Қоғам

Бостондық неке басымызға бәле болмасын

Өткен жылы танымал режиссер Ақан Сатаевтың бұрынғы жары, актриса Назира Бақаеваның жеке өміріне қатысты мәселе қоғамда кеңінен талқыланды. Әлеуметтік желіде 32 жастағы әйелмен түскен суреттері мен бейнежазбалары тараған соң, жұртшылық түрлі пікір білдіріп, тіпті актрисаны жас қызбен «көңіл қосты» деп айыптағандар да табылды. Бірі қолдаса, бірі даттады. Алайда уақыт өте келе Назира Бақаева берген сұхбатында өзінен бірнеше жас кіші Дорис есімді бойжеткенмен бостондық некеде тұратынын туралы айтқан болатын.

Актрисаның сөзінше, дәстүрлі отбасылық өмірде жүрген жылдары ол өзінің шығармашылық болмысын екінші орынға ысырып, келін, ана, жар рөлдерінің аясында қалып қойғанын сезінген. «Мен бір кезеңде өзімді жоғалтып алдым. Актриса екенімді, өз арманым бар екенін ұмытып кеттім. Қиын сәтте маған тірек болған жан Дорис еді. Соның қолдауы арқылы қайтадан өзіме келіп, еңсемді тіктедім», — деген еді ол.

Бұл мәлімдемеден кейін қоғамда «бостондық неке» ұғымы қызу талқыға түсе бастады.

Бостондық неке (Boston marriage) – екі адамның, көбіне әйелдердің, ресми некеге тұрмай-ақ бір шаңырақ астында өмір сүріп, бір-біріне эмоциялық, тұрмыстық әрі кей жағдайда қаржылық тірек болуы. Мұндай одақ міндетті түрде романтикалық немесе жыныстық қатынасқа негізделмеуі мүмкін. Тарихи тұрғыдан алғанда, бұл құбылыс XIX ғасырда қалыптасқан. Сол кезеңде кейбір әйелдер тұрмысқа шықпай, өзара келісіммен бірге өмір сүріп, шаруашылықты ортақ жүргізген. Ер адамның қатысуынсыз өмір сүру ол уақытта батыл қадам саналып, әйелдердің тәуелсіздікке ұмтылысының бір көрінісі ретінде қабылданған.

Терминнің «бостондық» деп аталуы АҚШ-тың Бостон қаласымен байланыстырылады. Бір кездері бұл қалада әйелдер колледждері көп болған, білімді әрі экономикалық дербес әйелдердің саны артқан. Қоғамдық өмірге белсенді араласқан, өз еңбегімен күн көрген әйелдер бірлесіп тұруды таңдаған. Уақыт өте келе бұл тарихи құбылысқа «Boston marriage» деген атау беріліп, ғылыми әдебиеттерде сипаттала бастады.

Бүгінде аталған ұғымның мазмұны кеңейген. Әсіресе урбанизация күшейіп, экономикалық қысым артқан заманда адамдар жалғыз өмір сүруден гөрі тұрмысты бөлісуді тиімді деп санайды.

Қазақстанда да мұндай терминнің иелері кездеседі екен. Әлеуметтік желілерде тұрмысты, жалдау ақысын, бала күтімін бөлісетін серіктес іздейтін хабарландырулар жарияланып жатады.

Бұл қажеттілік көбіне жалғызбасты аналар немесе қалаға жұмыс іздеп келген әйелдер тарапынан туындайды. Тұрғын үй бағасының өсуі, коммуналдық шығындардың артуы, бала тәрбиесіне кететін қаражаттың көбеюі - бәрі бірігіп өмір сүруді кей жағдайда экономикалық тұрғыдан тиімді шешімге айналдырады деп ақтайды өздерін.

«Threads» әлеуметтік желісінде «Бостондық некеде тұрамын», «Бостондық некеге тұруға серік іздеймін» деген жазбалардан көз сүрінеді. Соның бірінде былай деп жазылған.

«Бостондық неке жұмыс істейді. Үш айдан бері мен бір әйелмен бостондық неке қағидасы бойынша бірге тұрып жатырмын.

Біз жұмыс кестелерімізді бір-бірімізге ыңғайлап реттедік, міндеттерді бөлістік, бюджетті (50/50 емес, әрқайсымыз — өз ақшамызды) ажыраттық, үй ішіндегі аумақтарды да бөліп алдық.

Қазір менде толықтай тыныш, өзара құрметке негізделген одақ бар: жеке шекаралар сақталады, келісімдер орындалады және толық қауіпсіздік сезіледі. Екеуіміз де жеке өмірімізді құруға, отбасы мен жұмыстан бөлек өз істерімізбен айналысуға мүмкіндік алып отырмыз. Бір ғана минус болып тұр. Ол адам жақында қоныс аударып кетеді. Маған оның орнына басқа әйел керек» делінген.

Психолог Мөлдір Сабербекова бостондық некені психология тұрғысынан бірнеше қырынан қарастыру керектігін айтады. Оның пікірінше, бұл – ең алдымен қауіпсіз байланыс формасы. «Екі әйел сенімге, эмоционалды жақындыққа, өзара қолдауға негізделген одақ құра алады. Мұндай қарым-қатынаста адам өзін қорғалған сезінеді. Бұл психологиялық қауіпсіздікке деген қажеттіліктің көрінісі», – дейді маман.

Сонымен қатар ол бостондық некені патриархалды неке моделіне балама ретінде бағалайды. «Көп жағдайда әйел адам дәстүрлі некеде қаржылық және әлеуметтік тәуелділікке тап болады. Ал мұндай форматта ол өзін еркін сезініп, жеке дамуына көбірек көңіл бөле алады. Еркіндік сезімі, өзін-өзі дамыту мүмкіндігі, тәуелділікке байланысты мазасыздықтың азаюы бұл одақтың оң қырлары», – дейді психолог.

Маманның айтуынша, мұндай байланыста терең эмоционалдық жақындық қалыптасуы мүмкін. «Бұл тек құрбылық емес, жоғары деңгейдегі эмпатия, түсіністік, қолдау. Қарым-қатынас платоникалық болуы да, романтикалық сипат алуы да мүмкін. Негізінде мұның астарында эмоционалдық жақындық жатады», –дейді ол.

Алайда психолог бұл құбылысты тек оң жағынан ғана қарастыруға болмайтынын ескертеді. «Бостондық неке кей жағдайда жылулықтың жетіспеушілігінен немесе дәстүрлі қатынастарда қажетті құндылықтарды көрмегеннен туындаған жаңа қарым-қатынас бағдарламасы болуы мүмкін. Егер адам өзінің «Менін» жоғалтып, тек «Бізге» сіңіп кетсе, бұл код тәуелділікке әкелуі ықтимал», – дейді Мөлдір Өнерқызы.

Оның пікірінше, қоғам тарапынан түсінбеушілік те психологиялық қысым тудыруы мүмкін. «Әлеуметтік қысым табиғи құбылыс. Қоғам түсінбеген нәрсеге қарсы реакция білдіреді. Сондықтан мұндай одақта өмір сүретін адамдардың ішкі тұрақтылығы мықты болуы керек», – дейді ол.

Психолог некенің мәніне де тоқталады. «Неке – ер бастауы мен әйел бастауының энергиясы бірігіп, ортақ кеңістік құруы. Бұл тұлғалық даму сатысынан өту, қабылдау, сенім білдіру, түсіну деңгейін меңгеру арқылы жүзеге асады. Ұрпақ өрбіту – өмір жалғастығының бір тетігі. Адамзаттың өмірге келгендегі басты мақсаты – өзін таныту, дамыту және көбейту. Осы жолда адаспау әркімнің өз қолында», –  дейді маман.

«Білім» кәсіби гуманитарлық-техникалық колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлзада Қырықбаева бұл құбылыстың атауы жаңа болғанымен, мазмұны бұрыннан бар екенін айтады. «Бұрын атауын білмесек те, мұндай жағдайлар кездескен. Жалғыз қалған, қолдау көрмеген, материалдық қиындыққа тап болған қыз-келіншектер бір-біріне тірек болып бірге тұрған. Олар үшін бастысы – тіршілік ету, балаларын жеткізу, өмірден өз орнын табу», –  дейді ол.

Ол ауыл өмірінен мысал келтіреді. Жалғыз қызын ұл сияқты етіп тәрбиелеген малшы әке дүниеден өткен соң, шаруашылықты қызы басқарған. Кейін ол жағдайы төмен үш балалы келіншекті көмекші етіп алып, бір шаңырақ астында ұзақ жыл бірге тұрған. Балаларын оқытып, тұрмысқа құруға көмектескен. «Қойшы қыз қайтыс болғанда әлгі әйел «әпкем-ау» деп жоқтап, жер қойнына тапсырды. Қазіргі терминмен айтсақ, бұл да – бостондық неке. Бірақ ол кезде ешкім бұлай атамады», –  дейді Гүлзада Қырықбаева.

Тараз қаласының тұрғыны Әлия да студенттік шағында бастан кешкен оқиғасын бөлісті. «І курс оқып жүргенде екі қызбен бірге пәтер жалдап тұрдым. Ауылдан қатынап оқу қиын еді. Басында бәрі қалыпты болды. Кейін олардың бір-біріне тым жақын екенін байқадым. Құшақтасып, аймаласатын. Маған бұл түсініксіз көрінді. Ауылдан шыққан қызбын, қабылдай алмадым. Сосын заттарымды жинап, кетіп қалдым. Олар өздерін жай ғана жақын дос ретінде түсіндірді. Қазір ойласам, бәлкім сол кезде бостондық неке деген ұғым бар екенін білмеген шығармыз», –  дейді ол.

Бостондық неке жайлы айтылғанда «интимдік қатынас міндетті емес» деген тұжырым жиі алға тартылады. Алайда дәл осы тұсы қоғам ішінде ең көп күмән туғызатын мәселе болып отыр. Өйткені бір шаңырақ астында ұзақ уақыт бірге өмір сүретін екі әйелдің қарым-қатынасы тек тұрмыстық серіктестік деңгейінде ғана қалады деу  көпшілікке сенімді естілмейді. Табиғи сұрақ туындайды, егер интимдік жақындық «міндетті емес» делінсе, онда оның болуы да жоққа шығарылмайды деген сөз емес пе?

Кей сарапшылар мұндай анықтамалардың өзі екіұшты екенін айтады. Себебі «платоникалық одақ» деген сипаттама берілгенімен, нақты шекара айқын көрсетілмейді. Бұл жерде мәселе тек құқықтық немесе тұрмыстық серіктестікте емес, табиғи болмыс пен дәстүрлі түсінікке қайшы келетін ықтимал қатынастарда болып отыр.

Сондықтан да «интим міндетті емес» деген тұжырым кейбіреулер үшін күмәнді көрінеді. Екі әйелдің арасындағы мұндай жақындық қалай сипатталуы керек? Ол шын мәнінде тек достық па, әлде басқа сипатқа ие болуы ықтимал ма? Қоғамды алаңдататын да – осы сауал. Әдемі терминдер мен заманауи түсіндірмелердің тасасында мәні бөлек құбылыс жасырынып тұр ма деген күдік те жоқ емес.

Сол себепті бұл тақырыпты ашық әрі байыпты талқылау қажет. Себебі мәселе тек жеке таңдауда емес, оның әлеуметтік және мәдени салдарында жатыр.

                                                           Айжан ӨЗБЕКОВА