Экономиканы әртараптандырудан ұтарымыз көп
Еліміз қарқынды дамуы үшін экономиканы әртараптандырудың маңызы зор. Бұл тұрғыда Үкімет тарапынан да жүйелі жұмыстар атқарылуда. Негізгі салалар бойынша индикаторлық көрсеткіштер белгіленіп, оның орындалуына баса назар аударылып отыр.
ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, жаңа инвестициялар елдің заманауи өнеркәсіптік негізін қалыптастыруға бағытталады.
Сонымен қатар ол экономикалық күрделілік индексі шеңберінде 2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан әлемнің 145 елі арасында 55-орынды иеленгенін жеткізді. Көршілес елдермен салыстырғанда, 2020–2024 жылдары Қазақстан қарқынды серпіліс жасап, 87-орыннан 55-орынға көтерілген.
Алға қойылған міндеттерді жүзеге асыру үшін бізге инвестициялар көлемін ұлғайту қажет. Ұлттық жоспардағы болжамдарға сәйкес инвестициялардың жалпы ішкі өңімге қатынасы қазіргі 14–15 пайыздан 2029 жылы 23 пайызға дейін ұлғаяды. Нәтижесінде 2029 жылы негізгі капиталға салынатын инвестициялар 2024 жылғы деңгеймен салыстырғанда 2,5 есеге артуға тиіс.
Көрсеткіштің 2029 жылға қарай 23 пайызға дейін кезең-кезеңімен өсуі қосымша 120 миллиард АҚШ доллары мөлшерінде қосымша инвестициялар тартуға мүмкіндік береді, осылайша, 2025–2029 жылдар аралығындағы жиынтық инвестициялар 400 миллиард долларға жетеді.
Бұл тұрғыда бірқатар перспективалы бағыттар айқындалған. Табиғи ресурстарды және агроөнеркәсіптік кешен өнімдерін қайта өңдеу салалары экономикаға әсерінің жоғары болуына байланысты басым бағыттар ретінде белгіленді. Олардың ішінде ең алдымен барлық негізгі түсті металдар, қара металлургия, сирек кездесетін металдар, химия өнеркәсібі, мұнай-химия, газ өндірісі, агроөнеркәсіп өнімдерін жоғары және орта деңгейде қайта өңдеу, фармацевтика өнеркәсібі бағыттарын атап өткен жөн.
Вице-премьер проактивті саясаттың мысалдары ретінде нақты екі кейсті келтірді. Мысалы, көмір химиясы саласында елімізде шикізат қоры мол. Көмір химиясындағы капиталды қажет ететін жобалар экспорттауға болатын аммиак, метанол, этанол, полипропилен және газ сияқты кең ауқымды тауарларды өндіруге мүмкіндік береді. Әлеуетті жобалардың бірі – Қарағанды облысында жылына 2 миллиард текше метр газ өндіретін, құны шамамен 2 миллиард АҚШ долларын құрайтын көмірден газ өндіру зауыты. Аталған жобаны қытайлық «Shandong Energy Group» компаниясы жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Бұл сегментте капиталды қажет ететін көптеген экспорттық жобаларды жүзеге асыруға болады.
Сонымен қатар қайта өңдеу мен әртараптандыруға елеулі серпін беруге инвестициялар көлемінің өсімін көрсетудегі тағы бір мысал – «Qarmet» кейсі. Компания алдағы үш жыл ішінде шамамен 3,5 миллиард долларға жобаларды жүзеге асырады. Инвестициялық бағдарлама нәтижесінде көмір өндіру көлемі 1,4 есеге, темір кені өндірісі 1,8 есеге ұлғая отырып, концентраттар өндірісі 1,7 есеге артып, сұрыптық өнім шығару көлемі 2,3 есеге өседі, сондай-ақ қуаты 4 миллион тонна болатын жаңа құйма-илек кешені іске қосылады.
Бұдан бөлек, жобалар тізбесі сұрыптық өнім түрлерін кеңейтуді, мырыштау қуаттарын арттыруды, металл бұйымдарын өндіруді, кокс-химия өндірісін жаңғыртуды, газ тазарту жүйелерін жетілдіруді, газ құбыры инфрақұрылымын салуды және энергия өндіру жобаларын қамтиды.
Оның айтуынша, азық-түлік бағыты агроөнеркәсіптік кешен мен азық-түлік қауіпсіздігінің негізгі сегменттерін қамтиды. Олардың қатарында ет, сүт, құс еті, астық, қант, жеміс-көкөніс және балық өнімдерін өндіру мен қайта өңдеу, жылыжай кешендерін дамыту, көкөніс сақтау инфрақұрылымы мен ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеу бар. Азық-түлікке жатпайтын сектор импорт үлесі жоғары тауарларды өндіруге бағытталған. Бұл – жеңіл өнеркәсіп өнімдері, құрылыс материалдары, тұрмыстық техника және тұрмыстық химия өндірісі. Бұл бастамалардың маңызды құрамдас бөлігі – ондаған миллиард доллар көлемінде ауқымды қаржыландыруды қамтамасыз ете алатын капиталдандырылған даму қаржы институттары.
2026 жылы «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингін 1 триллион теңгеге дейін капиталдандыру көзделген. Қорландыруды ескере отырып, экономиканың нақты секторы шамамен 8 триллион теңге көлемінде қолдау шараларымен қамтылады. Осылайша, «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымдары, 2030 жылға дейінгі кезеңде өнеркәсіп саласындағы перспективалы әрі несиеге қабілетті жобаларды шамамен 100-120 миллиард доллар сомасында қаржыландыруды қамтамасыз ете отырып, жоғары белсенділік танытатын болады.
Жеңіс НҰРЛЫБЕК