Үкімет

Көлік хабы қалыптастырылуда

Елімізде алдағы уақытта аса ауқымды инфрақұрылымдық серпіліс болғалы тұр. Президент Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайда елдің даму траекториясында көлік саласының шешуші рөл атқаратынына айрықша назар аударды.

Құрылтайда Мемлекет басшысы автомобиль мен теміржол бағыттарын кеңейту, әуе тасымалын күшейту, мультимодальды логистиканы дамыту – геосаяси жағдайдағы нақты артықшылық екенін айтты. Бұл – тек транзиттік кіріс пен өңірлік байланысты арттыру ғана емес, ұлттық экономиканың ұзақмерзімді бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын фактор.

Президенттің сөзінше, инфрақұрылымдық жобалар ел аумағын ғана байланыстырып қоймай, елімізді Еуразия кеңістігіндегі маңызды көлік-логистика орталығына айналдыруға тиіс. Осы мақсатта автожолдар салу мен жаңғырту, жаңа теміржол дәліздерін іске қосу, әуе қатынасын кеңейту, тарифтік саясат пен шекаралық рәсімдерді жетілдіру бағытында жүйелі жұмыс жалғасады.

Артынша бұл мәселе Үкіметте де көтеріліп, кеңінен талқыланды.

Ал Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев халықаралық әуе қатынастарын кеңейтуге, ұлттық карго-тасымалдаушы қызметін дамытуға және авиаотын бағасын реттеуге басымдық берілетінін алға тартты. Оның айтуынша, басты назар авиатранзит әлеуетін ұлғайтуға бағытталып, әуежайлардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру арқылы өңірлік хаб ретіндегі ұстанымды күшейту көзделіп отыр.

Министр теміржол инфрақұрылымындағы ірі жобалардың да биыл толық іске асатынын жеткізді.

Президент атап өткендей, көлік хабы болу міндеті инфрақұрылым, тарифтік ашықтық пен халықаралық келісімдердің үйлесімді дамуы арқылы іске асуға тиіс. Бұған қосымша қауіпсіздік, кадр даярлау, озық технологиялар мен халықаралық тәжірибе де маңызды рөл атқарады.

Бүгінде еліміздің 13 халықаралық дәлізі бар: 5-еуі теміржол, 8-і автокөлік бағыттары. Бұл еліміздің экспорт, импорт пен транзиттік әлеуетін кешенді дамытуға мүмкіндік береді.

Жиында көтерілген елдік тақырыптарға қатысты Көлік министрлігіне сауал жолдап, нақты жауап алдық. Ведомствоның мәліметінше, көлік саласындағы барлық фактор өзара тығыз байланысты. Инфрақұрылымның сапасы артпайынша, тиімді тариф те, жақсы келісімдер де толық нәтиже бермейді. Қазір елімізде инфрақұрылымның негізгі қаңқасы қалыптасты. Енді оны жетілдіру, халыққа қолжетімді ету мен тарифтік саясатты теңгерімді жүргізу жұмыстары жалғасып жатыр.

Еліміздің Қытай–Еуропа бағытындағы транзиттік әлеуетін арттыруда «Достық – Мойынты» теміржол желісі маңызды орын алады. Жоба іске асқаннан кейін пойыздардың өткізу жылдамдығы артып, шекара маңындағы кептелістер азаяды, тасымалдау уақыты мен шығындары қысқарады.

Ал Көлік вице-министрінің айтуынша, 2029 жылға дейін 11 мың шақырым теміржол желісін жөндеу көзделген. Оның 4,4 мың шақырымы қазірдің өзінде жаңғыртылды. Биыл 1 557 шақырым жолға күрделі жөндеу жоспарланып отыр.

Мемлекет басшысы елдегі автожолдарды барынша дамыту ісіне де көңіл бөлді. Тиісті ведомствоның мәліметінше, 2030 жылға дейін автожол саласын жаңғырту халықаралық даму банктері мен қаржы ұйымдарының қолдауымен, сондай-ақ республикалық бюджет пен жеке сектор қатысуымен жүзеге асырылмақшы.

«Орталық – Батыс» күре жолының құрылысы Астана мен батыс өңірлер арасындағы байланысты қысқартып, Арқалық, Амангелді, Торғай, Ырғыз сияқты аз қоныстанған аумақтарға жаңа экономикалық тыныс сыйлайды. Жоба жол бойындағы сервисті дамытып, аймақтық нарықтардың бірігуіне әсер етеді.

Қазіргі тәуекелдер тек көлік саласына ғана емес, геосаяси және технологиялық кеңістікке де байланысты. Санкциялар, бағыттардың өзгеруі, шекарадағы жүктеменің артуы – бұған дәлел. Осыған байланысты маршруттарды әртараптандыру, шекара инфрақұрылымын жаңғырту мен биылдан бастап киберқауіпсіздік шараларын күшейту қолға алынды.

Ел үшін стратегиялық маңызға ие бағыт – Орта дәліз. Кейінгі жылдары бұл бағытқа Қытай тарапы толыққанды серіктес ретінде қосылды. Ресми келісімдерге сәйкес, Қытай 2029 жылға қарай осы дәліз арқылы жылына 300 мың контейнер жөнелтуді көздеп отыр.

Президент Ұлттық құрылтайдың V отырысында авиация саласын дамыту стратегиялық маңызға ие екенін атап айтты. Мемлекет басшысы халықаралық рейстерді көбейтіп, әуе қатынасын кеңейту, авиациялық жүк тасымалын жолға қою, елді Еуразиядағы маңызды авиациялық хабқа айналдыру міндетін қойды. Президенттің айтуынша, бұл тек экономикалық тиімділік қана емес, еліміздің ашық қоғам ретіндегі беделін де нығайтады.

Көлік министрлігінің дерегінше, Астана мен Шымкентте екінші ұшу-қону жолақтары салынып, Алматы мен Ақтау әуежайлары жаңғыртылады. Өңірлік әуежайларға да инвестициялар тартылып, Атырау, Павлодар және курорттық аймақтарда жаңа терминалдар мен әуе инфрақұрылымдары пайда болады.

Халықаралық рейстер желісі де кеңейіп, жаңа бағыттар ашылады. Бұл еліміздің транзиттік мүмкіндігін арттырып, туризмді дамытуға да серпін береді. Бұған қоса авиаотын инфрақұрылымы жаңартылып, әуе паркі ұлғайтылады, кадр даярлау жүйесі қайта құрылады, ICAO-мен бірге 2050 жылға дейінгі даму стратегиясы әзірленеді.

Бұйыртса, биыл халықаралық рейстер желісі Вена, Токио, Рим, Абу-Даби, Әр-Рияд, Амман, Сиань, Шанхай, Үрімші, Варшава бағыттарында кеңейді. Орталық Азия елдеріне де қосымша рейстер ашу жоспарланған. Осылайша, Президенттің құрылтайда айтқан саяси-стратегиялық бағыты авиация саласындағы нақты жобалармен жалғасып отыр.

 

Нұрбай ЖОЛШЫБАЙҰЛЫ,

журналист