелген. Шағын өндіріс үшін бұл қомақты қаражат екені айтпаса да түсінікті. Алайда Алексей мен анасының ұстанымы нық. Сыр шеберлері «Егер бизнес салық төлеуге қауқарсыз болса, оның өміршеңдігі де неғайбыл» деген пікірде. Сондықтан Ирина мен Алексей еңселерін түсірмей, тұтынушы алдындағы адалдығы мен заң алдындағы жауапкершілігін қатар ұстанып келеді. Қазір олар Тараздағы сыр өндірісінің болашағы мен оның нарықтағы орнын сақтап қалу үшін табандылықпен күресіп жатыр.

 

Ақтоты ЖАҢАБАЙ