Дала жұмыстарына дайындық қандай?
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысы қойған міндеттер ескеріле отырып, көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысы қаралды. Жиында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, сондай-ақ астық егетін негізгі облыстардың басшылары баяндама жасады.
Премьер-министр биылғы 10 ақпанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент берген тапсырмалар аясында аграрлық маусымды сапалы өткізу үшін барлық қажетті жағдайлар қамтамасыз етілгенін атап өтті.
Энергетика министрлігінің көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін дизель отынының шекті жеңілдікті бағасын уақытылы бекіту қажеттігі атап өтілді. Ведомствоға сондай-ақ Ауыл шаруашылығы министрлігі мен облыс әкімдіктерімен бірлесіп, арзандатылған отынның тиісті көлемде жеткізілуін қатаң бақылауға алу тапсырылды. Әкімдіктерге бір апта ішінде өңірлік операторлар туралы толық және өзекті мәліметтерді ұсыну жүктелді. Бөлінген жанар-жағармайдың талан-таражға түсуіне жол берген тұлғаларға қатысты құқық қорғау органдары барынша қатаң шаралар қабылдайтын болады. Ал мемлекеттік қолдау жауапкершілігі жоғары әрі жұмысына адал диқандарға ғана көрсетіледі.
Егіс алқаптарын әртараптандыру жұмысы биыл да жалғасады. Көбірек табыс әкелетін, әсіресе экспортқа шығатын және нарықта жоғары сұранысқа ие дақылдардың егіс алқаптарын кеңейтуге ерекше назар аударылады
Егін егу кезінде агротехнология талаптарын қатаң сақтап, тыңайтқыштарды уақытылы себу және өсімдіктерді зиянкестерден қорғау құралдарын қолдану қажет – бұл шаралар болашақ егіннің сапасы мен тиімділігін қамтамасыз етудің негізгі факторлары болмақ.
Биыл тыңайтқыштарды себу жоспары ғылыми негізі бар норманың 73 пайызынан астамын немесе 2,3 миллион тоннаны құрайды. Ауыл шаруашылығы және Өнеркәсіп министрліктері егіншілерді қажетті көлемде сапалы әрі қолжетімді тыңайтқыштармен қамтамасыз етуі тиіс. Бұл ретте өзіміздің отандық өндірістің тыңайтқыштарына басымдық беріледі.
Өзекті мәселенің бірі – ауылшаруашылығы техникасының әзірлігі. Бүгінде техникалардың дайындығы шамамен 80 пайызды құрайды. Жаппай егіс жұмыстары басталғанша бұл көрсеткішті 100 пайызға дейін жеткізу тапсырылды.
Әкімдіктер цифрлық технологияларды барынша пайдалана отырып, бөлінген қаражаттың мақсатты пайдаланылуына тұрақты бақылауды қамтамасыз етуі керек. Сондай-ақ озық ғылыми тәсілдерді қолдана отырып, шаруалардың құрғақшылыққа төзімді технологияларға көшуі бойынша жергілікті жерлерде түсіндіру жұмыстарын жалғастыруы қажет.
Отырыс қорытындысы бойынша Премьер-министр бірқатар тапсырма берді:
1. Несие алу үшін қажетті анықтамаларды қағаз түрінде тапсырмай, цифрлы нұсқаға көшу.
Премьер-министр Ауыл шаруашылығы министрлігіне Цифрлық даму министрлігімен және «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп, диқандарға тиімді әрі ашық мемлекеттік қолдау көрсету үшін жеңілдетілген несие берудің техникалық рәсімін оңайлатып, оны цифрлық форматқа ауыстыруды тапсырды.
2. Арзандатылған отынның жеткізілуін бақылау.
Энергетика және Ауыл шаруашылығы министрліктері мен облыс әкімдіктері арзандатылған отынның тиісті көлемде жеткізілуін қатаң бақылауға алсын. Әкімдіктер бір апта ішінде өңірлік операторлар туралы толық және өзекті мәліметтерді ұсынсын. Бөлінген жанар-жағармайдың талан-таражға түсуіне жол берген тұлғаларға қатысты құқық қорғау органдары барынша қатаң шаралар қабылдауы қажет.
3. Вегетациялық кезеңде егінге қажетті сумен үздіксіз қамтамасыз ету.
Диқандарды тамшылатып және жаңбырлатып суару жүйесіне көшуге ынталандырып, су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстарын күшейту керек. Солтүстік және шығыс өңірлердің әкімдіктері қар тоқтату және су қорын жинау шараларын жүргізуі қажет.
4. Ауа райының өзгеруіне жедел ден қою.
Экология министрлігіне егін егу мерзімдерін алдын ала жоспарлау және ауа райының өзгеруіне жедел ден қойып, шаруаларға метеорологиялық болжамдарды уақытылы беру туралы тапсырма берілді.
5. АӨК өнімінің көлемін ұлғайту бойынша индикаторларды орындау
Облыс әкімдіктеріне егін егу жұмыстарын жүргізу барысында агроөнеркәсіп кешенінің жалпы өнім көлемін екі есеге ұлғайту бойынша индикаторларға қол жеткізуді және орындауды қамтамасыз ету тапсырылды.
Жалпы үйлестіру Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге жүктелді.
Рrimeminister.kz