Жаңалықтар

Қазақстанда 700-ден астам жаңа бұлақ анықталды

Қазгидрогеология еліміз аумағындағы бұлақтарды түгендеу жұмыстарын жалғастырып жатыр, деп хабарлайды arainfo.kz

Алдын ала деректер бойынша, қазіргі таңда 711 әлеуетті бұлақ анықталған.

Мамандар қор және архив материалдарын зерделеу нәтижесінде 2 772 бұлақты қамтитын арнайы карта әзірлеген. Ведомство өкілдерінің айтуынша, бұлақтар су ресурстары тапшы кезеңдерде қосымша су көзі ретінде пайдаланылуы мүмкін.

Бүгінде Қазақстанда ауызсу, техникалық сумен жабдықтау, суару және өзге де қажеттіліктерге арналған жерасты суының 4 803 кен орны барланған. Мемлекеттік балансқа сәйкес, тәулігіне 43,2 млн текше метр көлеміндегі пайдалану қоры тіркелген. Алайда соның шамамен 1,5 млн текше метрі немесе 3,6 пайызы ғана игеріліп отыр.

Атап айтқанда, шаруашылық-ауызсуға арналған қор тәулігіне 21,2 млн текше метр. Өндірістік-техникалық қажеттіліктерге арналған қор тәулігіне 2,4 млн текше метр, ал суару мақсатында тәулігіне 19,6 млн текше метр қарастырылған.

Сонымен қатар елде жерасты суларына арналған мемлекеттік мониторинг желісі жұмыс істейді. Оның құрамына шамамен 4 мың бақылау ұңғымасы кіреді. Олар су деңгейін, температурасын және сапасын тұрақты бақылауға мүмкіндік береді.