Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың жаңа моделі
Қазақстан агроөнеркәсіп кешенін дамытудың жаңа кезеңіне қадам басты. Мемлекет басшысының 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Жолдауында берген тапсырмасына сәйкес, Ауыл шаруашылығы министрлігі Үкімет атынан прогрессивті агроэкономика моделін енгізіп жатыр. Негізгі басымдық – цифрландыру, жасанды интеллект және өнімді терең өңдеу.
ТЕРЕҢ МОДЕРНИЗАЦИЯ ЖӘНЕ МАЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУ
Мұндай терең модернизация оны тұрақты, өнімді әрі бәсекеге қабілетті ету үшін бүкіл аграрлық секторды жүйелі түрде жаңартуды көздейді.
Үкімет бұл бағытпен тығыз байланыста Мал шаруашылығын дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған кешенді жоспарын мақұлдады. Ол мал басын арттыруға ғана емес, өнімділікті ұлғайтуға, сондай-ақ саланың экспорттық мүмкіндіктерін едәуір кеңейтуге мүмкіндік беретін сапалы өңдеуді жақсартуға бағытталған.
АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ТЕХНИКАСЫН ЖАҢАРТУ
Жаңғыртудың маңызды құралы – Президенттің ауыл шаруашылығы техникасы паркін жыл сайын 8-10 пайыз деңгейінде жаңарту жөніндегі тапсырмасын орындау. Бұл шаруашылықтарды технологиялық қайта жарақтандыруға және заманауи машиналарды пайдалану есебінен шығындарды азайтуға мүмкіндік береді.
НЕСИЕ ЖӘНЕ ҚАРЖЫЛЫҚ ҚОЛДАУ БАҒДАРЛАМАЛАРЫ
Аталған жоспарларды жүзеге асыру үшін жануарлардың барлық түрінен асыл тұқымды мал басын сатып алуға жылдық 6 пайызбен ұзақмерзімді жеңілдетілген несие беру бағдарламасы іске қосылады.
Сондай-ақ шаруашылықтардың айналым қаражатын қызмет түрлеріне шектеусіз толықтыру үшін жылдық 5 пайызбен жеңілдетілген несие беру бағдарламасы жұмысын бастайды.
ЖЕР МӘСЕЛЕСІНЕ ҚОЛДАУ
Жер мәселесіне ерекше назар аударылып жатыр: еркін жайылымдардың әлеуетін тиімді пайдалану үшін шалғайдағы мал шаруашылығын дамыту үшін 6 пайызбен бірыңғай несиелік өнім іске қосылады. Бұл құрал жерді суарудан бастап, жылжымалы вагондар мен басқа да қажетті шығындарды сатып алуға дейінгі инфрақұрылымды қаржыландыруға көмектеседі.
ӨҢІРЛІК ӘЛЕУМЕТТІК-КӘСІПКЕРЛІК КОРПОРАЦИЯЛАР АРҚЫЛЫ ҚОЛДАУ
Ауыл тұрғындарына қаржы ресурстары қолжетімдірек болу үшін өңірлік әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды белсенді түрде тарту жоспарланып отыр. Осы ретте барлық несиелеу бағдарламалары өсімдік шаруашылығында сәтті қолданылып жүрген тәжірибе негізінде «Даму» институтынан кепілдік жүйесі түрінде қолдау табады. Шаруалар өздерінің кепілдікке қоятын мүлкі жеткіліксіз болған жағдайда несие сомасының 85 пайызына дейін мемлекеттік кепілдік ала алады. Бұл шешім ауылдық жерлердегі мүлкі бұрын банктер тарапынан өтімді кепіл ретінде қабылданбаған шаруашылықтардың ресурстарға қол жеткізуіне мүмкіндік береді.
Қаржылық қолдаумен қатар ғылыми-тәжірибелік міндеттер де қатар шешімін тауып жатыр. Мысалы, қазіргі уақытта ірі қара малды эмбриондық жолмен көбейтуге арналған мамандандырылған зертхана ашу мәселесі пысықталуда.
Кешенді тәсіл ілеспе салаларды да қамтиды: шаруалар жүн мен тері өткізе алатын сервистік-дайындау орталықтарының жұмыс істеуі үшін қажет жағдайлар жасалып жатыр. Бұл мақсаттарға айналым капиталына жылдық 5 пайыз мөлшерлемемен қаражат бөлінеді. Сонымен қатар шикізатты зауыттарға үздіксіз жеткізуді қамтамасыз ету үшін қойма және көлік логистикасы мәселелері де шешіліп жатыр.
Техникалық жарақтандырумен қатар салаға жаңа кадрларды тарту және мал шаруашылығында еңбек ететіндер үшін лайықты әлеуметтік жағдайлар жасау шаралары да қарастырылған.
Бұл жұмыстардың нәтижесінде ірі қара мал басын 12 миллионға, ұсақ мал басын 28 миллионға дейін жеткізу, сондай-ақ ет экспорты көлемін екі есеге арттыру күтіледі.
Экспорттық әлеуетті кеңейту аясында негізгі бағыттардың бірі өнімді Halal жүйесі бойынша сертификаттау болмақ. Бұл Қазақстанның Парсы шығанағы елдері мен басқа да мұсылман мемлекеттеріндегі премиум нарықтардағы позициясын нығайту үшін қажет.
Айта кету керек, барлық жаңа бастама қол жеткізілген нәтижелерге негізделеді – соңғы жылдары аграрлық сектор тұрақты өсім көрсетіп келеді.
Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі қатарынан екінші жыл өсіп жатыр: 2025 жылы ол 5,9 пайызға артып, 9,8 триллион теңгеге жетті, ал бір жыл бұрын өсім 13,6 пайыз болып, көлемі 8,3 триллион теңгені құраған еді. Бұл өсім өсімдік шаруашылығы өндірісінің 7,8 пайызға және мал шаруашылығының 3,3 пайызға ұлғаюы есебінен қамтамасыз етілді.
Мұндай қарқынды өсім көп жағдайда бұрын-соңды болмаған көлемдегі жеңілдетілген қаржыландырудың арқасында мүмкін болды.
2025 жылы агроөнеркәсіп кешенін қолдауға 1 триллион теңгеге дейін қаржы бағытталды, бұл 2021 жылғы деңгейден 10 есе жоғары. Соның нәтижесінде шамамен 8,5 миллион гектар егіс алқабы мемлекеттік қолдаумен қамтылды.
Мемлекет басшысының 2025 жылғы 28 қаңтардағы тапсырмасына сәйкес, биыл жеңілдетілген қаржыландыру көлемін 1,5 триллион теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар қаржының тиімділігін арттыру үшін субсидияларды толық бақылау мен цифрландыру жүйесі енгізіліп жатыр.
Қаржыландыруды арттыру бойынша жүйелі жұмыс 2024 жылы министрлік мемлекеттік қолдау тәсілдерін қайта қараған кезде басталды.
Техника лизингі, маусымдық жұмыстарды қаржыландыру, өңдеу және мал шаруашылығы кәсіпорындарына көмек жылдық 5 пайыз мөлшерлемемен қолжетімді болды. Бұл тәжірибе жалғасып, өз жемісін беріп отыр: соңғы екі жылда елде 50 миллион тоннадан астам рекордтық астық жиналды.
ӨНІМ КӨЛЕМІНІҢ АРТУЫ
Басқа бағыттар бойынша да жоғары нәтижелер тіркелді: 1 миллион тоннадан астам бұршақ дақылдары жиналды, ал майлы дақылдардың өнімділігі бір жыл бұрынғы 3,3 миллион тоннадан 4,8 миллион тоннаға дейін өсті.
Бұған мемлекеттің уақтылы көмегі, соның ішінде 2024 жылдың қазан айында егісті ерте қаржыландыру бағдарламасын іске қосу, сондай-ақ заманауи агротехнологияларды жаппай енгізу көмектесті.
Бүгінгі таңда алынған өнім елдің ішкі қажеттіліктерін толығымен қамтып қана қоймай, экспорттың белсенді өсуіне жағдай жасап жатыр.
ШИКІЗАТТЫ ТЕРЕҢ ӨҢДЕУГЕ КӨШУ
Қазақстанның берік шикізаттық базасы және астық өндіруде айқын артық қоры бар, бұл шикізатты сол күйінде экспорттаудан оны терең өңдеуге көшуге толық мүмкіндік береді.
Елде 183 миллион гектар жайылым мен 27,2 миллион гектар егістік алқапты қоса алғанда, орасан зор жер ресурстары бар. Қазіргі уақытта 70-тен астам елге ауылшаруашылық өнімдерін жеткіземіз, олар әлем бойынша жетекші орынға ие: ұн экспорты бойынша әлемде екінші, күнбағыс майы бойынша сегізінші және дәнді дақылдар бойынша оныншы орында тұр.
Сыртқы нарықтардағы жетістіктерге ерекше назар аударылады: 2024-2025 маркетингтік жылы астық экспортының көлемі 13,4 миллион тоннаға жетті. Бұл соңғы 20 жылдағы ең жақсы нәтиже.
Жеткізу географиясы үнемі кеңейіп келеді: Иран, Әзербайжан және Қырғызстанға жөнелтілімдер жаңартылды, Мысыр, Марокко және Вьетнам нарықтары ашылды. Қазір Бельгия, Польша, Норвегия, Ұлыбритания және Португалия нарықтарына шығу жұмыстары жүргізілуде, сондай-ақ Парсы шығанағы елдерімен ынтымақтастық нығайтылып жатыр.
Экспорттық стратегияның жалғасы ел ішінде шикізатты терең өңдеуді дамыту болып саналады. Қазір 5 миллион тонна өңделген астықтың шамамен 510 мың тоннасы терең өңдеуге жұмсалады. 2025 жылдан бастап осы салада ауқымды инвестициялық жобалар жүзеге асады. Қазірдің өзінде крахмалдан биоэтанолға дейін.жоғары технологиялық өнімдер шығаратын үш кәсіпорын жұмыс істейді.
2028 жылға дейін жалпы инвестиция көлемі 2,6 миллиард болатын тағы бес ірі зауытты іске қосу жоспарланып отыр, бұл мыңдаған жұмыс орындарын ашуға және аминқышқылдары мен витаминдер шығару есебінен өнім желісін кеңейтуге мүмкіндік береді.
Осылайша, озық агроэкономикаға көшу Қазақстанда агроөнеркәсіп кешенін дамытудың түбегейлі жаңа моделін қалыптастырады, мұнда технология мен терең өңдеу басты назарда тұр.
Осы кешенді шараларды жүзеге асыру өндірістің тұрақты өсімін қамтамасыз етеді және өнімнің қосылған құнын арттырады. Бұл елдің әлемдік нарықтағы позициясын нығайтады және ауыл халқының өмір сүру деңгейін тікелей арттыра отырып, ауыл шаруашылығының ұзақмерзімді бәсекеге қабілеттілігі үшін сенімді негіз қалыптастырады.
Шыңғыс Мұқаев,
журналист