Ауа райын болжаудың жаңа кезеңі басталды
Қазақстанда метеорологиялық болжаудың жаңа кезеңі басталды. «Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорны еліміздің бүкіл аумағын қамтитын, кеңістіктік ажыратымдылығы 2 шақырым болатын заманауи сандық модельді іске қосты. Жоба әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің суперкомпьютерлік орталығы базасында жүзеге асты.
Жалпы жоба Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қолдауымен жүзеге асты. Орталық Азиядағы ең қуатты суперкомпьютер пайдалануға берілгеннен кейін министрлік бастамасымен Ұлттық гидрометеорологиялық қызмет пен университет арасында тығыз әріптестік орнады.
Қазір суперкомпьютерде WRF моделі күн сайын автоматты түрде іске қосылады. Нәтижесінде ел аумағы бойынша ауа температурасы, жауын-шашын мөлшері, желдің бағыты мен жылдамдығы, метеограммалар бойынша нақты болжамдар қалыптастырылады.
Суперкомпьютердегі есептеулер толық автоматтандырылған. Сонымен қатар модель нәтижелерінің сапасы мен дәлдігін арттыру үшін қосымша талдау жұмыстары да қатар жүргізіледі.
Жүзеге асқан жобаның басты мақсаты – елдің гидрометеорологиялық қауіпсіздігін нығайту және қауіпті табиғи құбылыстар туралы тұрғындарға ерте ескерту жүйесін жетілдіру. Бұл бастама ғылым мен өндірістің тиімді ықпалдастығын көрсетіп қана қоймай, алдағы уақыттағы ауа райының күрт өзгерістері жайлы ертерек білуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ мемлекеттік құрылым мен жетекші жоғары оқу орны арасындағы әріптестік метеорологиялық қызмет сапасын жаңа деңгейге көтеруге жол ашып отыр.
Мамандардың айтуынша, 2 шақырым ажыратымдылықтағы WRF моделін енгізу – Қазақстандағы метеорология саласын жаңғыртудың маңызды қадамы. Енді пайдаланушылар «Ауа райының сандық болжамы» бөлімінде модель есептеулерінің нәтижелері мен еліміздің барлық өңірі бойынша ауа райы болжамы карталарын қарай алады.
«AR-AI»-ақпарат