Жастар

Жас курсанттарға әскери қызметкерлер сабақ өтеді

Тараз қаласында ашылған Бауыржан Момышұлы атындағы мамандандырылған әскери мектеп-интернат өңірдегі әскери бөлімдермен тығыз байланыс орнатып, бірлескен жұмыстарды жүйелі түрде жүргізе бастады.

Оқу орны мен әскери құрылымдар арасындағы өзара іс-қимыл тәжірибе алмасуға, ортақ іс-шаралар ұйымдастыруға және оқушылардың әскери өмірмен ерте танысуына мүмкіндік беріп отыр. Сонымен қатар мектеп тәрбиеленушілері әскери бөлімдердің тыныс-тіршілігімен танысып, жауынгерлік дайындық үдерісін көріп, тәртіп пен жауапкершіліктің мәнін іс жүзінде түсінуде. Ал әскери қызметкерлер жасөспірімдерге бағыт-бағдар беріп, тәжірибелерімен бөлісуде.

Осы жолдағы елеулі оқиғаның бірі ретінде білім ордасы мен Әуе қорғанысы күштері Ұшқышсыз ұшу аппараттарын жауынгерлік даярлау және қолдану оқу орталығы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумды болады. Жақында әскери мектеп-интернаттың директоры Әлішер Әзімбай мен Ұшқышсыз ұшу аппараттарын жауынгерлік даярлау және қолдану оқу орталығы бастығының орынбасары, полковник Серік Жараспаев өзара іс-қимыл мен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл келісім алдағы уақытта екі ұжымның бірлесе жұмыс істеп, жемісті байланыс орнатуына даңғыл жол ашпақ. Сонымен қатар меморандум әскери мектеп-интернат оқушыларына алдағы уақытта ұшу алаңдарына барып, кәсіби мамандардың жұмысын өз көзімен көруге және әскери мамандықтың қыр-сырымен жақыннан танысуға зор мүмкіндік береді.

Әскери қызметшілердің сапары аясында Ұшқышсыз ұшу аппараттарын жауынгерлік даярлау және қолдану оқу орталығының офицерлері мектептің тыныс-тіршілігімен танысып, шәкірттермен кездесті. Иығына шен таққан меймандар балаларға өз мамандықтарының қыры мен сырын ақтарыла айтып, ұшқышсыз авиациялық жүйелердің даму бағыттары туралы тың ақпараттармен бөлісті. Сонымен қатар, әскери делегация құрамында Әуе қорғанысы күштері әскери институтының курсанттары да болды.

Қазіргі таңда оқу орталығы базасында әскери тағылымдамадан өтіп жатқан болашақ офицерлер үшін мектеп оқушыларымен жүздесу тәжірибелік дайындықтың маңызды әрі тағылымы мол бөлігіне айналды. Әскери қызметкерлер қатарына қосылған интернационалист-жауынгерлер де өскелең ұрпақпен кездесуді жастардың бойында әскери-патриоттық рухты қалыптастырудың басты тетігі деп санайды.

Әскери қызметшілердің ерекше назары мектеп-интернат базасындағы робототехника үйірмесінің жұмысына ауды. Мектеп тәрбиеленушілері бүгінде ұшқышсыз авиациялық жүйелерді қолданудың теориялық негіздерін белсенді меңгеріп қана қоймай, дрондарды құрастырудың алғашқы қадамдарын бастап кеткен. Осы ретте Ұшқышсыз ұшу аппараттарын жауынгерлік даярлау және жауынгерлік қолдану оқу орталығының мамандары жас инженерлерге жан-жақты қолдау көрсетуге уәде берді.

Ұшқышсыз ұшу аппараттарын жауынгерлік даярлау және қолдану оқу орталығы бастығының орынбасары, полковник Серік Жараспаев жас курсанттарға әскери салаға қалай келгені туралы сыр шертті.

Әскери мектеп-интернаттың директоры Әлішер Әзімбай орталықтың басшылығына ризашылығын білдірді. Ол мектептің жас курсанттары үшін нағыз тәлімгерлердің табылғанын және бұл бастама өскелең ұрпақтың бойындағы отансүйгіштік сезімді одан әрі шыңдай түсетінін ерекше атап өтті.

Ақтоты БЕКЕНҚЫЗЫ