Қоғам

Әлеуметтік алаяқтық абырой әпермейді

Қазіргі қоғамда мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік қолдауды көмек ретінде емес, жеңіл табыс көзі ретінде көретін әлеуметтік алаяқтық белең алып барады. Бұл мәселе әсіресе мемлекеттік гранттар мен субсидияларды мақсатсыз пайдалану, қайтарымсыз қаражатты иемденіп алып, нақты кәсіппен айналыспау сияқты заңсыз әрекеттерден айқын көрінеді.

Көптеген адамдар бизнес-жоспарды тек ақша алу үшін жасап, іс жүзінде ешқандай жұмыс орнын құрмайды немесе өндірісті іске қоспайды. Мұндай «қағаз жүзіндегі кәсіпкерлік» ел экономикасына да, адал еңбек етіп жатқан азаматтардың мүмкіндігіне де үлкен нұқсан келтіруде.

Сонымен қатар мемлекеттен жәрдемақы алу үшін жалған ажырасу, табысын жасыру және несиелік жауапкершіліктен әдейі қашу сияқты адамгершілікке жат әрекеттер жиілеп кетті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдаулары мен Ұлттық құрылтай отырыстарында бұл құбылыстың ұлттық қауіпсіздік пен қоғамдық моральға тікелей қауіп төндіретінін қатаң ескертумен келеді. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында бақылаусыз берілген жеңілдіктер мен жүйесіз әлеуметтік саясат орта жолдан пайда тапқысы келетін «жылпостардың» көбеюіне қолайлы жағдай жасағанын баса айтқан болатын.

Облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Руслан Қасымовтың айтуынша, жалған кәсіпкерлік арқылы мемлекеттік гранттар мен субсидияларды заңсыз иемдену – бұл мұқият жоспарланған, бірнеше кезеңнен тұратын алаяқтық процесс. Мұндай схемалардың негізінде «қағаз жүзіндегі» белсенділік пен цифрлық деректерді бұрмалау жатыр.

Мәселен, департамент мемлекет қаржысын жымқыруға бағытталған бірнеше күрделі қылмыстық схеманың жолын кескен. Жүргізілген тексеріс жұмыстарының нәтижесінде, әсіресе ауылшаруашылығы саласындағы заңсыздықтар айқын көрініс тапқан. Атап айтқанда, жауапты тұлғалар іс жүзінде жоқ мал басын электронды базаларға жалған тіркеу арқылы мемлекеттен миллиондаған теңге субсидияны заңсыз иемденіп келген. Бұл бағыттағы құқықбұзушылықтар тек ауылшаруашылығымен шектелмей, кәсіпкерлікті қолдауға арналған «Бастау бизнес» жобасын да айналып өтпеген. Онда жеңілдетілген грант алып, жаңа кәсіп ашуы тиіс азаматтардың бөлінген қаражатты мақсатты пайдаланбай, өздерінің жеке қажеттіліктеріне жұмсап жібергені анықталыпты.

Арам пиғылды жалған кәсіпкерлердің заңсыз әрекеттері адал азаматтардың сеніміне селкеу түсіріп, қоғамға кері әсерін тигізуі мүмкін екені даусыз. Алайда мұндай келеңсіздіктер мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шараларына кедергі болмақ емес. Бүгінде кәсібін дөңгелетпек болған жандарға арналған гранттық көмек пен субсидиялар ұсыну жұмыстары тоқтаусыз жалғасып келеді. «Грант алудың нақты талаптары қандай, биыл қанша тұрғын қаржылай қолдауға ие болды?» деген сауалдар төңірегінде нақты ақпарат алу мақсатында облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасына хабарласқан едік.

Басқарма өңірдегі шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында мемлекеттік гранттар беру жұмыстарын жүзеге асыруда. Бұл бастама Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 17 қыркүйектегі №754 қаулысымен бекітілген «Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері үшін мемлекеттік гранттар беру қағидаларына» сәйкес жүргізіледі.

Кәсіп бастауға ниетті тұрғындарға облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы тарапынан түрлі мемлекеттік бағдарламалар арқылы жүйелі қолдау көрсетіліп келеді. Осы ретте басқармаға қарасты «Еңбек мобильдігі орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Серік Әлібековпен тілдесіп, заң талаптарының сақталуы мен бөлінген қаржының мақсатты жұмсалуы туралы кеңінен білген едік. Оның айтуынша, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 30 маусымдағы №272 бұйрығы негізінде, 2025 жылы облыста жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыру үшін 1008 азаматқа жалпы сомасы 1 миллиард 585 миллион 382 мың 400 теңге көлемінде қайтарымсыз грант бөлу жоспарланыпты. Десе де екі азаматтың банк шоттарын «www.business.enbek.kz» порталына уақытылы енгізбеуіне байланысты қаржы аударылмай, нәтижесінде 1006 тұрғын мемлекеттік қолдауға ие болған екен.

Әлбетте, мемлекет тарапынан бөлініп жатқан әрбір тиынның қатаң қадағалауда екенін, гранттардың заң талаптарына сәйкес үлестіріліп жатқанын жоққа шығаруға болмас. Десе де дәл қазіргі уақытта жеке кәсіпкерлерге берілген кең мүмкіндіктердің көлеңкелі тұстары да алаң туғызуда. Шыны керек, бұл еркіндік кейбір тұстарда алаяқтықтың өршіп, көлеңкелі ақша айналымының көбеюіне, тіпті жалған жеке кәсіпкерлік арқылы әлеуметтік төлемдерді қолдан жасап, мемлекет қазынасын ортайтуға жол ашып отырғандай. Қайтарымсыз грантқа бөлінген қаржының нақты іс бастайтын иесіне емес, жалған «ИП-лардың» жетегінде кетуі – қоғамдағы үлкен дерттің бірі.

Ең бастысы, мұндай заңсыз әрекеттер халықтың алаяқтық жолмен масылдыққа бет бұруына ықпал етуде. Соңғы кездері халықтың масылдық психологияға бейімделіп бара жатқанын Мемлекет басшысы бірнеше рет дабыл қаға айтқанымен, бүгінгі жүйенің кейбір олқылықтары азаматтардың оңай жолмен табыс табуға құнығып, жалған аударымдар арқылы жәрдемақы алудан шімірікпеуіне сеп болып отыр. Масылдық психологияның артуына ықпал ететін мұндай «жасанды кәсіпкерлердің» қаптауы мемлекеттік басқару машинасының қателігі ме, әлде халықтың тоғышар пиғылы ма? Мұндайда кімді кінәлайтыныңды да білмей дал боласың. Дегенмен адал еңбектің қадірін қашырып, мемлекет сенімін теріс пайдаланған жалған жеке кәсіпкерлердің жолын кесетін кез әлдеқашан жеткен секілді.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ