Жаңалықтар

Конституциялық реформа жаңғыруға жол ашады

Кеше М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемовтың қатысуымен оқытушы-профессорлар құрамымен және белсенді жастармен маңызды кездесу өтті. Жиын барысында конституциялық реформалардың мән-маңызы мен алдағы басымдықтар кеңінен талқыланды.

Жиын модераторы Серік Жақсылықұлы маңызды басқосуды кіріспе сөзбен ашып, мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту мен құқықтық реформалардың қоғам дамуындағы рөліне тоқталды. С.Сәлемов конституциялық реформаға енгізіліп отырған өзгерістерді мемлекетіміздің дамуына, жастардың болашағына және қоғамның жаңаруына тікелей әсер ететін үдеріс ретінде бағалады. Айтуынша, жоба кең көлемде қоғамдық талқылаудан өткен. Конституцияны әзірлеу барысында азаматтардан 10 мыңға жуық ұсыныс түсіпті. Бастысы әрбір адам өз пікірін білдіруге мүмкіндік алған. Нәтижесінде ұсыныстар арнайы комиссия тарапынан сараланып, мазмұнды бөліктері құжатқа енгізілген.

Одан әрі «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы Қасымхан Төлендиев сөз алып, әділетті қоғам орнату мен жемқорлықпен күрестегі азаматтық ұстанымның маңыздылығын атап өтті.

Мұнан соң Қазақстан Республикасы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің облыс бойынша өкілі Еркін Қуанышев реформалар аясындағы азаматтардың құқықтық кепілдіктері мен жаңа мүмкіндіктеріне тоқталды.

Сонымен қатар жиында тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының директоры Сауран Қалиев ұлттық құндылықтар мен тарихи мұраны сақтаудың маңызын тілге тиек етті. Сондай-ақ жазушы, облыстық «Aq jol» газетінің бас редакторы Оралхан Дәуіт елдегі рухани жаңғыру мен сөз бостандығы төңірегіндегі ойларымен бөлісті. Ал, профессор Айгүл Кабиева білім мен мәдениет саласындағы өзгерістерге тоқталып, жастарды білім жолында белсенді болуға шақырды.

 

Ақтоты БЕКЕНҚЫЗЫ