Орман алқаптары ұлғайып келеді
Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы өкілдерінің қатысуымен брифинг өтті. Жиында инспекция басшысының міндетін атқарушы Нұрғали Ниязқұлов пен Орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бөлімінің басшысы Дарына Айдарова баяндама жасады.
Спикерлер инспекцияның 2025 жылы атқарған жұмыстарының қорытындысын саралап, 2026 жылға арналған негізгі жұмыс жоспарларымен бөлісті.
Нұрғали Жұмаділұлының айтуынша, инспекция орман шаруашылығы саласында, жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану, сондай-ақ ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бойынша іске асыру және бақылау функцияларын жүзеге асырады.
Кешенді жоспарға сәйкес биыл жалпы көлемі 8 948 гектар алқапқа 16 086 мың дана орман екпелерін егу көзделген. Оның ішінде көктемгі ағаш отырғызу науқанында 3 198 гектар жерге 9 439 мың дана көшет егіледі деп күтілуде. Бұл жұмыстардың басым бөлігін сексеуіл құрайды. 2 598 гектарға 8 119 мың дана сексеуіл және 600 гектар алқапқа 1 320 мың дана қарағаш көшеті отырғызылады. Сонымен қатар, күз мезгілінде 5 750 гектар жерге сексеуіл тұқымын тікелей себу жұмыстары жүргізіледі.
Мұнан соң Орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бөлімінің басшысы Дарына Айдарова инспекцияның бақылау жұмыстарының қорытындысы туралы баяндады.
Айтуынша, былтыр жалпы саны 137 жоспарлы және жоспардан тыс тексеру жүргізіліпті. Оның ішінде негізгі үлес орман қорын қорғау мен күзетуге тиесілі болып, бұл бағытта 80 тексеріс орындалған, ал орман молықтыру жұмыстары бойынша 41 тексеру жүргізілген. Бұдан бөлек, 5 кешенді тексеріс, арыз-шағымдар негізінде 3 тексеріс және аңшылық шаруашылықтары бойынша 7 тексеру іс-шара орындалған. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына 5 ұсыныс жолданып, жіберілген кемшіліктер үшін лауазымды тұлғаларға 4 сөгіс пен 8 ескерту беріліпті.
Ақтоты БЕКЕНҚЫЗЫ