Жаңалықтар

Референдумға дайындық барысы пысықталды

Алдағы 15 наурызда республикалық референдум арқылы қазақстандықтар еліміздің болашағын айқындау үшін өз таңдауын жасайтыны белгілі. Еліміз үшін аса маңызды саяси науқанды өткізетін күн де таяп келеді. Осыған орай жер-жерде референдумға дайындық жұмыстары күшейтілуде. Кеше облыс әкімдігінде де кеңес өтіп, онда республикалық референдумды өткізуге арналған іс-шаралар жайы пысықталды. Басқосуға Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман, облыстағы құқық қорғау және уәкілетті органдардың басшылары, қала, аудан аумағындағы референдум комиссияларының төрағалары, коммуналдық қызмет көрсету мекемелерінің басшылары қатысты.

Жиынды ашып, жүргізген облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес өтетін алдағы референдум еліміздің саяси өміріндегі маңызды оқиға саналатынын, бұл әрбір азамат үшін ерік білдіруге, ел тағдырына қатысты маңызды шешім қабылдауына берілген тікелей мүмкіндік екенін сөз етті. Сонымен қатар аталған шараны жоғары деңгейде әрі заң талаптарына сай өткізу басты міндет екенін атап өтті.

Облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Серік Құрманбековтің айтуынша, өңірде референдумға дайындық жұмыстары күнтізбелік жоспарға сай жүргізілуде. Өңірде дауыс беру құқығына ие 721 993 адам тіркелген екен.

Жиын барысында облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов сөз алып, облыс бойынша 12 аумақтық сайлау комиссиясының 84 мүшесі және 513 учаскелік сайлау комиссиясының 3 577 мүшесі қызмет көрсететінін сөз етті.

Жалпы кеңес отырысында осы секілді референдумды ұйымдастыру, өткізу тәртібі, заң талаптарын сақтау және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын үйлестіру мәселелері әңгіме өзегіне айналды. Сонымен қатар дауыс беру процесінің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз ету бағытындағы міндеттер тақырыпқа арқау болды.

 

Нұрым СЫРҒАБАЕВ