Экономика

Экономикалық әлеует жетекші салалардың жұмысына байланысты дамиды

Ел экономикасының дамуы әртүрлі салалардың үйлесімді жұмысына тікелей байланысты. Мәселен, өнеркәсіп, кәсіпкерлік, ауылшаруашылығы, құрылыс, көлік және сауда секілді бағыттардың әрқайсысы ел әлеуетін арттыруда ерекше маңызға ие. Осылардың ішінде ауылшаруашылығын ветеринария саласынсыз елестету қиын. Себебі төрт түліктің саулығы мен малшаруашылығынан алынатын өнімнің сапасы, қауіпсіздігі аталған саланың жүйелі жұмысына тәуелді. Сондықтан да ветеринария саласы өңір экономикасын ілгерілетуде маңызды буынның бірі болып саналады.

Эпизоотиялық жағдай тұрақты

Облыста ветеринария саласындағы жұмыс жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Мал ауруларының алдын алу, екпе егу жұмыстарын уақытында ұйымдастыру, қаңғыбас жануарларды аулау секілді бағыттар жоспарға сай атқарылуда. Мәселен, өткен жылға бекітілген жануарлардың аса қауіпті ауруларына қарсы ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралар толық орындалған. Аса қауіпті аурулардың алдын алу үшін 16,5 миллион вакцина егу манипуляциясы және 5,6 миллион диагностикалық зерттеу жүргізіліпті. Биыл вакцинация бойынша 16,3 миллион, диагностика бойынша 5,3 миллион манипуляция жасау жоспарланған. Облыс әкімдігі ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Олжас Көкейдің айтуынша, ауылшаруашылығы жануарларының төлдерін бірдейлендіру жұмыстары да жүйелі атқарылған. 2025 жылы 1,4 миллион бас төл дерекқорға енгізіліп, 2026 жылы 1,3 миллион төлді бірдейлендіру жоспары бекітіліпті. Аталған жұмысты жүзеге асыруда қажетті құлақ жапсырмалары қазіргі таңда аудандарға толық жеткізілген. Бұл бағытта 266 миллион теңге бөлінсе, оған 2,3 миллион сырға сатып алу көзделген екен. Қазіргі таңда облыс бойынша жануарларды бірдейлендіру дерекқорында барлығы 4,2 миллион ауылшаруашылығы жануарлары тіркеліпті. Оның ішінде 462 183-і ірі қара, 3 527 454-і уақ мал, 216 952-сі жылқы, 8 828-і түйе.

 

Таласта тірлік тиянақты

Талас аудандық ветеринария бөлімі былтыр бірнеше бағыт бойынша тиісті жұмыстар атқарған. Жұқпалы ауруларға қарсы вакцинациялау мен қан сынамаларын алу жұмыстары бекітілген жоспарға сәйкес жүргізілген. Ауылшаруашылық малдарын бірдейлендіру бағыты бойынша ауданда былтыр 35 076 мүйізді ірі қара, 451 426 уақ мал, 2 486 түйе, 21 276 жылқы, 154 шошқа бірдейлендіру есебінде тіркеліпті.

Құтыру ауруы табиғи ошақтық індет болып саналатыны белгілі. Былтыр ауданда осы аурудың анықталуы сақтық шараларын барынша күшейтуді қажет еткен көрінеді. Тарқата айтсақ, Аққұм ауылдық округінің тұрғыны Н.Бижігітовтың иті құтыру ауруына шалдыққан болатын. Нәтижесінде 500 шаршы метр болатын аула және ит жатқан орындар толығымен залалсыздандырылыпты. Сол кезде аталған азаматтың ауласына ҚР «Ветеринария туралы» Заңының 10-1 бабына сәйкес ветеринариялық инспекция тарапынан карантин жарияланған екен. Аққұм ауылдық округі бойынша 130 итке құтыру ауруына екпе егіліп, 500 дана құтыру ауруының брикеті ауыл сыртына тасталыпты. Ал аудан бойынша 1 600 итке құтыру ауруына қарсы екпе салынған. Сонымен қатар Аққұм ауылының Жаңақоныс көшесінде тіркелген «Орман» шаруа қожалығында қарасан ауруы анықталған. Осыдан кейін аталған көшедегі жалпы саны 150 мүйізді ірі қараға қарасанға қатысты екпе егіліп, жалпы көлемі 2500 шаршы метр қора-жай залалсыздандырылыпты. Аудан бойынша 2024 жылы Қаратау қаласы, Берікқара, Кеңес, Ойық ауылдарынан бір-бір адам сарып ауруымен ауырса, былтыр Қаратау қаласы мен Үшарал, С.Шәкіров ауылдарынан екі-екі тұрғыннан дертке  шалдыққан. Эхинококкоз ауруымен бұрнағы жылы 4 адам ауырса, Микоз ауруымен – 51, осы дертпен өткен жылы 40 таластық емделіпті.

Қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау жұмыстары да басты назарда. Жалпы  1 175 қаңғыбас ит ауланып жойылса, 33 ит панажайға өткізіліпті. 992-сі жансыздандырылған. Оның ішінде ауылдық округтер бойынша – 436, Қаратау қаласы бойынша 679 қаңғыбас ит ауланып жойылған. Қаңғыбас иттерді аулап жоюға 2 маман, 1 «Уаз» автокөлігі тартылған. Қаржы облыстық ветеринариялық станса есебінен қаралыпты. Қазіргі уақытта 570-і чиптеліп, «Itcor» базасына енгізілген. Сонымен қатар 105 итке кастрация, 15-іне стерилизация жасалған. Қаңғыбас иттерді аулау жұмыстары осы жылдың 10 ақпанында тоқтатылыпты.

Бағдаттың бағдары айқын

Жалпы ауданда ауылдық округтер бойынша 90 маман жұмыс атқарады екен. Оның 33-і жоғары білімді болса, 33-і арнаулы орта, 19-ы орта білімді, бесеуі техникалық қызметкер есебінде еңбек етуде. Ветеринар мамандардың қазіргі уақытта орта жасы 40 жасты құрап отырса керек. Биыл 4 жас маман жұмысқа қабылданған. Қасқабұлақ, Қаратау, Көктал, Тамды ауылдық округтерінде мамандардың жетіспеушілігі байқалуда. Жас мамандар көбіне салада  айлықақының төмендігін және жұмыстың қиындығын алға тартады екен. Дегенмен қолдау да жоқ емес.  Мысалы, 2024 жылы 3 жас маман жәрдемақы алса, өткен жылы 6 жас өтініш білдіріпті. Мал дәрігерлердің ішінде өз ісіне тиянақты, салада жүріп ысылған азаматтың бірі – Бағдат Әліп. Ол Кеңес ауылдық округінде аға мал дәрігер болып жұмыс істейді.

Өңірімізде мал дәрігері бола жүріп ел экономикасына сүбелі үлес қосып келе жатқан жастар жетерлік. Соның бірі біз әңгімелескен Бағдат Әліптің  туған ауылында жүріп, осы салаға етене араласқанына 12 жыл болыпты. Еткен еңбегі қоғам тарапынан бағасыз қалған емес. Өткен жылы ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» белгісімен марапатталуы осы сөзіміздің айғағы. Оның мал дәрігері мамандығын таңдауына анасы Өзипа Ботабаеваның өмір жолы ерекше әсер етсе керек. Өзипа Құлбайқызы да бір кездері «Құлан» ауылшаруашылық колледжінде мал дәрігері мамандығы бойынша білім алған екен. Еңбек өтілінде 20 жылдық тәжірибесі бар Ө.Ботабаева қазір зейнет демалысында. Ұлы Бағдатқа бар білгенін үйретіп, мал емдеудің қыр-сырын жастайынан меңгеруіне себепкер болған ардақты ана. Құрсағын жарып шыққан перзенттерінің арасындағы жалғыз ұлын аяқтандыру – отағасы екеуінің ортақ арманы.

 

Нұрым СЫРҒАБАЕВ