Жамбыл жаңалықтары

Мойынқұмда өрт сөндіру бөлімшесі қайта жаңғырды

Мойынқұм ауданында 28 мыңға жуық ауыл тұрғынының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, күрделі жөндеуден өткен өрт сөндіру бөлімі салтанатты түрде ашылды.

Іс-шараға Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов, облыс әкімінің орынбасары Алтай Әлі және облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Арман Тоқанов қатысты.

Ведомство басшысы өрт сөндіру бөлімшелерін жаңғырту жұмыстары қызметкерлерге заманауи жағдай жасауға және халықтың қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталғанын атап өтті.

1987 жылы салынған бөлімше ғимараты шамамен 40 жыл өткен соң алғаш рет күрделі жөндеуден өтті. Ғимарат пен қызметтік үй-жайлар толық жаңартылып, инженерлік желілер мен тіршілікті қамтамасыз ету жүйелері заманауи қауіпсіздік талаптарына сәйкестендірілді.

Бөлімшеде газ-түтіннен қорғау қызметінің бекеті, оқу сыныбы, заманауи тұрмыстық бөлмелер, демалыс аймағы және техникаға арналған бокстар жабдықталған. Сонымен қатар жеке құрамның дене даярлығын шыңдауға арналған заманауи талаптарға сай Batyr team спортзалы қарастырылған.

Ашылу рәсімі аясында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлеріне жаңа өрт сөндіру-құтқару техникасының кілттері табысталды.

Айта кетейік, 2025 жылы бөлім қызметкерлері 43 өрт оқиғасына және 80 жану дерегіне жедел әрекет етіп, 10 адамды құтқарды. Қазіргі таңда бөлімде 22 қызметкер еңбек етуде.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі