Саясат

Еңбек адамы – ел байлығы

Еңбек адамы – ел байлығы

Әлеуметтік әріптестік ынтымақтығы мен өзара үйлесудің жұмысында мемлекеттік атқару органдарының ықпалдастық қызметіне де құрметпен қарауға тиіспіз. Сондай-ақ әлеуметтік-еңбек қарым-қатынастарын бас келісімге сәйкес тиімді жүргізу, атап айтқанда еңбеккерлерге әлеуметтік қолдау көрсету, еңбек шарты мен ұжымдық шарттың қатаң сақталуына, еңбек қауіпсіздігі іс-шараларын ұдайы тиянақтай түсуіне, жалпы еңбек адамының лайықты тұрмыс сапасы мен жағдайын жасауға мүдделілік таныту өте маңызды міндет, әрі қажетті талап.

Құрамында 1 миллиион 640 мыңға жуық мүшесі бар «Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы» биылғы жылды «Әлеуметтік әріптестік жылы» деп жариялады. Бұл күндері Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы әлеуметтік әріптестіктің мүмкіндіктерін пайдалана отырып, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау, ең бастысы еңбек адамына ерекше қамқорлық жасау, олардың сапалы өміріне қолайлы әлеуметтік жағдай туғызу бағытында кешенді жұмыстар атқаруда. Дәл осындай жұмыстар біздің облыста да жүйелі түрде атқарылып келеді. Айталық, облыста әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссияның 5 отырысы өтті, оның төртеуіне облыс әкімі өзі төрағалық етті. Осы комиссия отырыстарында еңбек қатынастарын реттеу, жалақыны уақытылы төлеу, лайықты еңбек жағдайларын жасау, еңбек адамының құқығы мен мүддесін қорғау, еңбек қауіпсіздігінің, жұмыскерлердің әлеуметтік кепілдіктерінің сақталуы, облыстағы әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыру және өңірдегі жалақыны көтеру бойынша мәселелер жіті қаралады. Жақында кәсіподақтар орталығының ұйытқы болуымен өткен үшжақты комиссия отырысына облыс әкімі Нұржан Нұржігітов төрағалық етіп, онда облыстағы 1200 кәсіпорын 46 051 жұмыскердің жалақысын орта есеппен алғанда 27,1 пайызға көтергені айтылды. Сонымен қатар комиссия отырысында облыс әкімдігі, «Жамбыл облысы Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі және облыстың жұмыс берушілерінің өкілі арасындағы 2021-2023 жылдарға арналған келісімге оңтайлы өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Атап айтқанда, ол өзгерістер өңірде әлеуметтік-еңбек жанжалдарының және ереуілдердің алдын алу және оларды болдырмау жөніндегі іс-шаралар мәселесіне қатысты болып отыр. Мәселен, өндірістік жарақаттану деңгейін төмендету коэффициенті биылға – 0,18 болса, оны 2023 жылы 0,17 коэффициентке төмендету көзделуде. Негізінде, ең бастысы, жұмыс беруші қызметкерлерге жыл сайын бірінші тоқсаннан кешіктірмей Қазақстан Республикасының уәкілетті мемлекеттік органы өткен жыл үшін айқындаған инфляция деңгейінен төмен емес мөлшерде жалақыны индексациялау мәселелері үшжақты келісімге енгізілді. Біз еңбекті Қазақстан қоғамының негізгі құндылығы ретінде дәріптеу қажеттігін де арқау етеміз. Осыған байланысты кәсіподақтарға ерекше міндет жүктеледі. Сонымен қатар әділетті әлеуметтік мемлекет құру үшін кәсіподақ қызметінің нысандарын үнемі жетілдіріп, әлемде болып жатқан өзгерістерге орай тиімді іс-қимыл стратегиясын әзірлеу де қажет болып отырғанын айта кетуіміз керек. Бүгінгі кәсіподақ – Қазақстандағы азаматтық қоғамның басты белгісінің бірі. Сондықтан қай жерде болмасын жергілікті кәсіподақ ұйымдарының жұмысы айқын сезілуі тиіс. Әрдайым бірлік, кәсіби шеберлік және өз ісіне деген адалдық болған жерде жан сүйсінтерлік тірлік көрінеді. Өңірде 15 салалық, кәсіподақтардың 1300-ге жуық бастауыш ұйымында 123 мыңдай мүшесі бар екенін айтсақ, азаматтық қоғам институтының әлеуеті мен қауымдастық ықпалын аңғаруға болады. Бүгінде ҚР Кәсіподақтар федерациясының бастамасымен әр өңірде «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы ұйымдастырылуда. Аталған акцияның мақсаты – еңбек ұжымдарындағы көтерілген мәселелерді ашық жеткізе отырып, оларды шешу үшін оңтайлы шаралар қабылдау. Осындай бастауыш кәсіподақ ұйымдарымен кездесу бізде де жалғасып келеді. Қыркүйек айында 6 бастауыш ұйымда кездесулер өтіп, онда 500-ден астам адам қамтылды. Мұндай жұмыс орындарында өткен кездесулерде жұмысшылар еңбек қатынастары мен әлеуметтік мәселелер турасында өздерінің сұрақтарын қойып, жауаптарын алды. Жалпы кәсіподақ ұйымдары ұзақ жылдар бойы еңбек адамының құқығын қорғап, мүддесіне қызмет етудің бай тәжірибесін қалыптастырған. Кәсіподақтарға деген сенім еселей түсетін жұмыстар ең әуелі сол кәсіпорында, не сол мекемеде еңбек ететін адамның лайықты жалақы алып, әлеуметтік қорғаудың бар екенін айқын сезінуінен басталады. Айталық, жұмыс берушілер мен жұмыскерлер арасында тиімді еңбек қатынастарын құрудың басты құралы – ұжымдық шарт. Кәсіподақ ұйымдары құрылмаған кәсіпорындарда ұжымдық шарт жасалмайды, соның салдарынан жұмыскерлер өз құқықтарын қорғай алмайды. Біз дәл осы мәселеге шағын және орта бизнес өкілдері назар аударуы қажет деп санаймыз. Еңбек адамының құқы мен мүддесін қорғау, қауіпсіздігін сақтау мәселесінің өзекті екенін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Сол себепті барлық ұйымдар мен кәсіпорындарда ұжымдық шарттарды бекіту тетігін заңнамалық тұрғыдан тиянақтауды ұсынудамыз. Әлеуметтік әріптестік жөніндегі облыстық үшжақты комиссияда дәл осы көкейтесті мәселе талай мәрте қаралды. Өңірдегі кәсіпорындарда ұжымдық шарт жасау деңгейі 92,4 пайызды құрайды. Бұл көрсеткіш өзара түсіністік пен ұжымдық мәдениеттің өзіндік жемісі. Әлеуметтік еңбек дауларын болдырмау да кәсіподақтардың назарынан түскен емес. Ұжымдық шарт – еңбек ұжымындағы тұрақтылық негізі. Әрбір кәсіподақ мүшесі – ол еңбек адамы. Ол біздің жақынымыз, бауырымыз және жолдасымыз. Ол – отбасының тұтқасы, мықты тірегі. Ол – ел игілігін жасаушы, олар – рухтас асыл жандар. Ендеше алда тұрған белестерден білекке білек, жүрекке жүрек, тілекке тілек қоса білсек қана абыройлы өте аламыз. Қазақстан кәсіподақтарының төл мерекесі кезінде біз осы қоғамдық ұйымның қазақ жерінде бастау алған тарихына 117 жыл толып отырғанын айтсақ, әлбетте, өзінің саналы ғұмырын, білімі мен ерік-жігерін осы қоғамдық ұжымның қызметіне арнаған аға ұрпақ өкілдерін құрметпен атаймыз. Сондай-ақ ел тәуелсіздігі жылдары кәсіподақтардың түрлі белесті кезеңдерден шыңдалып, ширап, кәсіби шеберліктермен, бекем бірлікпен Отанымыздың өркендеуіне ерен үлес қосып, қолтаңбасын қалдырған әріптестерге де ілтипатымыз зор. Еңбеккерлер әулеті, бір кәсіпке, мамандыққа ұзақ жылдар бойы ұрпақтар жалғастығы мен сабақтастығы дәстүрге айналған отбасылар құндылығының өзі өнегелі мәртебе. Ал мұндай әулеттер мен отбасылар кеншілер мен мұғалімдер, дәрігерлер мен теміржолшылар сияқты атакәсібін берік ұстанғандар өндіріс орындарында жүздеп саналады. Себебі жалпы еңбек қоғамын қалыптастыру – дәулеті мол, игілігі орасан мемлекеттің қайнар көзі. Кәсіподақтар өз қызметінде еңбек адамы – қоғам байлығы құндылықтарын аса қадірлеп, еңбеккерлер мүддесіне, мемлекеттің абырой биігіне қызмет етуді басты парызы деп біледі. Бағлан ҚАРАШОЛАҚОВ, Жамбыл облысы кәсіподақтар орталығының төрағасы