Қоғам

Дұрыс тәрбие бұрыс жолдан сақтайды

Экстремизм сөзі «шеттеу», яғни «орталықтан ауытқу, белгіленген жерден тыс кету» деген мағынаны білдіреді. Бұл ұғым қоғам ішіндегі жеке тұлғаның немесе топтардың жалпы тәртіпті мойындамауы, өзінің пікірімен ғана іс-әрекет жасауы сипатында көрініс табады.

Қазіргі таңда қоғамымызда Ислам дінінің атын жамылып, Алланың жіберген орта жолынан ауытқып жүргендер көптеп кездеседі. Олар кез келген жаңа істі дінге қайшылығы болмаса да бидғатқа балап, ананы «харам», мынаны «ширк» деп, жұрттың шырқын қашыруда. Эктремистік пікірлермен уланғандардың арасынан террористердің шыққанын да білеміз. Нәтижесінде терроризмнен тіксініп, лаңкесттіктен лоқсыдық. Соның кесірінен елімізде исламофобия, яғни Ислам діні мен оның құндылықтарына шекеден қараушылық пайда болғанын да жасыра алмаймыз.

Анығында Ислам – орта жол, ал мұсылмандар – сол орта жолды ұстанушылар. Алла Тағала Құранда бұл жайында: «Осылайша сендерді орташа үммет еттік», – деп («Бақара» сүресі, 143-аят), исі мұсылманды «орта жолды ұстану» сипатына назар аудартып отыр.

Демек Ислам – орта жолды ұстануға шақыратын дін. Ислам дінінде орта жолдан шетке ығысуға жол жоқ. Мұны біз Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) мына бір хадисінен көре аламыз.

Бірде Алла елшісінің үйіне үш кісі келеді. Олар Алланың елшісін үйінен таба алмай, сыртта тұрып Пайғамбардың жұбайларының біріне Алла елшісінің үйдегі амалы туралы сұрақ қояды. Оларға Пайғамбардың үйдегі жасайтын амалдары жайлы айтылғанда, бұл істерді азсынып: «Біздің жағдайымыз пайғамбардай емес қой, оның бұрынғы, әрі келешектегі күнәлары кешірілген», – дейді. Үшеудің бірі: «Мен өмірбақи түнімді құлшылықпен өткіземін, ұйықтамаймын», – дейді. Екіншісі: «Мен өмір бойы ораза ұстап өтемін», – десе, үшіншісі: «Мен әйел затымен оңаша қалмаймын, өмірімнің соңына дейін бойдақ болып өтемін», – дегенді айтады. Бұл жайттан хабардар болған Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әлгілерге барып: «Мұны айтқан сендер ме?» – деп сұрайды. Сосын оларға мынаны жеткізеді: «Алладан ең қатты қорқатын араларыңдағы тақуа жан менмін. Алайда солай бола тұра мен (нәпіл) ораза ұстаймын, аузымды ашып та жүремін. Түннің бір уағында ұйықтап та аламын. Әрі әйелдермен үйленемін. Міне осы – менің сүннетім. Кімде-кім менің сүннетімнен бас тартса, ол менен алыс» (Бұхари). Діни амалдарды атқаруда шектен шығып бара жатқан сахабаларына Пайғамбарымыз осылай ескерту жасаған болатын. Демек кез келген діни амалдың өз өлшемі бар.

Хақ Исламның орта жолынан шетке ығысып, көпшіліктен бөлініп, шала бүлінген азаматтардың дұрыс жолға түсуіне ел болып себепші болайық! Біле білсек, бұл – өте сауапты іс.

Қанат ӘДІЛХАНҰЛЫ,

«Байзақ баба» мешітінің имамы