Сыртқы саудада рекордтық тауар айналымы көрсеткішіне жетті
Өткен жылы Қазақстанның сыртқы сауда айналымы жаңа рекордқа жетті. Дегенмен жалпы көрсеткіш өссе де, сауда профициті соңғы 4 жылдағы ең төмен деңгейге дейін азайды. Мамандар мұны әлемдік шикізат нарығындағы баға құбылысымен және импорт көлемінің артуымен байланыстырады.
Тауар айналымы тұрақты өсіп келеді
Алдын ала дерек бойынша, Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 143,9 миллиард долларға жетті. Бұл – 2024 жылғы нақтыланған көрсеткіштен 1,8 миллиард долларға артық. Соңғы бес жылда сыртқы сауда көлемі тұрақты өсім көрсетіп отыр. 2020 жылмен салыстырғанда айналым шамамен үштен екіге ұлғайған.
2025 жылы экспорт көлемі 79 миллиард долларды құрады. Бұл 2024 жылғы деңгейден және 2022 жылғы тарихи максимумнан сәл төмен. Сарапшылар мұны әлемдік шикізат бағасының төмендеуімен түсіндіреді. Ал импорт керісінше өсіп, 64,8 миллиард долларға жетті (2020 жылы – 38,9 миллиард доллар).
Нәтижесінде сыртқы сауда профициті сақталғанымен, біртіндеп қысқарып келеді. Өткен жылы 14,2 миллиард доллар болды. Салыстырмалы түрде 2024 жылы – 21,3 миллиард доллар, ал 2022 жылы 33,7 миллиард доллар болған еді.
Еуразиялық нарықтағы сауда құрылымы
Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен сауда Қазақстан үшін маңызды бағыттардың бірі болып қала береді. 2025 жылы одақ мемлекеттерімен тауар айналымы 30,9 млрд доллар шамасында сақталды.
ЕАЭО елдерінің жалпы айналымдағы үлесі 21-22 пайыз деңгейінде тұрақтанған. Алайда бағыттар бойынша айырмашылық бар. Мәселен, экспорттың тек 12,8 пайызы осы нарыққа жіберілсе, импорттың 32 пайызы осы аймақтан келеді. Сондықтан бұл бағытта теріс сауда сальдосы сақталған – импорт көлемі экспорттан екі еседен астам жоғары.
Сауда серіктестерінің құрылымы
Қазақстанның сыртқы саудасы бірнеше елге жоғары дәрежеде шоғырланған. Қытай мен Ресей бірге жалпы тауар айналымының шамамен 43 пайызын қалыптастырды. Қытайдың үлесі – 23,7 пайыз (34,1 миллиард доллар), Ресейдің үлесі – 19 пайыз (27,4 миллиард доллар).
Ал импорт құрылымында осы екі елдің жиынтық үлесі 58,9 пайызға жетті. Ресеймен саудада айқын дефицит байқалады – импорт 19,2 миллиард доллар болса, экспорт 8,1 миллиард доллар ғана. Қытаймен өзара сауда салыстырмалы түрде теңгерімді: импорт – 18,9 миллиард доллар, экспорт – 15,2 миллиард доллар.
Экспорт географиясында Еуропа елдерінің орны ерекше. Қазақстан мұнайының негізгі тұтынушылары қатарында Италия (15,6 миллиард доллар) көш бастады. Одан кейін Нидерланд, Франция, Румыния және Грекия орналасқан. Азия нарығында мұнай экспорты негізінен Қытай мен Түркия бағытталған.
Ал экспорттың шамамен үштен екісі бес негізгі тауар тобына тиесілі. Атап айтсақ:
Мұнай және мұнай өнімдері – 39,9 миллиард доллар (экспорттың 50,5 пайызы). Қазақстан мұнайы көбіне Еуропа нарығына жеткізіледі.
Уран – 5,1 миллиард доллар (6,5 пайыз). Негізгі сатып алушылар – Қытай (2,2 миллиард доллар) және Ресей (1,6 миллиард доллар). Қазақстан әлемдегі жетекші уран өндірушілердің бірі саналады.
Тазартылған мыс – 4,1 миллиард доллар (5,2 пайыз). Негізгі нарықтар – Қытай мен Түркия.
Ферросплавтар – 2,1 миллиард доллар.
Бидай және меслин – 1,6 миллиард доллар.
Қазақстанның импорттық қоржыны экспортқа қарағанда әлдеқайда көпсалалы. Ешбір тауар тобы жалпы импорттың 5 пайызынан аспайды. Өткен жылы елге 236,9 мың автомобиль әкелінді. Оның ішінде Қытайдан 163,8 мың көлік жеткізіліп, құны 1,4 миллиард доллар болды.
Автомобиль импортында Америка Құрама Штаттары, Жапония, Германия, Ресей және Оңтүстік Корея өндірушілері де маңызды орын алады.
Екінші орында – дәрі-дәрмек импорты (1,9 миллиард доллар). Негізгі жеткізушілер қатарында Германия, Үндістан, Түркия және Ресей бар.
Одан кейін киім-кешек (1,6 миллиард доллар), телефон құрылғылары (1,5 миллиард доллар) және автокөлік бөлшектері (1,4 миллиард доллар) келеді.
Сарапшылардың пікірінше, Қазақстан сыртқы саудасының тұрақтылығы бірнеше факторға тәуелді болады. Олар – мұнайға тәуелділік, ЕАЭО нарығындағы теріс сальдо және технологиялық импортқа сұраныстың артуы.
2026 жылы сыртқы сауда құрылымы әлемдік шикізат бағасына, ішкі сұраныстың өсу қарқынына және өндірістік әртараптандыру деңгейіне байланысты болмақ.
Ш.МҰҚАН