«Бір жұлдыз болып қалам мен!»
Өмір кейде адам баласына ауыр сынақ жүктейді. Бірақ сондай қиын-қыстау сәттерде сынаққа мойымай, өзінің болмысын шыңдап, табиғи талантының күшімен әлемге танылған жандар аз емес. Туабітті мүгедектігі бар болса да өнері мен ақыл-ойының арқасында қабілетін мойындатқан жандар қоғамға үлкен ой салады. Олардың тағдыры әлсіздік туралы түсінікті жоққа шығаратын ең мықты һәм рухты дәлел. Шектеу тәнде болғанымен, шексіздік рухта екенін олар өз өмірімен айғақтап келеді. Мұндай жандардың әрбір жетістігі қоғамды мейірім мен әділетке тәрбиелеп, биікке жетелейтін қуатты соқпақ.
Дәл солай табандылығымен танылған тұлғалардың бірі – Людвиг Ван Бетховен. Болашақ танымал музыкант Германияның Боннада деген шағын қаласында дүниеге келген. Бетховен есту қабілетінен біртіндеп айырылғанына қарамастан, әлемдік классиканың шыңына көтеріліп, адам рухының асқақтығын танытқан симфониялар жазды. Талантты музыканттың шығармаларының қай-қайсысы болмасын тағдырмен тайталасқан жанның ішкі айқайындай әсер қалдырады.
Жалпы Бетховен бала кезінен көптеген аурудан зардап шеккен. Есейе келе кереңдік, анорексия, сары ауру, бауыр циррозына шалдығады. 26 жасқа толғанда композитордың құлағында қабыну пайда болып, тек гуіл ғана еститін жағдайға жетеді. 27 жасында толықтай керең болып қалады.
Ноталарды есінде сақтау арқылы ойнап, музыканы қиялында шығарған Бетховеннің дүниені мойындатқан керемет туындылары осы шағында жарыққа шыққан. «Тоғызыншы симфония» атты танымал туындысы шыққаннан кейін Бетховен айтарлықтай табысқа кенеледі. Бір концертте Бетховен осы шығарманы орындап болған соң зал шулап, мақтау сөздерді айқайлап, тамаша қолдау көрсетеді. Бірақ бұл кезде толықтай керең болып қалған Бетховен оркестрге қарап, залды көрмеген еді. Сонда жүрегі елжіреген бір музыкант Бетховенді иығынан ұстап залға қаратады.
Тағы бір ерекше тағдыр иесі – Мехико маңындағы Койоакан қаласында дүниеге келген Фрида Кало де Ривера. Бала күнінен денсаулығы сыр беріп, ауыр жол апатынан кейін өмір бойы қиындық көрсе де Фрида өз жан күйзелісін бояу тілімен сөйлетті. Оның автопортреттері нәзік болмыс пен қайсар рухтың шежіресіне айналды. Фрида өнер арқылы өзінің ғана емес, барша әйел затының жан әлемін ашып көрсетті.
Фрида ХХ ғасырдағы ең ерекше әрі талантты суретшілердің бірі. Оның шеберлігі ең алдымен автопортреттерінде айқын көрінді. Фрида өз бейнесін қайта-қайта салу арқылы жан күйзелісін, дене азабын, махаббат пен жалғыздықты, ұлттық болмысты терең жеткізді. Ол «Мен өзімді саламын, өйткені мен өзімді бәрінен жақсы білемін» деген екен.

Талантты суретші негізінен реализм, символизм және сюрреализмге жақын бағытта жұмыс істеді. Алайда өзін сюрреалист деп атауға қарсы болған. Фриданың ең танымал еңбектерінің қатарында «The Two Fridas», «Self-Portrait with Thorn Necklace and Hummingbird», «The Broken Column» секілді туындылар бар. Бұл картиналарда суретші өзінің денсаулық азабын, ішкі қайшылығын ашық бейнеледі. Мәселен, «Сынған бағана» картинасында омыртқасының орнына жарылған тас бағана бейнеленіп, бүкіл денесі шегемен қадалған күйде көрсетіледі. Бұл – оның ауыр операциялар мен өмір бойғы ауруының көркем символы.
Ғылым әлемінде де тағдыр тауқыметін жеңген тұлғалар бар. Солардың алдыңғы қатарында Стивен Хокинг тұр. Қозғалу мүмкіндігінен айырған ауыр дертке қарамастан, ол ғаламның құпиясын зерттеп, қара құрдымдар туралы тың теориялар ұсынды. Оның ойы дене шектеуіне бағынбады, керісінше, бүкіл адамзаттың ой-өрісін кеңейтті. Хокинг ғылымды көпшілікке түсінікті етіп жеткізе білді.
Англияның Оксфорд қаласында дүниеге келген Стивен бала кезінен зерек әрі білімге құштар болды. Табиғаттың құпиясы оны ерте жастан қызықтырды. Мектепте математика мен физикаға ерекше бейімдік танытты. Кейін Кембридж университетінде білімін жалғастырды. 21 жасында оған ауыр диагноз қойылды. Дәрігерлер оның бойынан амиотрофиялық латералды склероз дерті барын анықтады. Бұл сырқат жүйке жасушаларын зақымдап, адамның қимыл-қозғалысын біртіндеп шектейді. Дәрігерлер оған небәрі бірнеше жыл ғана өмір сүреді деген болжам жасады. Алайда бұл болжам шындыққа айналмады.
Алғашқы кезде дерттің үдеуі жас ғалымға ауыр соққы болып, таяққа сүйеніп жүретін жағдайға жетті. Кейін мүгедектер арбасына таңылды. Уақыт өте келе сөйлеу қабілетінен де айырылды. Бірақ ойлау қабілеті мен ғылыми қызығушылығы еш әлсіреген жоқ. Хокинг ғылымнан қол үзуді ойламады. Керісінше, өмірінің қысқа болып, ештеңеге үлгермей қалудан қорыққандықтан батыл әрекеттерге барды. Ғарыш пен уақыт табиғатын зерттеуге ден қойды. Қара құрдымдардың физикасын терең талдады. Бұл құбылыс кейін «Хокинг сәулеленуі» деп аталды. Оның еңбектері космология ғылымына үлкен серпін берді. Ғаламның пайда болуы мен дамуы туралы батыл теориялар ұсынды. Уақыттың басталуы туралы ғылыми модельдер жасады. Ғалымның зерттеулері бүкіл әлем ғалымдарының назарын аударды. Ауыр дертке қарамастан, ол белсенді өмір сүрді. Сөйлеу қабілетін жоғалтқан соң, арнайы компьютерлік құрылғы арқылы қарым-қатынас жасады. Дауыстық синтезатор оның «үнін» әлемге танытты. Сол механикалық дауыс ғылым символына айналды.
Хокинг тек ғалым ғана емес, ғылымды насихаттаушы болды. Күрделі теорияларды қарапайым тілмен түсіндіруге тырысты. 1988 жылы жарық көрген «Уақыттың қысқаша тарихы» атты кітабы әлемдік бестселлерге айналды. Бұл еңбек миллиондаған оқырманға ғарыш туралы ой салды. Ғалым өмірдің мәні туралы да жиі ой толғады. Ол адамзаттың болашағына алаңдады. Ғарышты игеру қажеттігін айтты. Жас ұрпақты ғылымға қызығуға шақырды. Тағдыр оның денесін шектеді, бірақ ойын тұсаулай алмады. Мүгедектер арбасында отырып-ақ әлемдік ғылымның шыңына шықты. Табандылығы талай жанға үлгі болды. Хокинг өмірдің әр сәтін бағалауға үндеді. Тіпті отбасын құрып, әке атанды. Ғылыми конференцияларға қатысып, әлемнің түрлі елдерінде дәріс оқыды. Қоғамдық пікірталастарға белсене араласты. Оның өмірі ғылымға адалдықтың үлгісі болып қала береді.
Ал өмірге қол-аяқсыз келген Ник Вуйчич туралы білмейтін жан кем де кем шығар. Өз тағдырына мойынсұнған ол миллиондаған адамға жігер сыйлап келеді. Ник мотивациялық баяндамалары арқылы өмірдің қадірін ұғындырып, мүмкін еместей көрінген белестерді бағындыруға болатынын дәлелдеп жүр. Ник бұл күнде тек мотивациялық спикер ғана емес, адамдарға сенім мен үміт сыйлайтын шынайы шабыт иесіне айналды. Никтің ең үлкен таланты өзінің ерекшелігін пайдаланып, басқалардың өмірге деген сүйіспеншілігін оята алатын қабілеті.
Ник Вучич өз өмірін өзгелерге үлгі етуге арнады. Оның баяндамалары мен кітаптары әлемнің түрлі елдерінде миллиондаған адамдарға рухани күш берді. Ол физикалық шектеулердің адамға тосқауыл бола алмайтынын көрсетті. Никтің таланты – адамдарды шабыттандыруда, оларды өз арманына деген серпілісін оятуға ықпал етеді. Оның өмірі табандылықтың көрінісі.
Қазақ халқында да мүгедектігі бар бола тұра талантымен танылған жандар баршылық. Солардың бірі – Сыр өңірінің Шіркейлі ауылының тумасы Нұрмұхаммед Әбілқасымов. Ол өз шығармаларын аузымен қалам тістеп отырып ұялы телефонына жазады. Тағдыр оны қолынан шектесе де, айтар ойынан шектей алмады.
Нұрмұхаммед Қанатбекұлының бар ғұмыры сал ауруына қарсы күреспен өтсе де, ойын анық жеткізе алмайтын тіл кемістігі болса да, бар қалауын қаламына сыйдырды. Ол қимыл-қозғалыссыз, қауқарсыз қалса да, бар қуатын қаламының ұшынан төгіп отырды. Дәрігерлер: «Науқастың ми талшықтары семген. Оны қалпына келтіруге медицинаның мүмкіндігі жоқ», – депті.
Сөйтіп зерек баланың алғашқы жүрекжарды туындылары жарыққа шыққанда:
«Білімді құмарланып терең қаздым,
Түскендеймін түбіне кемел наздың.
Аяқ-қолым ырқыма көнбеген соң,
Аузыма ағаш тістеп өлең жаздым», – деп ішкі сырын ақтарған.
Қайсар ақынның өлеңдерінің көбі тағдыр мен тауқымет тақырыбына арналған. Оның алғашқы жинағы «Тағдырымның жанары» аталуы да осымен байланысты. Ағасының тілі күрмеліп сөйлегенде сөзін түсінетін қарындасы Жұлдыз ғана болса керек. Сондықтан да шахмат пен дойбыдан өткен жарыстарда жүріс бағытын ағасы қарындасына айтып отырады. Қарындасы тақтадағы тастарды қозғайды, міне, сол қарындасының көмегінің арқасында ақын ауданда чемпион атанған. Ол әлем картасын алдына жайып, қай мемлекеттің қай жерде орналасқанын астанасымен бірге, жалпы әлеуметтік, саяси жағдайымен қоса жатқа соғады. Қазақ тарихын таңды-таңға атырып әңгімелейді. Төрт түлік малдың түр-түсін, тұқымын түгендеуде ауыл шаруалары жолда қалады екен. Нұрмұхаммедтің өмірі Аралдан шыққан ақын Зейнолла Шүкіровтың тағдырына ұқсайды. Нұрмұхаммед мұны өз өлеңінде:
«Мұңайсам Мұқағали мұңын шалдым,
Өмірде Зейнолланың зілін алдым.
Алланың бұйыртқаны осы шығар,
Алмас қылыш өтпейтін тілін алдым...» – деп жеткізген.
Қаламының қарымымен танылған қос мүгедектің болмысын бір арнаға тоғыстырған ортақ дүние – қалам құдіреті. Зейнолла қос аяқтан айырылған. Ол сегіз жасында асay тайлақтан құлап, жұлынына зақым келіп, екі аяғын баса алмай қалған. Сөйтіп үшінші сыныпты да толық оқи алмай, үйде отырып қалады. Бірақ өз бетінше ізденіп, оқуын үзбейді. Ауыл кітапханасындағы әдебиеттің бәрін оқып тауысады.

«Менің достарым» атты алғашқы өлеңдер жинағы 1955 жылы жарыққа шыққан соң, «Теңіз жырлары», «Тоғысқан тағдырлар», «Арал дәптері» атты кітаптары да оқырманға жол тартқан. Ал «Неге, сәулем, шығарып сала алмадың» атты әннің сөзі мен әнін Зейнолла өзі жазған.
– Аспаның қандай, Арал, кең!
Күрсініп неге алам дем,
Бір нашар туған балаң ба ем?
Қияда биік сол мұрат,
Өзіңнен алып зор қуат,
Бір жұлдыз болып жанам мен,
Бір жұлдыз болып қалам мен! – деп тебіренген ақын, қазақ әдебиетінің аспанында жұлдыз болып әлі де жанып тұр.
Иә, бұл тұлғалардың өмір жолы тек жеке емес, бүкіл қоғамға ортақ жетістік сыйлайтын жемісті жеңіс. Олар біреудің аяғанын емес, қамқорлығын күтпеді, қайта өз жүрегінде жанған отты өзгеге ұсына білді. Олардың жетістігі адам рухының шексіздігін көрсетті, дәлелдеді. Қоғам мүмкіндігі шектеулі жандарды әлсіз деп қабылдауға бейім. Алайда олардың табандылығы мен еңбекқорлығы талай кедергіні бұзып өткеніне әлі күнге куә болып келеміз.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ