Жамбыл жаңалықтары

Шаттығы шалқыған шаңырақ

Көктемнің алғашқы лебімен бірге келетін Алғыс айту күні – адам жанының да жаңғырып, көңілге шуақ ұялататын ерекше мерекесі. Бұл күн – ел бірлігінің бекемдігін паш етіп, ұлттар арасындағы сыйластықтың алтын көпіріне айналған, ақ ниет пен шынайы ризашылықтың символы.

Осынау берекесі мен бірлігі жарасқан мерекенің мәнін терең ұғынған құтты шаңырақтар қасиетті Қордай өңірінде де аз емес. Солардың ішінде татулықты босағасының тұмары етіп, отбасылық құндылықтарды биік қоя білген Сергей мен Индираның шаңырағы – нағыз өнегелі отау. Қос жүректің үндестігінен құралған бұл отбасы берекелі бірліктің, таусылмас сыйластықтың және мемлекетіміздің басты байлығы болған ұлтаралық татулықтың жарқын көрінісі іспеттес.

Осыдан 13 жыл бұрын Индира Сейдахметова жақындарына тұрмысқа шығатыны туралы жаңалықты жеткізеді. Болашақ жарының есімін айтқан сәтте бәрі үнсіз қалған. Күйеу бала ретінде қазақтың қарапайым қара баласын күткен олар үшін қызының таңдауы тосын жағдай болды. «Демек, тағдыр» деп келісімін берген әкесі екі жасқа ақ батасын берген. Ал бүгінде Сергей Индираның туыстарының арасында «ең керемет күйеу бала» атағына ие.

Ерлі-зайыптылар өмір сүріп жатқан әрбір күнді көктен келген сый ретінде қабылдайды. Бірнеше жыл бұрын дәрігерлер Сергейге ауыр диагноз қойыпты. Тағдырдың ауыр сынына ұшыраған оған бұл сәтте көңіліне медет болып, демеп, қолдау көрсеткен де – отбасы.

Сергей мен Индираның отбасы – әртүрлі мәдениеттер мен дәстүрлерді үйлестірген, сыйластық пен адамгершілікті бірінші орынға қойған үлгілі шаңырақ. Мұндай шаңырақ әрбір қоғам үшін үлгі боларлықтай, өйткені ең басты байлық – бұл адамдары бір-біріне шын жүректен сенім артып, бірге өмір сүретін отбасы.

 

Сымбат ҚУАНЫШ