Әлеумет

Мүгедектігі бар жандар – мемлекет қамқорлығында

Облыста мүмкіндігі шектеулі азаматтарды әлеуметтік қолдау және оларды тұрақты жұмыспен қамту мәселесіне ерекше мән беріліп келеді. Мемлекеттік бағдарламалар аясында жұмыссыз отырған ерекше қажеттілігі бар жандарды еңбек нарығына тарту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда.

Жақында өңірдегі мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамтуға арналған 2-4 пайыздық квотаның сақталуын бақылау, олардың жұмыстан себепсіз босатылмауын қадағалау мақсатында «AMANAT» партиясы облыстық филиалы жанынан құрылған жұмысшы топ «Кедергісіз келешек» жобасы аясында Тараз қаласындағы бірқатар әлеуметтік нысанда зерделеу жұмыстарын жүргізді.

Топ өкілдері алдымен №2 қалалық емханаға барып, мүмкіндігі шектеулі жандардың ғимаратқа емін-еркін кіріп-шығуы үшін пандус жолдарына мониторинг жүргізді. Сондай-ақ арнайы аяқпен немесе таяқпен сезілетін тактильді рельефті бағыттаушы жолақтар, көзі көрмейтін (зағип) жандарға арналған оқу тақталары, ғимарат ішіндегі санитарлық-тұрмыстық орын және пандустағы дабыл түймесін тексеріп көрді.

Сондай-ақ бұл жұмыстар облыс орталығындағы «Әулие Ата» халықаралык әуежайы мен Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде де жалғасты. Облыстық мәслихаттың депутаты, «Шебер шаңырақ» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрайымы Анар Бексұлтанованың айтуынша, мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін еліміз кедергісіз аймаққа айналуға тиіс.

Жалпы өңірде өткен жылы 21 мекеме тарапынан мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған 24 бос жұмыс орны ұсынылған. «Еңбек мобильдігі орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің Тараз қаласы бойынша Мансап орталық филиалы жұмыс іздеушілерді қолдау секторының басшысы Ерлан Байұзақовтың айтуынша, бүгінгі таңда осы бос жұмыс орындарына 24 азамат 2-4 пайыздық квота талаптарына сәйкес тұрақты жұмысқа орналастырылыпты.

Сонымен қатар мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамту мақсатында арнайы жұмыс орындарын ашатын жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялау бағытында да нақты істер қолға алынған. Былтыр бағдарлама аясында 8 адамды жұмыспен қамту жоспарланғанымен, нәтижесінде 10 мүмкіндігі шектеулі азамат тұрақты жұмысқа орналастырылды.

Сымбат ҚУАНЫШ