Руханият

Адамды да, қоғамды да емдейтін құндылық

Алғыс айту – біреудің екінші біреуге ықыласын білдіруі, ризашылық танытуы ғана емес, халқымыздың жандүниесі мен болмысынан тамыр тартқан терең рухани дәстүр. Қазақ танымында алғыс пен бата егіз ұғым. Белгілі әдебиеттанушы, тілші ғалым Ахмет Байтұрсынов: «Бата – біреуге алғыс бергенде айтылатын сөз» деген еді. Бұл сөздің астарында ұлттың рухани мәдениеті, ізгілікке құрметі жатыр.

Алғыс айту – қоғам мүшелерінің Алладан, адамдардан, табиғаттан алған жақсылықтарына оң жауап беру мүмкіндігін беретін игі амал. Көптеген зерттеулерде алғыс айту адам бойындағы ең маңызды қасиеттердің бірі ретінде айқындалған. Ежелгі Римнің саяси қайраткері Цицерон алғыс айтуды барлық ізгі істің бастаушысы, негізін салушысы деп түсінген. Ғасырлар бойы философтар мен ойшылдар бұл пікірмен үндесіп, ризашылықты ізгілік өлшемі ретінде қарастырған.

Бүгінгі таңда алғыс айту тек рухани немесе діни ұғым емес, ғылыми тұрғыдан да дәлелденген психологиялық, тұлғааралық және физикалық пайдасы бар құндылық. Осы орайда түрлі сала мамандарының пікіріне сүйене отырып, алғыс айтудың адам өміріндегі маңызын саралап көрдік.

 

ЖАНДЫ ЕМДЕЙТІН КҮШ

 

«Анаға тағзым» облыстық отбасылық даму әлеуметтік орталығының психологі Бану Бүрібаева алғыс айтудың адам психикасына тікелей әсер ететінін айтады.

Психологтың айтуынша, алғыс айту ренішті азайтып, қарым-қатынасты нығайтады.

 

РИЗАШЫЛЫҚ БАР ЖЕРДЕ ТАТУЛЫҚ БАР

 

Ал Байзақ ауданындағы Сарыкемер мектеп-тірек гимназиясының математика пәнінің мұғалімі Гүлбағира Тәтібекова алғыс айтуды қоғамды біріктіретін маңызды құндылық деп санайды.

 

КІШІПЕЙІЛДІКТІҢ КӨРІНІСІ

 

Сондай-ақ облыстық «Һибатулла-Тарази» мешітінің наиб имамы Нұрлан Мұрат алғыс айтудың діни және рухани маңызына тоқталды.

Имамның айтуынша, алғыс айту белгілі бір күнмен шектелмейді. Ең әуелі адам баласы өзіне өмір сыйлаған, сансыз нығмет берген Жаратушысына алғыс айтудан бастау керек. Одан кейін ата-анасына, ұстазына, туған-туысына, жалпы өмірінде кездескен әр адамға ризашылық білдіру қажет. Өйткені әр адамнан белгілі бір сабақ аламыз.

Нұрлан Мұрат алғыс айтудың адам өміріне әсерін нақтылап өтті.

– Біріншіден, адам өзіне берілген жақсылықтардың қадірін түсінеді, өмірдің мәнін терең сезінеді. Екіншіден, адамдармен қарым-қатынасы нығайып, өзі де тартымды бола түседі. Үшіншіден, көңіл күйі жақсарып, жақсы өмір сүруге талпынады. Төртіншіден, туыстық қарым-қатынас нығайып, ерлі-зайыптылар арасында сыйластық пен махаббат артады.

Алғыс айту – кішіпейілдіктің көрінісі. Ал кішіпейілділік – мұсылман бойынан табылуы тиіс ең негізгі сипаттардың бірі, – дейді имам.

 

РУХАНИ ТЕПЕ-ТЕҢДІКТІҢ ТІРЕГІ

 

Ал Тараз қалалық перинаталдық орталықтың бас дәрігерінің орынбасары Айнұр Нәлібаева медицина саласындағы алғыс сөзінің маңызына байланысты ойын ортаға салды.

Алғыс айту адамды ішкі тұрақтылыққа жетелейді, қарым-қатынасты нығайтады, қоғамда сенім қалыптастырады, мейірімділік пен бауырмалдықты арттырады, тәкаппарлық пен көреалмаушылықты азайтады.

Алғыс айту – әлсіздік емес, керісінше, рухани кемелдіктің белгісі. Ризашылық бар жерде сенім бар. Сенім бар жерде татулық бар. Ал татулық орнаған қоғамда береке мен тұрақтылық салтанат құрады.

 

Айжан ӨЗБЕКОВА