Денсаулық

Оразаны жөнімен ұстаса, денсаулыққа зиян келмейді

Рамазан – мұсылман жұртшылығы үшін тек міндет қана емес, рухани тазару, нәпсіні тәрбиелеу, тәртіпке келу айы. Бұл кезеңде балиғат жасына толған, ақыл-есі дұрыс әрбір мұсылманға ораза ұстау парыз етілген.

Таң сәріден күн батқанға дейін ішіп-жеуден тыйылу – адамның сабыры мен төзімін сынайтын құлшылық. Дегенмен қазіргі медицина тұрғысынан қарағанда, ұзақ уақыт аш жүру мен су ішпеу ағзаға белгілі бір деңгейде әсер ететіні анық. Сондықтан оразаны сауатты әрі дұрыс ұйымдастыру – денсаулықты сақтаудың негізгі шарты.

Рамазан айындағы тамақтану мәдениеті, жиі жіберілетін қателіктер және ағзаны қалай дұрыс бейімдеу керектігі туралы диетолог-дәрігер Баян Баймұратовадан сұраған едік.

Маманның сөзінше, кофе мен қою шайды күрт тоқтату кей адамдарда «кофеиндік бас ауруын» тудыруы ықтимал. Сол себепті бұл әдеттен біртіндеп бас тартқан жөн.

Ұйқы тәртібі де аса маңызды рөл атқарады. Рамазан кезінде түнгі ұйқы бөлінетіні белгілі. Себебі таң атқанға дейін адам сәресіге тұруы керек. Егер ұйқы режимі алдын ала реттелмесе, ұйқы тапшылығы жиналып, күндізгі әлсіздік күшейеді. Дәрігер ертерек жатып, түнгі 6-7 сағаттық ұйқыны қамтамасыз етуге кеңес береді. Қажет болған жағдайда күндіз қысқа уақыттық демалыс та көмектеседі.

Созылмалы ауруы бар адамдар үшін ораза мәселесі ерекше жауапкершілікті талап етеді. Қант диабеті, гипертония, асқазан жарасы, гастрит, жүрек-қан тамырлары аурулары бар жандар міндетті түрде өз дәрігерімен кеңесуі тиіс. Кейбір жағдайларда дәрі-дәрмекті белгілі бір уақытта қабылдау қажет, ал оны бұзу асқынуға әкелуі мүмкін. Дінде де адам өміріне зиян келетін болса, ораза ұстамауға рұқсат берілген. Сондықтан денсаулыққа салғырт қарауға болмайды.

Сәресі – оразаның ең маңызды бөліктерінің бірі. Ол күндізгі уақыттағы қуаттың негізін қалайды. Кей адамдар таңертең тәбеті болмайтынын айтып, сәресіні ішпейді. Бұл – қате.

Сәресінде көмірсуларды шектеп, ақуыз бен пайдалы майларға басымдық берген жөн. Себебі қарапайым көмірсулар тез қорытылады да, адамды жылдам ашықтырады. Ал ақуыз бен май ұзақ уақыт тоқтық сезімін сақтайды. Жұмыртқа, жылқы еті, табиғи шұжықтың түрлері, сары май қосылған ботқа – сәресіге қолайлы тағамдар. Бірақ бұл жерде мөлшер аса маңызды. Артық тамақтану асқазанды ауырлатып, керісінше шөлді күшейтеді. «Күні бойы тоқ жүремін» деген түсінік дұрыс емес. Ағза бәрібір белгілі бір уақытта энергия сұрайды. Сондықтан сапалы әрі теңгерімді тамақтану қажет.

Ауызашар – тағы бір жауапты кезең. Күні бойы аш жүрген адам кешке мол дастарқанға тап болады. Дәл осы сәтте көпшілік қателік жібереді. Бірден ауыр, майлы, тәтті тағамдарды көп мөлшерде тұтыну қандағы қант деңгейін күрт көтереді. Бұл инсулин гормонының жедел бөлінуіне әкеледі. Нәтижесінде адам әлсіреп, ұйқысы келеді.

Көпшілікті мазалайтын мәселенің бірі – ауызашардан кейінгі ұйқышылдық. Оның себебі қарапайым көмірсуларды шамадан тыс тұтынумен байланысты. Ақ нан, тәтті бәліш, торт, кәмпиттер қандағы глюкозаны тез көтереді. Артынша оның деңгейі төмендеп, адам әлсірейді. Бұған жол бермеу үшін күрделі көмірсуларды, ақуызды және пайдалы майларды теңгерімді мөлшерде қолдану қажет.

Рамазан айында тағам таңдауға ерекше мән берген жөн. Майонез, кетчуп, фаст-фуд, қатты қуырылған ет, самса, чипсы, тұзды қияр, қақталған өнімдер ағзаны шөлдетіп, асқазанды ауырлатады. Қуырылған майдың құрамында канцерогендік заттар түзілуі мүмкін. Сондықтан майды қуыруға емес, дайын тағамға қосқан дұрыс. Газдалған тәтті сусындар мен энергетиктер де зиян. Олар шөлді баспайды, керісінше қант деңгейін ауытқытып, әлсіздікке әкеледі. Кофеиннің несеп айдайтын әсері бар, сондықтан оны шектеу керек. Тәулігіне 300 миллиграмнан асырмаған жөн.

Су ішу режимі – Рамазан кезіндегі ең маңызды мәселелердің бірі. Күні бойы су ішпеген ағза кешке суды қажет етеді. Бірақ суды бірден көп мөлшерде ішу асқазанға салмақ түсіреді. Сондықтан 1,5-2 литр суды ауызашар мен сәресі аралығында бөліп-бөліп ішу ұсынылады. Қияр, қызанақ, айран, қатық сияқты суға бай тағамдар да көмектеседі. Тым тұзды тағамдардан бас тарту арқылы шөлді азайтуға болады.

Қозғалыс пен спорт мәселесіне келсек, Рамазан кезінде ағзаны шамадан тыс жүктемеу керек. Қарқынды жаттығулар сусыздануға әкелуі мүмкін. Оның орнына жеңіл серуен, тыныс алу жаттығулары, йога, пилатес, созылу жаттығулары ұсынылады. Сәресінің алдында немесе ауызашардан кейін жеңіл қозғалыс жасау ағзаға пайдалы.

Дұрыс ұйымдастырылған ораза денсаулыққа зиян келтірмейді. Керісінше, тамақтану тәртібін қалыптастырып, ағзаны артық жүктемеден тазартады. Ең бастысы – мөлшермен тамақтанып, сапалы өнім таңдаған жөн, сонымен қатар жеткілікті мөлшерде су ішіп және ағзаның сигналдарын ескерген жөн. Сонда Рамазан айы рухани ғана емес, физикалық тұрғыдан да пайдалы әрі берекелі кезеңге айналады.

Айжан ӨЗБЕКОВА