Талабымен танылған тігінші
Ауданда он саусағынан өнер тамған, ұлттық құндылықтарды заманауи үрдіспен ұштастырып жүрген шеберлер аз емес. Қуантатыны, сол қатардың жыл өткен сайын жастармен толығып келе жатқаны. Осындай ізденімпаз, талантымен танылып жүрген жас шеберлердің бірі – Шу қаласының тұрғыны, тігін өнерінің майталманы Айдана Үстемірова.
Айдана 1994 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Кейін ата-анасының шешімімен Шу ауданына қоныс аударады. 2001 жылы Шу қаласындағы Тұрар Рысқұлов атындағы орта мектептің табалдырығын аттап, 2012 жылы үздік аяқтайды.
Оқушы кезінен-ақ кейіпкеріміздің сурет салуға, киім үлгілерін ойластырып, эскиз жасауға, қолөнер бұйымдарын дайындауға деген қызығушылығы ерекше болды. Қарапайым қағаз бен қарындаштан басталған арман уақыт өте нақты мақсатқа айналды.
Арманына қол созған Айдана Алматы технологиялық университетіне оқуға түсіп, тігін ісінің қыр-сырын кәсіби деңгейде меңгерді. Қолына дипломын алған соң бірнеше тігін цехында жұмыс істеп, тәжірибе жинақтады. Жинаған тәжірибе мен ішкі сенім оны өз кәсібін ашуға жетеледі. Сөйтіп осыдан тура алты жыл бұрын Шу қаласынан жеке тігін шеберханасын ашады.
Шебердің басты ерекшелігі – ұлттық нақышқа деген шексіз сүйіспеншілігі. Әсіресе қазақы ұлттық киімдер тігуді жаны сүйеді. Оның шеберханасынан заманауи үлгіде тігілген қамзолдар, көйлектер, шапандар, ұлттық өрнекпен әшекейленген сәнді бұйымдарды көптеп кездестіруге болады. Бұдан бөлек, бас киімдер, ұлттық нақыштағы көрпешелер, сөмкелер, тіпті балаларға арналған ойыншықтар да көздің жауын алады. Әрбір бұйымынан қазақы болмыстың иісі аңқып тұрады.
Айдана үшін тігін – жай ғана кәсіп емес, ол – жүрек қалауы, ұлттық рухты жеткізудің бір жолы.
Айдана қолынан келгенін, осы күнге дейін жинаған тәжірибесін өзгелерге үйретуге бел буып, шәкірт тәрбиелеу жолында да еңбек етіп келеді. Бұл бағытта ол Төле би ауылындағы Балалар-жасөспірімдер орталығында «Киімді үлгілеу және құрастыру» үйірмесінің жетекшісі ретінде жұмыс істеуде.
Өнер мен еңбекті қатар алып жүрген жас шебердің бүгінгі жетістігі – тынымсыз еңбектің, талғам мен табандылықтың жемісі. Ұлттық өнерді жаңғыртып, оны жас ұрпаққа насихаттап жүрген Айдана сынды жандар барда қазақ қолөнерінің көкжиегі кеңейе берері анық.
Балнұр ЖЕКСЕНБЕКҚЫЗЫ,
журналист,
Шу ауданы