Әлеумет

Инклюзивті орта құру – ортақ парыз

Елімізде мүгедектігі бар адамдарға әлеуметтік қолдау көрсету мәселесі назардан тыс қалған емес. Себебі кез келген адамның қоғамда өз орнын табуы, еш кедергісіз жүріп-тұруы, білім алуы, еңбек етуі, әжуа, қысым, кемсітуге ұшырамай, тең құқықта өмір сүруі заңмен реттелген. Одан бөлек, ерекше қажеттілігі бар азаматтар үшін қолайлы орта қалыптастыру – маңызды міндеттің бірі.

ӘЛЕУМЕТТІК ҚОЛДАУ ЖҮЙЕЛІ ЖАЛҒАСУДА

Осы ретте халықаралық деңгейдегі қағидаларға назар аударсақ, Біріккен Ұлттар Ұйымы қабылдаған мүгедектердің құқықтары туралы Конвенция мүгедектігі бар адамдардың басқа азаматтармен тең құқықта өмір сүруін көздейді. Яғни, тағдыр тәлкегіне ұшырағандар мүгедектігі бар екенін растайтын қандай да бір санатқа жатқызылғанына қарамастан білім алуға, жұмыс істеуге, емделуге, ақпаратқа қол жеткізуге толық құқылы. Ал қоғамда олардың қол созған қажеттілігі кез келген жағдайда қолжетімді болуы тиіс. Сондықтан да әлемнің көптеген елінде қазіргі уақытта осы талапқа сай жұмыстар жүргізілуде. Осы Конвенцияға Қазақстан да қосылған. Соған сәйкес заңдар қабылданып, түрлі бағдарламалар іске асырылып жатыр. Мәселен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында мүмкіндігі шектеулі жандарға барынша қолайлы жағдай жасау керектігін баса айтқан болатын. Әсіресе мүгедектікті анықтау рәсімдерін түбегейлі жеңілдету қажет екеніне айрықша тоқталды. Қазір күтімге мұқтаж адамдар өзіне тиесілі әлеуметтік қызметтерді алу үшін көп қиындық көріп жүргені сынға алынды. Президент өз сөзінде: «Келесі маңызды мәселе – мүмкіндігі шектеулі адамдарға барынша қолайлы жағдай жасау. Ең алдымен, барлық санаттағы мүгедектікті анықтау рәсімдерін түбегейлі жеңілдету керек. Қазір күтімге мұқтаж адамдардың өзіне тиесілі әлеуметтік қызметтерді пайдалануы өте қиын», – деді.

Осы ретте біз Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Жамбыл ауданында қандай жұмыстар атқарылып жатқанына назар аударған едік. Аудан әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Жомарт Телеуовтің айтуынша, ауданда 1 475 мүгедектігі бар азамат тіркелген. Ал мүгедектігі бар балалар саны 328-ді құрайды.

 

ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАР ТАЛАПҚА САЙ БЕЙІМДЕЛУДЕ

Жамбыл ауданында 2025 жылы мүгедектігі бар адамдарды гигиеналық және компенсаторлық құралдармен қамтамасыз ету мақсатында 186 миллион 988 мың теңге бөлініпті. Мәселен протездік-ортопедиялық құралдарға өткен жылы 336 жамбылдық өтініш беріп, барлығы қажетті құралмен қамтылған. Зағип немесе көру қабілеті төмен азаматтарға тифлотехникалық құралдар берілген. Өткен жылы 61 өтініш түсіп, 60 адам қамтылыпты. Құлағының мүкісі барларға ымдау тілі мамандары қызмет көрсетсе, былтыр 34 адамға осындай қызмет қажет деп танылып, 16 миллион 292 мың теңге бөлінген. Өтініштердің барлығы орындалған. Бұдан бөлек сурдотехникалық құралдар, яғни есту аппараттары мен оған қажетті құрылғылар үшін 58 адам өтініш беріп, түгел қамтылған. Жеке көмекші қызметін 2025 жылы 16 адам тұтынған. Арнайы жүріп-тұру құралдары, оның ішінде кресло-арбаларға 12 миллион 802,6 мың теңге қаралған. 55 өтініштің 54-і орындалса, бір тапсырыс орындалу сатысында тұрған көрінеді. Санаторлық-курорттық емдеуге қатысты 340 тұрғын ем қабылдаған. Жалғызілікті немесе айрықша күтімді қажет ететін және балаларды қоса алғанда барлығы 70 адамға үйге барып көмек көрсету 11 әлеуметтік қызметкер арқылы ұсынылған.

Айта кету керек, 2024 жылға жоспарланған 17 нысан да жүз пайыз бейімделген екен. Бұл бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасып келеді. Мысалы, мүгедектігі бар азаматтарға қолайлы орта қалыптастыру жұмыстары осы жылы да жалғасуда. 2026 жылға аудан әкімінің орынбасарының келісімімен тағы 7 нысан бейімдеу жоспарына енгізіліпті. Қазір сол жоспарға сәйкес дайындық және ұйымдастыру шаралары жүргізіліп жатса керек.

Жалпы алғанда, Жамбыл ауданында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қоғам өміріне белсенді араласуына жағдай жасау ісі тұрақты бақылауда. Нысандарды бейімдеу арқылы олардың білім алуға, емделуге, спортпен айналысуға және мәдени орындарға еркін баруына нақты мүмкіндік жасалып отыр.

 

КӘСІП АШҚАНДАР ҚАТАРЫ АРТЫП КЕЛЕДІ

Тұрақты жұмысы бар адамның алып жүрген айлықақысы тым төмен болмаса, өзгеге алақан жаймай күн көруіне жетеді. Ал жұмыссыз жүрген адам біріншіден өзінің өмір сүру жағдайын қиындатса, екіншіден мемлекет үшін әлеуметтік мәселе туындатады. Сондықтан да мемлекет қоғамды жатыпішер жалқаулардан арылтуды, лажы болса кез келген еңбекке жарамды азаматты жұмыспен қамтуға барынша жағдай жасауда. Бұл ретте өндіріс орындарын көптеп ашу арқылы халықты жұмысқа орналастыру, кәсіпкерлікті дамыту, жастар мен мүгедектігі бар азаматтарды қандай да бір бағдарлама арқылы жұмысқа тарту, кәсіпкерлік негізде оқыту секілді жұмыстарды үздіксіз жүргізіп келеді. Әсіресе кәсіп ашамын дегендерге қайтарымсыз грант, жеңілдетілген несие ұсыну қарастырылған. Арнайы оқу курстары ұйымдастырылып, жұрт жаңа мамандық игеруге мүмкіндік алуда. Ауыл тұрғындарына, көпбалалы аналарға, жастарға, зейнет жасына жақындаған азаматтарға арналған түрлі жобалар жүзеге асуда. Сонымен қатар жұмыс берушілерге де қолдау көрсетілуде. Бұл ретте мемлекет әлеуметтік жұмыс орындарын ашып, еңбекақының бір бөлігін субсидиялауда. Электрондық еңбек биржасы арқылы бос жұмыс орындары жарияланып, жұмыс іздеуші мен жұмыс беруші тікелей байланыс орнатуда. Осы арқылы халықтың табысын арттыруға, кедейлікті азайтуға, елдегі әлеуметтік ахуалды дұрыстауға баса назар аударылуда.

Жамбыл ауданында да жұртты жұмыспен қамту жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Жұмыс іздеген әр адамға бағыт-бағдар беріліп, тиісті бағдарламаларға қатысуына мүмкіндік жасалуда.

Жамбыл ауданында мемлекеттен қайтарымсыз қаржы алып, кәсіп ашқан ерекше қажеттілігі бар іскер азаматтың бірі – Мәулен Мұхан. Ол былтыр мемлекет қолдауымен жүзеге асқан «Бастау бизнес» жобасына қатысып, арнайы оқыту курсынан өтіпті. Кәсіп бастауға ниетті азаматтарға арналған бағдарлама аясында бизнес жүргізудің қыр-сырын үйреніп, курсты толық аяқтағаны жөнінде қолына сертификат алған. Одан кейін өз жобасын комиссия алдында сәтті қорғап шыққан. Нәтижесінде жаз мезгілінде                1 миллион 572 мың теңге көлеміндегі мемлекеттік грантты ұтып алыпты. Қолына тиген қаржыға Аса ауылының орталығынан шағын шаштараз ашады. Алдымен жұмыс істейтін жайды жалға алып, кейін қайшы, тарақ, ұстара, шаш алатын машинка, шашкептіргіш, айна, орындық, клиенттердің күтуге арналған орындығы секілді керекті құрал-жабдықтар мен жиһаздарын түгендейді. Кәсібін бастауға қажеттінің барлығын қайтарымсыз қаржы есебінен сатып алыпты.

Біздің білуімізше, Аса ауылының орталық алаңы маңында кемі үш-төрт шаштараз бұрыннан бар болатын. Тегінде, кәсіп бастай салу оңай іс емес. Халыққа қызмет көрсету саласында, оның ішінде өзге шаш алатын мамандармен бәсекеге түсу, тұтынушылардың көңілінен шығу, ел көп жүретін жерден ғимарат жалдау айтқанға ғана оңай. Мұндайда табандылықпен қоса іскерлік те қажет. Біздің осы жолғы кейіпкеріміз мемлекет берген мүмкіндікті мүлт жібермей, аталған сынның барлығынан кезең-кезеңімен өтіп келеді. «Жұмыс жоқ» деп қарап отыратын еңбекке толықтай жарамды азаматтарға қарағанда мұндай іскер адамдар қашанда құрметтеуге лайық.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ