200-ден аса тұрғын алаяқтардың арбауына түскен
Өткен жылы облысымызда қаржылық алаяқтыққа қатысты 4 қылмыстық іс тіркелген болса, оның басым бөлігі Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 217-1 бабы бойынша, яғни қаржы пирамидасын заңға қайшы жарнамалауға қатысты болған. Жалпы соңғы үш жыл аралығында аймақта 200-ден аса азамат алаяқтардың құрығына түскен. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Нұрбол Рахметов мәлімдеді.
Спикердің айтуынша, азаматтарымыздың қаражатын тартып алу үшін алдап-соғып жатқан қаржылық алаяқтықтармен күресу – қазіргі қоғамдағы ең өзекті мәселе. Жыл сайын елімізде әлеуметтік желілер арқылы, оның ішінде интернет-ресурстардағы жарнама, «YouTube» арналары және мессенджерлер арқылы мыңдаған адам осы заңсыз әрекетке ұрынады екен.

Баяндамашы алаяқтықтың жаңа түрі «дропперлік схемаларын» ерекше атап өтті. Осы схемалар бойынша алаяқтар азаматтарға заңсыз қаржылық операцияларды жүргізу үшін жеке банктік карталарын пайдалануға ұсынады екен.
Тұрғындардың қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында департамент профилактикалық іс-шараларды тұрақты түрде жүргізіп тұрады. Былтыр қаржылық пирамида белгілері бар сайттарды бұғаттау үшін 6 мың сілтеме бұғатталған. 1900 қатысушылары бар мессенджерлерде 5 чат жабылыпты.
Сонымен қатар қазіргі таңда құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша профилактикалық іс-шараларға көп көңіл бөлінуде. Департамент тарапынан халық көп жиналатын жерлерде және интернет желісінде қаржы пирамидалардың алдын алу бойынша бейнероликтер орналастыруда, одан басқа жергілікті және республикалық телеарналарда түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр екен.
Мұнымен қатар облыстық екі форум және қаржылық қауіпсіздік бойынша диктант ұйымдастырылыпты. Облыстағы жоғары оқу орындары мен оқу орындарында қаржылық қауіпсіздік бойынша 20-дан астам дәріс оқылған.
Ақтоты БЕКЕНҚЫЗЫ