Мектеп оқушылары үшін кезекті рет «Ашық есік күні» ұйымдастырылды
«Ашық есік күні» іс-шарасы – мектеп оқушылары мен колледж студенттері үшін мол мүмкіндіктерге жол ашады.
Өйткені, дәл осы шара барысында олар әрбір мекеменің тыныс-тіршілігімен танысса, ал аға буын өкілдері болашақ ізбасарларына өз тәжірибесімен бөлісуге мүмкіндік алады.
Бүгін «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» облыстық филиалында мектеп оқушыларының қатысуымен нақ осы форматта жиын өтті. Онда жамбылдық жолшылар жасөспірімдерге бағыт-бағдар беріп, жол саласының қыр-сырын тәжірибе негізінде үйренулеріне қолайлы жағдай жасады.

Бұл күні Тараз қалалық білім бөліміне қарасты Өмірбек Жолдасбеков атындағы №50 орта мектептің оқушыларына сапа орталығының зертханасы жөнінде мол мағлұмат беріліп, онда іс жүзінде жолдың жай-күйі қалай анықталатыны көрсетілді. Зертхана меңгерушісі Дәурен Хасенов мекеменің негізгі атқаратын міндеті мен елімізде жол сапасын арттыру мақсатында қолға алынған шаруалар туралы айтса, бірінші санатты инженер Жұмахан Шәкірбаев мекеменің негізгі атқаратын міндеті мен елімізде жол сапасын арттыру мақсатында қолға алынған шаруаларға тоқталды.
Іс-шара соңында кішкентай қонақтар ҚАЖ сервис жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жай-күйін көзбен көрді. Айта кетейік, қара жолды күтіп-баптау жұмыстары 24/7 режимінде жүргізіледі. Өз кезегінде мектеп оқушылары жол саласының қыр-сырына қанықтырған жолшыларға ризашылығын білдірді.