Жаңалықтар

Жамбыл облысында орындықтарын алып тастап адам тасыған автобус анықталды

Мерке–Шу–Бурылбайтал тас жолында қайта жабдықталған автобус анықталды, деп хабарлайды arainfo.kz

Мерке–Шу–Бурылбайтал автожолында полиция қызметкерлері Van Hool маркалы автобусты тоқтатты. Тексеру кезінде көліктің барлық орындықтары алынып, салон толықтай жатын орындарға қайта жабдықталғаны белгілі болды.

Мамандардың айтуынша, көлік құрылымына мұндай заңсыз өзгерістер енгізу жол-көлік оқиғасы болған жағдайда жолаушылардың өмірі мен денсаулығына айтарлықтай қауіп төндіреді. Жүргізуші тиісті рұқсатсыз қайта жабдықталған көлікті басқарғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Жалпы, жолаушылар тасымалы қауіпсіздігін арттыруға бағытталған үш күндік рейд барысында 457 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде мас күйінде көлік басқарған 3 жүргізуші жауапқа тартылды.

Сондай-ақ техникалық ақауы бар 11 автобус желіге шығарылғаны белгілі болды. Бұдан бөлек, рұқсатсыз жолаушы тасымалдаудың 14 дерегі, қоғамдық орындарда заңсыз такси қызметін ұсынудың 26 фактісі және жолаушылар мен жүк тасымалдау қағидаларын бұзудың 4 жағдайы тіркелді.

Жамбыл облысы Полиция департаменті жүргізушілерді заң талаптарын қатаң сақтауға және жолаушылар қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырды.