Көктем – мейірім үлестіретін мезгіл
Қыстың қауқары қайтып, күннің шуағы жерге қайтадан шуақты нұрын төге бастады. Ұйқысынан оянған табиғат терең тыныс алғандай күй кешіп тұр. Ауада әлдебір балғын иіс бар. Ол жаңа бастаманың, жаңарудың, тіршіліктің иісі. Қар астында бұғып жатқан қара жер бусанып, бойына қайтадан қан жүгіргендей. Көктем табиғаттың ғана емес, адамның да ішкі әлемінің ояну шағы екенін осыдан білесің.
Қыстың ызғары кеткен сайын көңілдегі кірбің де еріп сала береді. Бір ғана «көктем келді» деген ойдың өзінен бойыңа жылу жүгіріп, мейірімнің самалы маңдайыңнан сипағандай күй кешесің. Ағаш бұтағына біткен алғашқы бүршіктер үміттің кішкентай шамдары іспетті. Кеше ғана қыстың құрсауында бүрісіп тұрғанын ұмытқан тал-дарақ дүр сілкініп, көктемнің лебімен бірге жасыл-желекпен көмкерілер шақтың жақын қалғанын сезінді. Содан желпініп, ауыр-ауыр ойдан арылғандай, тамырына қан жүгіріп, тұла бойын шымырлатып бүршік атқан тәтті сәттің шаттығына бөленіп тұр. Табиғаттың осы бір тылсым күйі жүректі ерекше елжіретеді.
Қыс – қаталдық пен суық кеңістіктің ойға шомған, сабыр мен салмақтылықтың уақыты болса, соның орнын басқан көктем жастық шақтың кепіліндей болған үміт пен нәзіктіктің мезгілі. Осы бір аяулы да шуақты шақтың құшағында адам да іштей түлеп, қайта оралған құстармен бірге жаңа мақсаттарға қанат қағады. Қыстың ұзақ түндерінде қордаланған арман-күдіктер көктем нұрымен, күннің шуағымен бірге сейіле бастайды. Жер қалай бусанып, өніп шыққан көк күн көзіне ұмтылса, адам да солай болашаққа, жақсылыққа, жаңалыққа ұмтылады. Өйткені көктем сөнген, өшкен, сенімсіз сәтсіздіктерді өткен күндердің табалдырығында қалдырып, ұмыттырып, өмірді қайта бастаған кезеңде тап-таза, мөп-мөлдір, жасарған, кеңістікпен бірге жаңарған көңіл сыйлайтын құдіретке ие.

Күннің нұры көбейген сайын сырттағы жылылық ішкі әлемге де жылу береді. Ол бізге тіршіліктің ешқашан тоқтамайтынын, өмірдің үнемі жаңарып отыратынын еске салады. Қыстың қары қанша қалың болса да, оның астында көктемнің дәні жатқанын ұмыттырмайды. Адамның да үміті дәл сондай қанша сынақ көрсе де, бір күні дүр-дүниені жарып шығып, үміті бой көтеріп, қайта көктейді. Содан болса керек, көктемнен тек әсемдік пен нәзіктік емес, батылдық та байқалады. Өйткені ол әлемді уысына алып, жақсылықтың жаршысы болудан тайған емес.
Ал көктемнің алғашқы күнімен бірге келетін бірінші наурыз – Алғыс айту күнін қалай ұмытасың?! Бұл қар еріп, жер бусанып жатқан шақтағы адамдар арасындағы мейірімді үлестіретін күн. Табиғат қалай түлесе, адам жаны да ризашылық арқылы дәл солай түлеп, тазара түседі. Алғыс айту жүректің шынайы лүпілі, көңілдің мөлдір күйі. Бір ауыз жылы сөз жаныңды жылытып, қыстың қырауын еріткендей әсер қалдырады.
Бұл күні біз өткенге көз жүгіртіп, қамқор жандарға ризалығымызды білдіреміз. Қиын сәтте демеу үшін айтылған жылы сөздер, үнсіз көрсетілген қамқорлық бәрі де жүрек төрінен орын алатынын осы күні ұға түсесің. Алғыс айту адамды аласартпайды, керісінше биіктете түседі, ізгілікке жетелейді.
Көктем мен Алғыс айту күнінің қатар келуі тегін емес. Екеуінің де қызметі ортақ қой. Олардың миссиясы жүректі жұмсартып, адамды адамға жақындату. Сондықтан көктем жан жылуының мерейлі мезеті.
Жаңбырлы көктем кешінде терезе алдында отырып, сырттағы тамшылардың тырсылын тыңдау қандай ғанибет. Әр тамшы көктен жерге жеткен көктемнің хабаршысы секілді. Жапыраққа қонған шық өткен күндердің тізбегіндей мөлдірейді. Бұл мезгіл шайырларға шабыт, суретшілерге жаңа бояу, жазушыларға жаңа тыныс сыйлайтын құтты мезгіл екенін әр сәт сайын сезінесің. Иә, бұл мезгіл қайта туу, қайта сену, бәрін қайта бастаудың символы емес пе?! Әр бүршік болашақтың белгісі болса, әр тамшы тазалықтың нышаны. Ал атқан таң жаңа мүмкіндік. Себебі көктем адамды үмітсіз қалдырмайды. Ендеше, оны қалай сүймейсің, қалай жырламайсың?! Ақын Күләш Ахметова апамыздың көктем жайлы жыр шумақтары әр көктемде ойға орала береді. Ендеше, көктеммен бірге оқып көрейікші:
Бұл көктемді алты ай қыс күтіп едіңдер,
Осылай басталады екен бүкіл өмірлер.
Тал, теректер, түн бойы толғақ қысып,
Бебеу қағып, ыңырсып, уһілеңдер.
Азабыңды түсіндім мен басыңдағы,
Дөңбекшиді қою бұлт – қорғасын дағы.
Сезінгендей майданды енді осындағы –
Түні бойы сыңсыған жел басылмады.
Мұндай кезде қалайша тыншымақ қырлар,
Күндіз сезген қуатын күншуақтың қар.
Қас қарая толғатқан ана – ағаштар,
Таң ата талықсып барып, бүршік аттыңдар!
Көктем ғой бұл жылынар суық құмдар да.
Көк теректер, айтпай-ақ мұны ұқтыңдар ма
Күн нұрымен маужырап қалғисыңдар,
Түні бойғы күресті ұмыттыңдар ма?
Өмірге өмір қосып, тынықтыңдар ма?
Мен білемін бұл таңды шын күткеніңді,
Түні бойы сездіріп тірлікке мұңды.
Күн шыққанда тұрсыңдар жасыра алмай
Шуақ кескен көк бүршік – кіндіктеріңді.
Жер-Ана да бұл сәтті күтіпті ай, күннен,
Күрсінді ол да жасыңды жұтып қайғыңмен.
Түніменен толғатқан көк теректер,
Таң ата бүр жарғандарыңмен құттықтаймын мен!
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ