Заң мен тәртіп - құқықтық мемлекеттің берік негізі
Құқықтық мемлекет ұғымы – заманауи демократиялық қоғамның іргелі қағидаттарының бірі. Оның өзегінде заң үстемдігі, адам құқықтарының қорғалуы, мемлекеттік биліктің бөлінуі және азаматтардың құқықтық мәдениеті жатыр. Осы тұрғыдан алғанда, заң мен тәртіп – мемлекеттің тұрақты дамуын қамтамасыз ететін, қоғамдық қатынастарды реттейтін және әділеттілік қағидатын жүзеге асыратын берік негіз.
Қоғамдағы тәртіп – құқық нормаларының іс жүзінде сақталуының көрсеткіші. Тәртіптің орнығуы тек жазалау шараларымен емес, ең алдымен құқықтық сана мен құқықтық мәдениеттің жоғары деңгейімен тікелей байланысты. Азаматтардың заңды құрметтеуі, өз құқықтары мен міндеттерін білуі, құқықтық жауапкершілікті сезінуі – қоғамдық тұрақтылықтың кепілі. Осы ретте құқықтық ағарту, профилактикалық жұмыс және ашықтық қағидаттарын сақтау ерекше маңызға ие.
Құқықтық мемлекетті қалыптастыруда сот билігінің рөлі айрықша. Тәуелсіз әрі бейтарап сот төрелігі заң үстемдігін қамтамасыз етудің негізгі тетігі болып табылады. Сот шешімдерінің заңдылығы мен негізділігі азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, мемлекеттік органдар қызметінің заң шеңберінде жүзеге асырылуына ықпал етеді. Әділ сот төрелігі – қоғамның мемлекетке деген сенімін арттыратын маңызды фактор.
Гаухар Киташова,
Жамбыл облысының мамандандырылған
ауданаралық экономикалық сот әкімшісінің басшысы