Үкімет өңірлердің су тасқынына дайындық барысын тексеруді бастады
Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев жұмыс сапары барысында Қарағанды облысы өңірінің су тасқыны кезеңіне дайындығын тексерді, деп хабарлайды arainfo.kz
Сондай-ақ су басу қаупі бар Бұқар жырау, Қарқаралы, Шет және Абай аудандарындағы негізгі гидротехникалық құрылыстар мен елді мекендердің жағдайын бағалады.
Нұра өзенінің арнасы бойында Вице-премьер Көкпекті, Байқадам, Петровка, Сарытөбе, Ботақара, Шешенқара ауылдарын, сондай-ақ «Байқадам» және «Миньковская» су бөгеттерін және Ащысу су қоймасын қарап шықты. Шерубай-Нұра өзені бойында Қарашоқы, Бесоба, Ақсу-Аюлы, Қайрақты, Нұраталды, Ақсу және Шопа елді мекендері тексерілді. Сонымен қатар Красная Поляна ауылындағы қорғаныс бөгеттірінің жай-күйі қаралды.
Абай ауданында Южный, Құлаайғыр және Тасзаемка ауылдары, сондай-ақ «Шерубай-Нұра» және «Жартас» су қоймаларының жағдайы зерделенді. Бұдан бөлек, Қанат Бозымбаев Самарқанд су қоймасы гидроторабының жұмысымен танысып, Чкалов ауылындағы қорғаныс бөгеттерін тексерді.