Майлы дақылдардың 90 пайызы елімізде өңделеді
2024-2025 жылдары Қазақстанның май саласы әлемдік нарықта орнын айтарлықтай нығайтты. Өсімдік майы мен шрот экспорты 1,3 миллион тоннадан асып, экспорт көлемі 837 миллион долларды құрады. Биыл Қазақстан күнбағыс майын экспорттау бойынша әлемде 6-орынға көтеріліп, Еуроодақ елдеріне күнбағыс шротын жеткізетін негізгі 3 мемлекеттің қатарына кіріп отыр.
Аграрлық экспорттың жалпы көрсеткіштері де осы үрдісті растайды. «QazTrade» мәліметінше, 2025 жылы ауылшаруашылығы өнімдерінің экспорты 37,8 пайызға өсіп $7,13 миллиардқа жеткен.
Бұл кездейсоқ өсім емес. Сала біртіндеп шикізаттық бағыттан терең өңдеуге көшіп жатыр. Қазақстанда өсірілетін майлы дақылдардың 90 пайыздан астамы ел ішінде өңделеді. Яғни сыртқы нарыққа дайын, қосылған құны жоғары өнім шығарылуда.
Ұлттық майлы дақылдарды өңдеушілер қауымдастығының төрағасы Ядыкар Ибрагимовтың айтуынша, соңғы жылдары сала түбегейлі трансформациядан өтті.
2021 жылдан бері саланың жұмыс қуаты 2,5 есе өсті. Негізгі экспорттық бағыттар – Қытай, Орталық Азия елдері және Еуроодақ. Бұл нарықтарда өсімдік майы мен шрот импорты жылына 40 миллион тоннадан асады. Бұл Қазақстан үшін үлкен мүмкіндік. Саланың бүгінгі қарқыны Мемлекет басшысы белгілеген терең өңдеуді дамыту және елдің сыртқы нарықтағы позициясын нығайту бағытымен толық үйлеседі.
Сауда және интеграция
министрлігінің баспасөз қызметі