Қоғам

Реформалардың мән-маңызы түсіндірілді

Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» атты Жалпыұлттық коалиция мүшелері – Тараз қалалық мәслихатының төрағасы Кенжебей Олжабай, Тараз қалалық мәслихатының депутаты Эльмира Абдинова, Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғарғы колледжінің оқытушысы Ақерке Абдрашева кітапхана ұжымымен мазмұнды кездесу өткізді.

Кездесудің басты мақсаты – елімізде жүргізіліп жатқан конституциялық реформалардың мәні мен маңызын түсіндіру, «Халықтық Конституция» бастамасының негізгі бағыттарын талқылау және азаматтардың ұсыныс-пікірлерін тыңдау болды.

Іс-шара барысында сөз алған Кенжебек Мамашбайұлы Конституция – мемлекеттің тірегі, қоғам тұрақтылығының кепілі екенін атап өтіп, қазіргі кезеңде әділетті қоғам қалыптастыру жолында құқықтық нормаларды жетілдірудің маңызы зор екенін айтты. Сондай-ақ реформалардың басты мақсаты – халықтың үніне құлақ асатын мемлекет қағидатын орнықтыру, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейту екенін жеткізді.

Ал Эльмира Елеусізқызы өз сөзінде жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту, мәслихаттардың өкілеттігін арттыру және қоғамдық бақылауды күшейту мәселелеріне тоқталды. Халық қалаулысының айтуынша, әділетті әрі прогрессивті Қазақстан құру үшін ашықтық, есеп берушілік және қоғаммен тұрақты диалог маңызды рөл атқарады.

Сол секілді Ақерке Қалдыбекқызы жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, Конституция нормаларын терең меңгеру және азаматтық белсенділікті дамыту бағытында білім беру ұйымдарының атқаратын қызметіне назар аударды.

Кездесу барысында кітапхана қызметкерлері өз ойларын ортаға салып, ұсыныстарын білдірді. Еркін пікір алмасу форматында өткен жиында конституциялық өзгерістердің қоғам өміріне ықпалы, әлеуметтік әділеттілік қағидаттарын нығайту, заң үстемдігін қамтамасыз ету мәселелері кеңінен талқыланды.

Іс-шара соңында қатысушылар мұндай мазмұнды кездесулердің қоғамдағы өзекті мәселелерді бірлесіп талқылауға, азаматтық белсенділікті арттыруға және ел дамуының стратегиялық бағыттарын айқындауға ықпал ететінін атап өтті.

А.ОРЫНБАСАРҚЫЗЫ