Әкенің сөзі – тәртіп, ісі – өнеге
Әке – әрбір шаңырақтың тірегі, отбасының асқар тауы, баланың өмір жолындағы алғашқы бағыт беруші шамшырағы. Қазақ халқы ежелден әкенің орнын ерекше бағалап, оны парасат пен жауапкершіліктің, еңбек пен намыстың символы ретінде таныған. «Әке – асқар тау» деген нақыл сөздің астарында терең мағына жатыр. Асқар тау қандай биік әрі берік болса, әке де отбасының қорғаны, сүйеніші, тірегі бола біледі.
Бала үшін әке тек қамқоршы ғана емес, өмірлік ұстаз, үлгі-өнеге көрсетуші тұлға. Оның әрбір іс-әрекеті, айтқан сөзі, ұстанымы баланың болашақ болмысын қалыптастыруға ықпал етеді. Әке тәрбиесі арқылы ұл ер азаматқа тән мінезді бойына сіңірсе, қыз бала ер-азаматқа деген құрмет пен сенімді үйренеді. Сондықтан әкенің отбасыдағы рөлі тек материалдық қамсыздандырумен шектелмейді, ол – рухани тірек, тәрбие негізі.
Қай қоғамда болмасын, әке бейнесі жауапкершілікпен, батылдықпен және даналықпен астасып жатады. Уақыт өзгерсе де, заман жаңарса да, әкенің бала өміріндегі орны мен маңызы ешқашан төмендемейді. Осы орайда Тараз қаласындағы №42 орта мектепте «Әке – ұлттың тірегі, баланың жүрегі» атты әкелер құрылтайы өтіп, ұрпақ тәрбиесіне қатысты ұтымды ұсыныстар айтылды.
Маңызды басқосу Мемлекеттік Әнұранның орындалуымен ашылды. Жиында облыстық ардагерлер кеңесінің жанынан құрылған облыстық әкелер кеңесінің төрағасы Сәрсенбай Мыңбаев сөз сөйлеп, өмірлік тәжірибесімен бөлісті. Мемлекеттің өсіп-өркендеуі жолында отбасының беріктігі маңызды рөл атқаратынын, жас ұрпақты тәрбиелеуде әкелерге артылатын жауапкершілік жүгінің жеңіл еместігін тілге тиек етті.
Мектеп директоры Нұрбек Телтаев бұл басқосуды өткізудегі мақсат отбасы институтын нығайту, әкенің бала тәрбиесіндегі рөлін арттыру, ұлттық құндылықтар мен рухани-адамгершілік тәрбиені насихаттау идеясымен ұштасып жатқандығын алға тартты. Сонымен қатар, әкелердің қоғамдық өмірге белсенді қатысуына жағдай жасап, өскелең ұрпаққа үлгі боларлық жауапты әке бейнесін қалыптастыруға баса назар аударылғанын атап өтті.
Келесі кезекте сөз алған облыстық «AR-AI» жастар газетінің бас редакторы Тұрсынбек Сұлтанбеков жаңадан қолға алынған бастаманы қолдайтындығын тілге тиек етіп, жиынға қатысушы әкелерді мектеппен тығыз байланыс орнатуға, алдағы уақытта өтетін басқосулардан қалыс қалмауға шақырды. Мектеп–ата-ана–бала арасындағы қарым-қатынас жандана түссе сөзсіз оң нәтижесін беретіндігіне сенім білдірді.
Іс-шара барысында «Әке – бала өміріндегі басты тұлға» тақырыбында бейнеролик көрсетіліп, «Әке ретінде ең басты міндетіңіз не деп ойлайсыз?», «Қазіргі бала тәрбиесіндегі ең үлкен қиындық қандай?», «Балаңызбен қарым-қатынасты қалай нығайтасыз?» деген сұрақтар төңірегінде еркін пікірталас өрбіді. Қатысушылардың бірі «Бір әкенің тәрбиесін жүз мектепте бере алмайды», «Жақсы әке балаға қырық жыл азық болады» деп дана халқымыз бекер айтпаған. Қазақ халқы әкені – отбасының қорғаны, баланың бағыт-бағдарын айқындаушы деп таныған. Әкенің сөзі – тәртіп, ісі – өнеге. Әке баланың бойына адалдықты, еңбекқорлықты, отансүйгіштікті өз іс-әрекеті арқылы сіңіреді» десе, енді бірі «Бала тәрбиесі – жеңіл жұмыс емес, онда әкенің де, шешенің де қатысы теңдей болуы тиіс. Әсіресе, әкенің рөлі өте маңызды, өйткені, ол баласы үшін еліктеудің нағыз үлгісі және ең басты кеңес берушісі» деп ой сабақтады.
Сондай-ақ «Әкелер кеңесі» айдарымен ситуациялық жағдайларға байланысты ойын ойнатылды.
Басқосуда оқушылардың әкелеріне арнау оқуы да әсерлі шықты. Сонымен қатар спортта жетістікке жеткен оқушылар медальдарымен ортаға шығып, әкелерімен қатар барша қатысушылардың да мәртебесін көтеріп тастады. Биші қыздар да өз өнерлерін көрсетіп, «Жас сақшы» сыныбының оқушылары сап түзеп сахнаға шықты.
Іс-шара соңында марапаттау рәсіміне кезек беріліп, «Үлгілі әке», «Белсенді әке», «Өнерлі әке» аталымдары бойынша құрмет көрсетілді.
Сымбат ҚУАНЫШ