Мемлекет басшысы XXV Қысқы Олимпиада ойындарының чемпионы Михаил Шайдоровты марапаттады
Ақорда резиденциясында XXV Қысқы Олимпиада ойындарының жеңімпазы Михаил Шайдоров пен оның жаттықтырушыларын марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды arainfo.kz
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты іс-шарада сөйлеген сөзінде Қазақстан үшін бұл Олимпиаданың орны ерекше екенін айтты. Президент отандасымыздың мәнерлеп сырғанаудан алтын медаль жеңіп алып, көк Туды Олимп шыңына көтергенін ерекше жетістік ретінде бағалады.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жеңістің тарихи маңызына да тоқталды. Оның айтуынша, бұл – Қазақстанның 32 жылдан кейін қол жеткізген тарихи жүлдесі әрі мәнерлеп сырғанаудан ел қоржынына түскен алғашқы Олимпиада алтыны. Сондай-ақ Президент әлемге әйгілі спортшы Денис Теннің жолын жалғастыратын дарынды жастардың бар екенін атап өтті.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев чемпионның әкесі әрі алғашқы бапкері Станислав Шайдоровтың еңбегіне ерекше тоқталды.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы чемпионның бапкері, 1994 жылғы Олимпиада жеңімпазы әрі әлем чемпионы Алексей Урмановқа ыстық ықыласын білдірді. Президент оның кәсіби шеберлігінің арқасында лайықты ізбасар тәрбиеленгенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жетістікке салалық министрлік пен федерацияның, сондай-ақ Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің елеулі үлес қосқанын айтты. Аталған ұйымды бүгінде әйгілі боксшы, Дүниежүзілік бокс даңқы залына енген Геннадий Головкин басқарады.
Президенттің сөзінше, отандастарымыз Михаилдың еркін бағдарламадан кейінгі күрделі сәттерін ерекше толқумен бақылаған. Алайда спортшы тәуекелге барып, басты бәсекеде жеңісті жұлып алды.
Рәсім барысында Михаил Шайдоров ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды. Алексей Урманов ІІ дәрежелі «Достық» орденін иеленді. Ал ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Әсем Қасанова, жаттықтырушы Станислав Шайдоров және федерация президенті Бауыржан Ералы «Құрмет» орденімен наградталды. Президент Олимпиада чемпиондарының есімі әлем спортының жылнамасына жазылатынын, олардың жетістіктері Халықаралық Олимпиада комитетінің Лозанна қаласындағы музейінде тіркелетінін атап өтті. Енді түрлі елдің туристері Михаил Шайдоровтың 2026 жылғы Олимпиададағы тарихи жеңісі туралы білетін болады.
Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, екі жылдан кейін атлеттеріміз Лос-Анджелесте өтетін Жазғы Олимпиада ойындарына қатысатынын еске салды
