Ұлы ақын мұрасын дәріптеген көрме
Қазақ ұлттық сушаруашылығы және ирригация университеті ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай «Ұлы Абай мұрасы және қазіргі заманның сәулеттік үндестігі» тақырыбында республикалық суретшілер мен қолөнершілер көрмесін ұйымдастырды.
Көрменің ұйымдастырылуына университеттің «Сәулет» кафедрасының оқытушылары мен студенттері мұрындық болды. Өнер байқауына Астана, Алматы, Шымкент қалаларындағы жоғары оқу орындарының өкілдері мен облысымыздағы мектептер мен арнаулы оқу орындарының білім алушылары қатысып, өз еңбектерін таныстырды. Тақырып аясында әзірленген сан алуан жәдігерлер Марс Үркімбаев атындағы «Жастар сарайының» кең де жарық фойесіне жиналған қауымның назарына ұсынылды.
Айтулы шараның ашылу салтанатында университеттің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Асылбек Қасенов сөз алып, ауқымды көрменің негізгі мақсат-мүддесі мен басты идеясы жайында айтты.
Көрмеге қала жұртшылығы көптеп жиналды. Бастауыш сынып оқушыларынан бастап егде жастағы өнерсүйер жандар да келіп, қолөнер туындыларын тамашалады. Бәрі де жас шеберлердің жұмыстарын ықыласпен тамашалап, өзара ой бөлісіп, ерекше әсер қалдырған еңбектерді суретке түсіріп жатты.
Осындай шығармашылық шаралар жастарды тәрбиелеумен бірге маңызды ағартушылық әрі ғылыми танымдық міндет атқарады. Себебі мұнда классикалық және халықтық мәдениет бейнелерімен астасқан заманауи технологиямен дайындалған қолөнер бұйымдары да қонақтар назарына ұсынылды. Көрме өнер мен білімнің тоғысқан тұсын айқын сездіріп, жас буынның дүниетанымын кеңейте түсті.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ