Экономика

Алматы апорты экспортқа дайындалуда

Қазақстанның символы саналатын Алматы апорты шетел нарығына шығуға дайындалуда. Жуырда «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы мен Алматы апортын өндірушілер қауымдастығы ынтымақтастық меморандумына қол қойды.

Жақында Германияда өткен «Grüne Woche 2026» халықаралық көрмесіне қатысқан қауымдастық, апортқа еуропалық серіктестердің қызыққанын айтады. Тек алма емес, одан жасалған өнімдер де еуропалықтардың назарына іліккен.

Бүгінде Алматы апортын өндірушілер қауымдастығына 8 шаруашылық кіреді. Жыл сайын олар 1 500-2 000 тонна өнім өндіреді. Әзірге экспорт көлемі төмен. Сондықтан жаңа меморандум тұрақты экспорт жүйесін қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам.

Қауымдастық президенті Роман Сафаровтың айтуынша, Берлиндегі көрмеге QazTrade-тің шақыруымен қатысқан.

Берлинде өткен көрме апорттың экспорттық әлеуетін нақты көрсетті. Әсіресе, қосылған құны жоғары өңделген өнімдерге қызығушылық басым болған. Олардың қатарында пастила, алма чипсы, шырын, сірке суы және кептірілген алма бар.

Меморандум аясында Сауда және интеграция министрлігіне қарасты QazTrade ұйымы апорт өндірушілерді сыртқы нарықта сүйемелдейді. Халықаралық көрмелерге қатысу, келіссөз жүргізу және серіктес табу бағытында қолдау көрсетеді. Жүйелі жұмыс арқасында апорттың географиясы кеңейіп, қосылған құны жоғары ұлттық брендке айналады деп күтілуде.

 

Сымбат ҚУАНЫШ